Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына барды
Астана қалалық мәслихатының депутаттары қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және кәдеге жарату тарифтері бойынша кеңеске дайындық барысында елордадағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына барды. Онда депутаттар қалдықтарды өңдеуші кәсіпорынның қызметімен танысып, қалдықтар орналасқан ұяшықты көрді және полигон басшылығымен сөйлесті.
– Бұл мәселе – өткен жылдан бері күн тәртібімізде, назар аударуға тұрарлық жайттар көп. Тарифті көтеру мәселесін реттеу мақсатында жұмыс топтары құрылды, олардың құрамына мәслихаттың тұрақты комиссияларының әрқайсысынан екі өкілден кірді. Мен де бюджеттік комитетке кірдім, себебі бұл мәселе біздің қала тұрғындары үшін өте маңызды және бұл мәселені жан-жақтан қарастыру керек деп есептеймін. Одан кейін «Аманат» партиясындағы әріптестермен бірге «Көктал-1» тұрғын үй кешеніндегі ауданы 50 мың шаршы метрді құрайтын заманауи Перинаталды орталықтың құрылысын көрдік. Мердігер Mabetex Group компаниясы жобаны 2026 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Бұдан соң Қосшығұлұлы көшесіндегі жаңадан салынып жатқан №106 мектептің құрылыс жұмысына баға бердік. Бұл – ауданымызда «Көктал-1» және «Көктал-2» тұрғын алаптарында салынған екі жайлы мектептің бірі.
Перинаталдық орталықтың құрылысы әлі жүріп жатқанда, №106 мектеп 2024 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берілді. Бүгін мұнда 3500 студент екі ауысымда білім алуда, оқытушылар құрамы – 200 адам. Мектеп ғимаратын аралап көріп, сыныптардағы заманауи техникалық жабдықтарға риза болдық. Білім алуға қолайлы жағдай жасалған, – деп жазды өзінің әлеуметтік парақшасында депутат Кендебай Адамбек.
Депутаттардың айтуынша, қала бойынша тәулігіне 1200 тонна қоқыс шығарылады. Оның 680 тоннасы осы полигонға жеткізіледі. Қалған бөлігі Қоянды мен Қабанбай батыр ауылдарындағы басқа полигондарға жөнелтіледі.
– Бізді алаңдатқан негізгі мәселе – сұрыптау деңгейінің төмендігі. Қоқыс полигонына түскен 680 тонна тұрмыстық қалдықтардың тек 3%-ы ғана сұрыпталады. Қайта өңдеуге жарамды қалдықтар (пластик, қағаз-картон, шыны, металл және аралас қаптамалар) өңделіп, қайта пайдаланылады. Ал 97%-ы арнайы ұяшықтарға көмілуде. Қоқыс сұрыптаушы мамандардың айтуынша, егер қалада қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілсе, бұл көрсеткішті едәуір арттыруға болар еді.
Полигонның жобалық сыйымдылығы – 2 млн тонна. Қазіргі таңда оның 99%-ы толған. Қосымша 200 мың тонна қалдық қабылдау мүмкіндігі бар, алайда бұл орын 2025 жылдың шілде айына дейін ғана жетеді, – дейді бұл туралы депутат Мадина Әжкенова.