Құқық

Қатыбас

Мұрағатта сақталған көнерген іс материалдарын парақтай отырып, мына бір жайға назарымыз айырықша ауды. 1992 жылдың күзінде Ақмола қаласында 20 жасар өндірдей жігіт өзінің туған әкесін пышақтап өлтірген. Сұмдық оқиға. Өмірді жаңа ғана бастап жатқан жап-жас жігітті осындай ауыр қылмыс жасау­ға не итермеледі? Осыншама қатыгездік оның бойына қайдан келді? Бәрін басынан баяндайық.

[smartslider3 slider=2724]

Суысу

Равиль Утеулин мен Анжела арасындағы махаббатты құрбылары әлі күнге естерінен шығармай айтып жүреді. Екеуі мектеп бітіретін жылы талай бозбала мен бойжеткеннің арманы болардай ғашықтық сезімге бөленіп, киноға да, би кештеріне де қол ұстасып бірге баратын. Сол кезде екі жыл әскер қатарына кеткен жігітін күтіп алған қызға бірге жүрген достары сүйсініп еді.

Бұл туралы Анжела өзінің тергеушіге берген түсініктемесінде былай дейді: «Біз Равиль екеуміз бір-бірімізді өте жақсы көрдік. Бір-бірімізсіз өмір сүре алмайтындай дәрежеге жеттік. Сосын болса керек Отан алдындағы борышын өтеп келген бойда ол маған «үйленейік, бір шаңырақтың астында бірге тұрайық» деп жүрегін ұсынды. Мен өзім ұнатқан адамға еш қарсылық білдіре алмадым. Көп кешікпей біз отау құрдық. Бақытты едік. Ол осындағы зауытта жұмыс істеді. Мен медицина училищесін бітіріп, қаладағы бір емханада медбикелік қызметке орналастым. Тірлігіміз ел қатарлы қалыпты өтіп жатты.

Тұңғышымыз – Эльдар дүниеге келді. Артынан бір жылдан кейін Эльвира, екі жылдан кейін Рафхат өмір есігін ашты. Күн артынан күн, ай артынан ай жетіп, өмір зымырап өтіп жатты.

Равиль шылым шекпейтін, ішімдік ішпейтін. Тұрмысымыз да жақсы болды. Өзіміздің екі бөлмелі пәтеріміз болды. Ата-анамыз да барынша қолдан келген көмектерін аяған жоқ. Жекеменшік жеңіл көлік те сатып алдық. Ол осы көлігімен жұмыстан қолы босағанда тиын-тебен табатын. Басында мен оны қолдадым. Өйткені сенбі, жексенбі күндері адам тасып, кәдімгідей ақша әкеліп жүрді. Сол қосымша ақша біраз жыртығымызға жамау болып еді. Балалардың қосымша ақылы үйірмелері, келімді-кетімді қонақтарымыз бар дегендей, осының барлығын сол Равиль машинамен табатын қосымша ақшамен атқарып жүрдік.

Келе-келе ол «аудандарға, басқа қалаларға клиенттерді апарып келдім» деп үйге қонбайтынды шығарды… Арада бір жылға жуық уақыт өткенде күйеуімнің суыт жүрісі тіпті көбейіп кетті. Бұрынғыдай үйге ақша да әкелмейтін болды. Жүз сылтау, мың себеп айтып, үйге келуді қойды. Әр нәрсенің шегі болады ғой. Оның үстіне өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам дегендей бар шындық бір күні ашылды. Өзінен мүшел жас кіші бір келіншекпен көңілдес екендігі анықталды. Тіпті ашынасының бұдан аяғы ауыр екені де белгілі болды. Отбасынан береке кетті. Күнде айқай-шу.

Менің жүйкем жұқара бастады. Балалардың да мазасы кетті. Ол кезде үлкенім Эльдар 11 жаста еді. Ол көп нәрсені түсініп қалды. Әкесін сондай жақсы көретін. Жүрегі қатты ауырды. Күнде жылап ұйықтай алмай жүрді. Өйткені әкесі киім-кешегі мен керек заттарын алды да бір күнде ашынасының үйіне көшіп алды.

Мен сол екі бөлмелі үйде үш баламен қалып қойдым. Бір тәуба еткенім, ол пәтерді бізге қалдырды. Сөйтіп, заңды түрде айырылыстық. Әкесі кетіп қалғасын үлкен ұлым Равильдің мінезі мүлде өзгеріп кетті. Көбіне сабаққа бармайтынды шығарды. Шарт етпе басынан сөз асырмайтын ашуланшақ, ызақор болып өсіп келе жатты. Мен басында «әкесінің кетіп қалғанына намыстанатын шығар, бара-бара қояр» деп онша мән бермей жүрдім. Бірақ балам тұйықтала берді. Үйге келсе, тамағын ішеді де, еш тіл қатпастан бөлмесіне кіріп кетеді. 9 сыныптан әрі қарай оқығысы келмеді. Кәсіптік техникалық училищеге түсті. Оны да маңдатпады. 2-курста жаппай төбелеске қатысып, суық қару қолданғаны үшін үш жылға сотталып кетті…

Өштесу

Темір тордың ар жағынан оралғанда Эльдар Утеулиннің өмірге көзқарасы басқаша өзгерді. Бұрын да артық-ауыс сөзді көтермейтін еді, енді тіпті қасындағы адамдардың қаттырақ күлгені де жүйкесіне тиетіндей болды.

Баласының үйге аман-есен келгеніне анасы қуанғанымен, баласының жүзі жадырамады, томаға-тұйық жүрді. Базарда ұсақ-түйек заттарды сатумен айналысып, күнделікті шай-суын айырып жүргенімен, үйі­не, іні-қарындасына көк тиын пайдасы болған жоқ.

Он алты жасқа енді ғана толған інісіне әкесі алимент төлеуі керек болатын. Жарты жылдан бері ол да төленбепті.

«Неге төлемейді?» деген сауа­лына анасы: «жұмыс істемейді, соттың шешімі шыққанымен, тұрақты табысы болмағандықтан, алиментті өндіріп ала алмай отырмыз» деп жауап берді.

– Мен оған қалайда алимент төлеттіремін! Төлемесе, жазасын беремін. Соның кесірінен менің өмірім бұзылды. Сен қаншама зардап шектің? Оның бірін де мен ұмытқан жоқпын. Бәрі көкірегімде қыз-қыз қайнап жатыр. Ол бізді бір әйелге бола сатып кетті. Сатқын. Әйелі мен балаларын бір шүйкебасқа айырбастай салған адамды қалай жазаласа да бола береді деп үстелді қайта-қайта ұрып күйінді.

Анасы сабырға шақырғанымен, тар қапаста өмірдің ыстық-суығын бірдей татып жүйкесі жұқарып келген, оның үстіне тумысынан қызба жігіт орнынан тұрды да қолды бір сілтеп, сыртқа шығып жүре берді.

Ол әкесін ұзақ іздеді. Бұрынғы таныстарынан сұрастырды. Ағайын-туыстарының тамырын басып көрді. Бірақ нақты мекенжайын оған ешкім де дөп басып айта алған жоқ.

Үйде жатып ұзақ ойлана келе қулыққа басуға бел буды. Алғада тұратын әкесінің туған апасы барын білетін. Бала кезінде бір рет әкесіне еріп барғаны да бар. Міне, сол кісіге «Келініңіз хәл үстінде ес-түсін білмей жатыр. Хабарласайық десек, әкемізді таба алмай отырмыз» деп жеделхат жолдады.

Қулығы жүзеге асты. Екі күннен кейін үйдегі телефон шырылдап қоя берді. Тұтқаны көтеріп еді. Әкесі екен. «Не болды?» деді қарлығыңқы ер адамның даусы. «Мамам мен қарындасымды машина қағып кетті» деді бұл да беті бүлік етпей. «Екеуі де үйде жатыр ес-түссіз…» деді де телефонды қоя салды.

Ол әкесінің келетінін білді. «Қалай еткенде де ол бір бас сұғып шығу керек» деген оймен түнді өткізді. Келесі күні шешесі мен қарындасына «маған бір жолдасым келу керек еді. Екеуара әңгімеміз бар. Сендер Зүлфия апайдың (Зүлфия анасының апасы еді) үйіне бара тұрасыздар ма? Кешке өзім барып алып келемін» деп жалынғандай кейіп танытты. Анасы баласының өтінішін екі етпеді.

Ол үйде ешқайда шықпастан әкесін күтті. Ойлағанындай түс ауа әкесі де төбе көрсетті. Табалдырықтан аттаған бойда екеуінің әңгімесі амандық-сау­лықтан емес, зілді сөздерден басталып, балағатқа ұласты.

«Қайда олар? Қызым қайда?» деген әкесінің сауалына ол. «О дүниеде. Сені де шақырып жатыр қазір барасың» деп дөңайбат шекті. Әке баласын итеріп жіберіп, келесі бөлмеге өтпекші болып еді. Алдын ала дайындап қойған өткір кездікті баласы әкесінің кеудесіне бойлата салды.

Қапелімде мұндай қатыгездікті күтпеген ол қолын алға сермеген күйі қанға бөгіп, құлап бара жатты…

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button