Қатерлі ісік «жасарып» барады

Бүгінгі таңда елордада 3 мыңнан астам әйел сүт безі обырымен диспансерлік есепте тұр. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің «Көпсалалы медицина орталығы» ШЖҚ МКК №1 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, онколог-маммолог, хирург дәрігер Юрий Жуков айтып берді.
Астанада жалпы сырқаттанушылықтың 180,1-ден (2021 жылы) 180,6-ға (2022 жылы) дейін өсу үрдісі байқалады, бұл жалпы ауруды алдын ала анықтау, тұрақты түрде скрининг жүргізумен және жалпы өлім-жітімнің 71,1-ден (2021 жылы) 67,0-ге (2022 жылы) дейін төмендеуімен байланысты.
– 2007 жылдан бастап Астана қаласы бойынша сырқаттанушылық құрылымында сүт безі обыры 1-орында тұр. Былтыр 401 сырқат жағдайы тіркелген, бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 30,3 құрады (2021 жылы 100 мың адамға шаққанда 344/28,4), скринингті енгізуге байланысты сырқат белгілерін уақытынан ерте анықтау 6,6%-ға артты. 2021 жылмен салыстырғанда 100 мың тұрғынға шаққанда 6,7-ден 6,2-ге дейін өлім-жітімнің 7,5%-ға төмендеуі байқалады, аурудың 1-2-сатысының ерте диагностикасы жақсарды және 90,2% – (2021 жылы – 87,0%) 3,7%-ға жоғары көрсеткішті құрады. Бүгінгі таңда 3 мыңнан астам әйел сүт безі обыры бар диспансерлік есепте тұрады, – деді Ю.Жуков.
Онколог-маммолог маманның айтуынша, қатерлі дертке шалдығатындар қатары «жасарып» келеді. Жағдайдың 50-60%-ы 40-60 жас аралығындағы науқастар арасында тіркелген. Алайда қатерлі ісік 20-30 жастағы науқастарда да кездеседі.
– Қатерлі ісіктің туындауына төмендегі жағдайлар себеп болады. Алдымен тұқым қуалаушылық. Нақтырақ айтсақ, жақын туыстарында, әсіресе жас кезінде сүт безі қатерлі ісігі анықталған жағдайда қауіп 3-5 есе жоғары. Физикалық жарақаттар, яғни жарақат алған кезде сүт безінің ауруына шалдығу пайызы 4 пайыздан 44 пайызға дейін артады. Дұрыс тамақтанбау, жануар майын шамадан тыс тұтыну, жоғары калориялы тағамдар, А, Е, С, Д дәрумендерінің жетіспеушілігі де қатерлі ісікті тудыруы мүмкін, – деді дәрігер.
Дәрігер қатерлі ісікке уайым-қайғы да үлкен себеп болатынын атап өтті.