Әлеумет

Қауіпсіздік қаперден неге шығады?!

«Қатер жоқ деме, аяқ астында» деген рас екен. Өткен жексенбіде №52 қалалық автобусқа Астаналық базардан отырдым. Автобус Министр­ліктер үйіне жақындай бергенде «тарс» еткен  қатты дыбысқа селт ете қалдық.

Әп-сәтте салон ішінде жанар майдың иісі алып кеткенде жолаушылар көлікті тоқтатуын талап етті.
Жүргізуші кілт тоқтамай, елу метрдей жүріп жылдамдығын бәсеңдетіп барып отын өшірді. Билет беретін бала алдыңғы есіктен жүгіріп шықты да, қайта кірді. Аңтарылған жұртқа ешкім ештеңе демеді. Тіпті, сыртқа ұмтылған халықты тоқтатып, әлдене себеппен есікті ашпай біраз тұрды. Жолаушылардың наразылығынан кейін ғана есік ашылып, жұрт сыртқа лап берді. Мәссаған, май құйылған бак тесілген сияқты, автобустың астынан бензин сарылдап ағып жатыр. Құдай сақтады. Қас-қағым сәтте отқа оранатын жайт осындайда емес пе?! Алайда, төніп тұрған қатерді бағамдай алмай, есікті жылдам ашып, жолаушылардың сыртқа шығуын қамтамасыз етпеген көлік жүргізушісі мен контролердің әрекетін қалай бағалауға болады?! Бастан құлақ садаға деп, орта жолда қалған жолаушылардың билет пұлын қайтару туралы несіне айтайын. Техника болған соң сынбай тұрмайды десе де, төтенше жағдайда не істеу керек? Одан жүргізуші мен билет сатушының хабардар екеніне күмәнім бар. Өйткені, жалма-жан тиісті орындарға хабарламақ болғандарға бейжай қарап отырған көлік иелерінің әрекеті соның дәлелі. Тәртіп демекші, жолда жүру ережелерімен бірге жолаушылар көлігінің аялдамаларда кідіретін уақыты, кептеліс болмаса, бағыттың екі шетіне жету сағаты белгіленген емес пе? Онда, әсіресе, демалыс күндері, көлігін тасбақа аяңмен айдап, жақын жерге жеткізіп болмайтын көлік жүргізушілеріне не деуге болады? Оны да ескеріп жатқан жан бар ма екен?!

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button