ӘлеуметҚоғамҚұқық

ҚАТЫГЕЗ БАЛА ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

0000

Бас қаладағы қылмыстың жолын қалай кесуге болады? Астана қаласының Есiл аудандық прокуратурасында дәл осы тақырыпта арнайы жиын болып өтті. Бірнеше мекеме мамандарының қатысуымен өткен кездесуде сонымен қатар, қаладағы қылмыстық ахуал, онымен күрес және алдын алу жайы сөз болды. 

Кездесу барысында прокурорлар Астанада қылмыс азаймай тұрғанын айтып жатты. Жыл басынан бері 3705 қылмыстық іс тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 26,9 пайызға көп. Осы аралықта барлығы 499 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұлардың 11-і – кәмелетке толмағандар.
Есiл ауданының прокуроры Талғат Әлiбаев, әсіресе, кәмелетке толмаған балалар арасындағы қылмыстың өте өзекті болып отырғанын айтады. Айтуынша, балалардың қылмысқа баруы­на көбінесе отбасындағы кикілжің, ата-ананың тәрбиеге салғырттығы мен нашақорлыққа, ішкілікке салынуы себеп болып жатады. «Әсіресе, отбасында кикілжің мен ажырасудың салдары орасан зор» дейді ол. Оның үстіне соңғы жылдары елімізде ажырасу фактілері тым көбейіп кетіп отыр. АХАТ бөлімдері берген мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы еліміз бойынша 1843 жұп отбасын құруға өтініш берген. Өкінішке қарай, солардың 347-сі жыл толмай жатып ажырасып үлгеріпті. Яғни, әрбір үшінші жұптың некесі жылға жетпей үзіліп, шаңырақтары шайқалып жатыр деген сөз. Қаншама бала әртүрлі деңгейде психологиялық соққы алып, қиындыққа тап болып жатыр.
Биылғы алты айда да 174 отбасы ажырасып үлгерген. Ал тіркелген жұптардың саны – 646. «Осындай жайттардың барлығы баланың қараусыз қалуына немесе қылмысқа баруына итермелеп жатады. Өткен аптада бүкiл елдi Астанадағы екi баланың жоғалуы дүр сiлкiндiрдi. Нұрәлi 2, Жансая 14 жаста. Жансая ата-анасының ажырасқанына қапаланып, екi жасар iнiсi мен отбасылық бюджеттен 40 мың теңгенi алып, жол-жөнекей көлiкпен Алматыға жеткен. Балалардың үйінен кетуіне 8 баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың ажырасуы себеп болған. Ата-ананың әрекеті қыздың психикасына терiс ықпал етiп, ол iнiсiн алып, үйден кетiп қалған. Уақыт өте келе, бұл оқиғаны қоғам ұмытады. Алайда, салдары баланың санасында мәңгілікке қалып қояды. Қазiр 14 жастағы қыз саналы түрде осындай қадамға барса, бiр-екi жылдан кейiн не болатынын ешкiм бiлмейдi. Ол өзіне-өзi қол жұмсауы мүмкiн немесе әкесiнiң тарапынан қандай да бiр қайшы әрекеттер болуы ықтимал. Осыған байланысты бiрiншi кезекте, бұл отбасыны тұрақты бақылауға алу қажет» дейдi Т.Әлiбаев.
Сонымен қатар ол Астанада жоғалып, Алматыда табылған балалардың отбасы бақы­лауға алынғанын, сондай-ақ, Алматыға қалай жеткені тексеріліп жатқанын мәлім етті.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button