Қатерлі ісікті ерте анықтау – өмірді сақтау кілті

4 ақпанда бүкіл әлемде Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні атап өтіледі. Осыған орай Астанадағы Ұлттық онкология ғылыми орталығында журналистер мен олардың отбасыларына арналған Ашық есік күні, сондай-ақ онкологиялық аурулардың алдын алу, ерте диагностикалау және емдеу мәселелеріне арналған баспасөз брифингі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Брифинг барысында сарапшылар онкологиялық аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеудің негізгі мәселелерін талқылады. Онкологиялық ауруларды ерте анықтаудың маңыздылығына, ҰҒОО-да ұсынылған диагностика мен емдеудің бірегей инновациялық әдістеріне ерекше назар аударылды. Негізгі спикерлер арасында ҰҒОО Басқарма төрағасы Ж. Бүркітбаев, онкологиялық қызметтің жетекші сарапшылары және ДДҰ елдік кеңсесінің өкілдері сөз сөйледі.
-Қатерлі ісік – адамзат алдында тұрған ең ауыр аурулардың бірі. Онкологиялық аурулармен күресу кез келген елдің денсаулық сақтау саласындағы басым міндеттерінің бірі болып қала береді. Алдын ала статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстанда онкологиялық аурулардың өсуі байқалады, яғни 2024 жылы есепте 231 мыңнан астам онкологиялық пациент болды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6% артық. Онкологиялық науқастардың саны алғаш рет анықталған жағдайлардың (шамамен 40 мың) және осы диагнозбен бірнеше жыл өмір сүретін пациенттердің есебінен жыл сайын артып келеді, яғни олардың жалпы өмір сүру деңгейі артады, – деді басқарма төрағасы.
Мамандардың айтуынша, елдегі ең көп таралған қатерлі ісіктерге – сүт безі қатерлі ісігі, тоқ шек қатерлі ісік, өкпе обыры, асқазан қатерлі ісігі жатады. Өлім-жітім бойынша өкпе обыры бірінші орында, одан кейін асқазан обыры, тоқ шек қатерлі ісігі және сүт безі қатерлі ісігі тұр. Бұл ретте соңғы жылдары онкопатологиядан болатын өлім-жітім төмендеу үрдісіне ие. Егер 2014 жылы қатерлі ісіктен 15 мыңнан астам адам қайтыс болса, бүгінде бұл көрсеткіш 12 мың қазақстандыққа дейін төмендеді.
ДДҰ мәліметі бойынша, салауатты өмір салтын ұстану арқылы қатерлі ісік ауруларының шамамен үштен бірін болдырмауға болады, яғни бұл дегеніміз – темекі шекпеу, алкогольден бас тарту, дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану және тұрақты медициналық тексеруден өту. Алайда, көптеген адамдар қауіп факторлары туралы білмейді немесе олардың денсаулыққа әсерін бағаламайды.
Сарапшылардың пікірінше, ерте диагноз қою – өмірді сақтаудың кілті. Негізгі проблемалардың бірі онкологиялық ауруларды кеш анықтау болып қала береді. Көптеген қатерлі ісіктер ерте сатысында сәтті емделеді, бірақ уақтылы диагноз қойылмағандықтан, пациенттер жиі медициналық көмекке тым кеш жүгінеді. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар онкологиялық аурулардың даму қаупі және оларды емдеудің заманауи мүмкіндіктері туралы халықты белсенді ақпараттандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ пациенттерді қолдау бойынша жаңа бастамалар мен бағдарламалар ұсынылды.
Ашық есік күні аясында журналистер мен олардың туыстары ҰҒОО онколог дәрігерлерінің тексеруінен және диагностикалық тексерулерден өтті.