Қала тіршілігі

ҚАУІПСІЗ ҚАЛАНЫҢ ҚАНАТҚАҚТЫ ЖОБАСЫ­

bezopasnyy_gorod_2

Астана «ЭКСПО»­ сынды­ ірі халықаралық мамандандырылған көрмені өткізуге тәуекел етіп отыр. Күллі әлем көз тігетін шара қарсаңында елорда келімді-кетімді кісілерге ыңғайлы, қауіпсіз, жаңашыл, бір сөзбен айтқанда, дүние жүзіндегі ең ақылды 50 қаланың біріне айналуы тиіс. Осыған байланысты­ «Smart Astana» жобасы­ жүзеге асырыла­ бастағанынан жұртшылық хабардар.­ Бұл іргелі жобаны іске асырумен айналысатын «Astana Innovations» компаниясы­ былтыр­ қала тіршілігін кешенді қамтамасыз ету жүйесі аясында (ТКҚЖ) «Қауіпсіз қала» атты тағы бір ауқымды жобаны­ қолға алды.

Қанатқақты жобада бір­не­ше кешенді жүйе топтас­ты­рыл­ған. Атап айтқанда, «Қалалық жедел басқару орталығы», «Интел­лек­туалдық бай­ланыс орталығы», «Жол жүру ережесін бұзу оқиғаларын фото-бей­не­құрыл­ғыларға түсіру жүйесі», «Бейнебақылау жүйесі», «Ресурспен қамтамасыз етуді бақылау жүйесі», «Қауіп­­сіз автобус», «БАҚ және әлеу­­мет­­тік медиаға талдау жасау» және­ «Шұғыл байланыс терминалы».

Рисунок1

Қала тіршілігін кешенді қамтама­сыз­ ету жүйесінің басты мақсаты – қауіпсіздікті қамтамасыз ететін салалар­дың жұмысын тиімді үйлес­тіріп, олардың жылдамдығын және төтенше жағдайларда шұғыл шешім қабылдауын арттыру. Қоғамдық тәр­тіпті сақтаудың тиімді шаралары ин­но­ва­циялық технологиялар негі­зінде ұйымдастырылмақшы. Осындай соны жүйені енгізген әлемнің дамыған мемлекеттерінде ауыр қылмыс түрі 30 пайызға азайып, қылмысты ашу 50 пайызға артқан екен. Елорда да осы деңгейге жетуді көздеп отыр. Демек, жоба қолданысқа енген кезде қала тұрғындарының қауіпсіздігі арта түседі деген сөз.

Іргелі жобаның тағы бір көздегені – моральдық этикаға жатпайтын вандализм сияқты іс-әрекеттердің алдын алып, қоғамдық мәдениетті сақтау. Сонымен қатар, қаланың қай шетінде болсын, ақпараттарды жылдам алғызуға мүмкіндік туып, бейнеоқиғалар мен мұрағаттарға қолжетімділік арттырылатын болады. Бұған қоса, қандай да бір дағдарысты жағдай туа қалған жағдайда бұл туралы жұртшылықты неғұрлым тезірек хабардар ету де – осы жобаның басты мақсатының бірі.

Кешенді жоба бастан-аяқ бірыңғай құрылғылық-бағдарламалық жүйе­мен жабдықталмақ. Яғни, қаланың қауіпсіздігіне жауапты барлық құры­лым­дардың жұмысы бір жерден үй­лес­тіріліп, нақты әрі дәйекті ақпарат қоры қалыптасатын болады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кешенді жүйені жүзеге асыру барысында мамандар әлемдегі көптеген елдердің тәжірибесін зерттеп, тиім­ді­лігіне баса назар аударған екен. Енді осы жобаның кейбір салаларына жеке-жеке тоқтала кетейік.

 

Астана тәулік бойы бақылауда болады

Бүгінде «Smart Astana» жобасын жасаушылар негізгі күшті жоғарыда аталып өткен «Қауіпсіз қала» мен «Интеллектуалдық көлік жүйесін» жүзеге асыруға жұмылдыруда. Алғаш­қы кезеңін биылғы жылдың аяғында қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.

Қауіпсіздікті ерекше назарда ұста­ған мамандар Астананы тәулік бойы бақылауда ұстауға бекінді. Ол үшін қаланың барлық бұрышына бейнекамералар орнатылады. Оларды жаңадан құрылатын Жедел басқару орталығы жіті қадағалауына алмақ. Қаланың қауіпсіздік жағдайына байла­нысты ақпараттардың барлығы осы орта­лықтың дерек қорына келіп түсетін болады. Тіпті, жарық, су, инже­нерлік желілердегі ақаулар туралы мәліметтер Жедел басқару орта­лы­ғында өңделіп, шешім қабыл­дауға тиісті мекемелерге шұғыл жет­кі­зі­летін болады.

 

«Ақылды бағдаршамдар»

«Интеллектуалдық көлік жүйесі» жобасы бірнеше кезең бойынша іске асырылады. Бұл өзі тұрғындарға нағыз­ ке­рек­ті жоба болғалы тұр. Олай дей­ті­німіз, қазір қала тұрғын­дарының «жанды» жері – көлік­тер­дің кептелісі. Астана қаласы көлік­тің көптігі жағынан Мәскеу, Вашингтон, Берлин секілді ірі мега­по­лис­терді озуға шақ тұр. Көлік кепте­лісі дегеніңіз өзекті мәселенің бірі қалада. Жаңа жолдар салынып, бары кеңейтіліп жатса да кептелек ырық берер емес. Елорда халқы көбей­ген сайын машиналардың саны да арта түсетіні белгілі. Осы кепте­ліс­тен уақытымызды сағаттап шығын­дап жататынымыз бар. Әсіре­се, таңертеңгілік және кешкілік кеп­те­ліс­тер­де межелі жерге жетудің өзі мұң. Ал егер «Интеллектуалдық көлік жүйесі» жобасы толыққанды жүзеге асы­рылса, кептелістен құтылатын күн де алыс емес. Бұл жобаның артық­шы­лығы сол, қоғамдық көлік – авто­бус­тарға басымдық беріледі. Оларға арналған жеке жолақтар белгі­ле­неді. Осылайша, қаланың бір шеті­нен екіншісіне орта есеппен 20 минутта жетуге мүмкіндік туады.

Әрине, автобустардың діт­те­ген жеріне жылдам баруына­ жолақ­тар­ды жүргізу ғана жеткілік­сіз. Оған «ақыл­ды бағ­дар­шамдар» да­ көмекке келетін болады.­ Қазіргі қалада орна­тыл­ған байыр­ғы бағ­дар­шам­дар қай жолда көлік­тің көп тұрғанына қарамай, белгіленген уақыт бойынша жанып-сөнетіні белгілі. Ал егер «ақылды бағдар­шам­дар» іске қосылса, қай бағыт­та кептеліс көп, алдымен сол бағыт­тағы көліктерді азайтатын болады. Бұл бағдаршамдар жолау­шылар көлігіне ерекше көңіл бөліп, солардың ыңғайына жұмыс істейтінін айта кеткеніміз жөн. Өйткені, құрылғылар бір орта­лық­тан басқарылатын болады.

«Ақылды бағдаршамдар» алдымен Сарыарқа, Тұран даңғылдары мен Қонаев, Достық, Сарайшық, Сығанақ көшелерінде орнатылады деген мәлімет бар. Алғашқы кезде 42 бағдаршам іске қосылмақ.

Айтпақшы, жоба барысында автобустар зырылдап, жолаушыларды діттеген жеріне жылдам апарып қана қоймай, адамдардың қауіпсіздігін де сақтауға үлес қоса­тын болады. Себебі, жоба бойынша автобустар тегістей бейнекамералармен жабдықталады. Сондай-ақ, 500-ге жуық мекеменің маңайында барлығы 30 мыңға тарта бейнебақылау камерасы орнатылмақ.

«Интеллектуалдық көлік жүйесі» жобасы «ЭКСПО» халық­ара­лық көрме­сі басталғанға дейін толық іске қосы­лады. Осы кезде қаланың орта­лық көшелеріндегі 304 жол қиы­лысы, ал 2017 жылдан кейін шағын аудандардағы 56 жол қиы­лы­­сын­дағы қозғалыс «ақылды бағдар­шам­дар­­мен» реттеледі.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button