Сұхбат

Қауiпсiздiктi қамтамасыз ету – мемлекеттiк маңызды iс

Жұмабай Ескендiров,
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлiгi
Астана қаласы бойынша департаментiнiң бастығы:
Қауiпсiздiктi қамтамасыз ету – мемлекеттiк маңызды iс

Астананың халқы мен аумағын табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында елордамыздағы Төтенше жағдайлар департаментi ауқымды шаралар атқарып келедi. Сәрсенбi күнi өткен тiкелей тiлдесу барысында аталмыш мекеме бастығы Жұмабай Ескендiров дәл осы мәселелер төңiрегiнде әңгiмеледi.
– Сәлеметсiз бе, мен Астанадан хабарласып тұрмын. Аты-жөнiм – Азамат Серiкұлы. Сұрайын дегенiм, көршiмнiң екi машинасы бiрдей өзiнен-өзi тұрып, жанып кеттi. Осындай оқиға Астанада жиi тiркеле ме?
– Автокөлiктердiң өртенуi аязды күндерi жиi болады. Жыл басынан берi 47 автокөлiк жанып үлгерген. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл – 67 пайызға артып отыр. Негiзi, бұл өрттер ауа райының суық мезгiлiнде авто-көлiктi дәнекерлеу шамымен жылытудың салдарынан, сондай-ақ автокөлiк iшiндегi электр жабдықтарының немесе отын беру жүйесiнiң ақауларына байланысты болып жатады. Сонымен бiрге, қазiргi шетелдiк автокөлiктер көптеген электр жүйелерiмен жабдықталған. Олардың күшiн көтермей, тоқтың тұйықталуынан болып жатқан өрттер де көп. Мәселен, күн сайын 101 пультiне 4-5 машинаның өртенетiнi туралы хабар келiп түседi.
– Жасыратыны жоқ, суық күндерi бәрiмiз де көлiктi дәнекерлеу шамымен қыздырамыз.
– Азамат, дәнекерлегiш шамды көлiктiң қозғалтқышын жылытуда мүлдем пайдалануға болмайды. Автокөлiктi от алдыруда ашық от түрiн қолдануға тыйым салынады. Себебi, ол – өте қауiптi. Сондықтан, елордалық барлық автокөлiк иелерiне айтарым: қарапайым өрт қауiпсiздiк ережелерiн сақтамау жағдайлары өртке әкелiп соғуы мүмкiн. Жалпы, авто-көлiктердiң жанармай құятын бактарының аузы жабық болып, жанар-жағармайдың ағып кетуiне жол берiлмеуi керек. Сондай-ақ, аккумуля-торларды қуаттандыру тек қана транспорт түрлерiнде жүргiзiлiп, кез келген автокөлiктiң дұрыс жұмыс iстейтiн өрт сөндiргiш құралымен жабдықталғаны жөн. Өкiнiшке ұрынбас үшiн өзгелердiң қателiктерiн қайталамаңыздар.
– Бұрындары жер үйлерге пештi арнайы мамандар ғана салатын. Бүгiнде олардың қызметi қымбаттап кеттi ме, бiлмеймiн, әйтеуiр қазiр тұрғындар кез келген адамға бұл мiндеттi сенiп тапсыра беретiн болды. Мұның дұрыс салғанын, сапасын тексеретiн мамандар бар ма, сiздерде? Жалпы, талап бойынша пеш қалай салынуы керек?
– Биылғы жылдың басынан берi қаламыздағы от жағатын пештердiң және түтiн шығаратын мұржалар құрылымдарының дұрыс болмауынан 45 өрт тiркелдi. Бұл былтырғы жылдың осы мерзiмiмен салыстырғанда 36 пайызға артып отыр.
Кейде тiлсiз жаудың аяғы қайғылы оқиғаларға әкелiп соғып жатады. Өрттiң көбi түнгi уақыттарда болатыны белгiлi. Жыл басталғалы Астанада улы түтiннен екi адам қайтыс болса, кейде осындай оқиғалардан кейiн түгел отбасымен ауруханаға түсiп жатады. Ал, бiзде пештiң сапасын тексеретiн мамандар болмайды. Пештi салып, тексеретiн жеке кәсiпкерлер бар. Бiз тек бұл мәселеге қатысты хабарласқан азаматтарға кеңес қана бере аламыз. Мәселен, көп жағдайларда пеш құдықтарының дұрыс салынбауының соңы қайғылы оқиғаларға әкелiп соғып жатады. Олардың жанатын заттардан немесе шатырдың ағаш құрылымдарынан шегiнiстерi болмауынан да өрт орын алады. Сондықтан, бұл ретте Астана қаласы Өртке қарсы қызметi барлық азаматтарға өрт қауiпсiздiк ережелерiн сақ-тауды қатаң ескертедi. Жалпы, пештердi салу кезiнде өртке қарсы шегiнiстердi сақтай отырып, мұржаларды жанбайтын заттан жасап, оны әр екi-үш ай сайын тазалап отыру керек. Пештi жөндеп, сылап, қалыпқа келтiрiп барып пайдаланған жөн.
– Биыл орта мектептi бiтiретiн балам Медеу өрт сөндiрушi болуды армандайды. Өзiм – қала тұрғыны Әсима Уәлиевамын. Көкшетау қаласында Төтенше жағдайлар министрлiгiнiң техникалық институты бар дегендi естiдiк. Оған қалай құжат тапсыруымызға болады?
– Бұл институт – Қазақстан Республикасы Төтенше Жағдайлар министрлi-гiнiң жалғыз мекемелiк оқу орыны. Ол жоғары бiлiмдi квалификациялық офицерлердi әзiрлейдi, мұндағы сабақтар күндiзгi және сырттай оқу түрiнде жүргiзiледi. Күндiзгi оқыту факультетi негiзгi құрылымдық бө-лiмшесi болып табылады және ол институт құрылған күнiнен бастап жұмыс iстейдi. Мұндағы «Өрт қауiпсiздiгi» мамандығы бойынша оқудың толық курсын бiтiрген күндiзгi оқу факультетiнiң курсанттарына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрiнiң бұйрығымен «өртке қарсы қызмет лейтенанты» арнайы шенi берiледi. Жеке тарату хаттамасына сәйкес олар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлiгiнiң аумақтық органдарына, сонымен қатар ведомствоаралық келiсiмдерге сәйкес басқа құқық қорғау органдарына жолданады.
Көкшетау техникалық институты түлектерiнiң көбi бүгiнде елiмiздiң аумақтық органдары мен құқық қорғау құрылымдарында жұмыс iстеп, кейбiреулерi жауапты орындарды басқарып отыр. 2001 жылдан берi инс-титутта жоғары бiлiктi 1271 маман дайындалды, оның iшiнде 84 түлек үздiк диплом алып шықты. Мұнда сырттай оқуға тек Төтенше жағдайлар министрлiгiнiң қатардағы қызметкерлерi ғана өте алады. Қазiргi кезде Көк-шетау техникалық институтына талапкерлердi қабылдау басталып кеттi. Толық ақпаратты Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментiнiң кадр жұмыстары бөлiмiнен 32-01-88 нөмiрiне хабарласу арқылы алуларыңызға болады.
– Алло, Жұмабай Жұмәлдiұлы! Менiң атым – Арман. Құрылыс компаниясына жүк көтеру кранының жүргiзушiсi болып орналаспақшы едiм. Бiрақ, маған Төтенше жағдайлар департаментiнен лицензия керек екенiн айтты. Оның талаптары қандай?
– Арман, кран жүргiзушiсi болу үшiн, сiз лицензия емес, сол кранды жүргiзуге рұқсат беретiн куәлiк аласыз. Лицензия мен куәлiктi шатас-тырмаңыз. Мұндай куәлiк алу үшiн қаладағы кез келген оқу мекемелерiне өтiнiш берiп, бiлiмiңiздi жетiлдiруiңiзге болады. Ол оқу орындарының тiзiмi Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлiгiнiң www. Emer.kz сайтында орналасқан. Осы сайт арқылы өзiңiздi толғандырған басқа да барлық сұрақтарға толық жауап ала аласыз.
– Мен нысан бастығы болып жұмыс iстеймiн. Есiмiм – Жақсығали. Айтыңызшы, нысандарда өрт қауiпсiздiгiне байланысты арнайы-тактикалық оқулар жылына неше рет өткiзiлуi тиiс және ол қандай нормативтiк құжаттарға негiзделедi?
– 2010 жылдың 12 шiлдесiндегi №245 «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлiгiнiң өртке қарсы қызметiнiң гарнизондары мен бөлiмшелерiнiң жеке құрамын дайындау» Ережесiне сәйкес өрттi-тактикалық оқу-жаттығулар өткiзу жоспары дайындалып, бiздiң депар-таментте «Өрт сөндiру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметi» ММ бастығының қолымен бекiтiледi. Өрт сөндiрушiлер мен құтқарушылар әртүрлi жағдайдағы өрттердi, төтенше жағдайларды жедел жоюға мiндеттi түрде дайын болулары керек. Сондықтан, қауiпсiздiктi қамтамасыз ету – мемлекеттiк маңызды iс. Дайындық дәрежелерiн және қабiлеттерiн жоғарылату, болуы мүмкiн өрттi жою мақсатында бiздiң мекеме Өрт сөндiру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметiмен бiрлесiп ай сайын осындай жаттығулар өткiзедi. Оқу-жаттығу кезiнде жеке құрам мүшелерi халық көп жиналатын ғимараттардан адамдарды қауiпсiз жерге көшiру тәсiлдерi және өрттi сөндiру әдiстерiмен танысып, жаттығады. Оқу-жат-тығулар көбiне көпкешендi-көпфункционалды ғимараттарда өткiзiледi. Күнi кеше ғана, 15-16 наурызда Төтенше жағдайлар министрлiгi «Су тасқыны кезiнде келеңсiз жағдайда төтенше жағдайлардың салдарын жою кезiндегi құтқару және шұғыл әрекеттер жүргiзу және дайындау» тақырыбы бойынша «Көктем -2012» республикалық командалық- штаб-тық оқу-жаттығуын өткiздi. Осыған орай, төтенше жағдай болған және қауiп төнген кезде халықты қауiпсiз жерге алып шығу қимылдары жаттықтырылып, елдi мекендi су басудың салдарын жою бойынша нысан-дық оқу-жаттығу ұйымдастырылды.
– Мен – студентпiн. Атым-Медет. Келешекте құтқарушы болғым келедi. Ол үшiн қандай талаптарға сай болуым керек? Жалпы, сiздер қызметкерлердi қалай iрiктейсiздер?
– Ол үшiн алдымен физикалық және моральдық, психологиялық тұрғыдан дайын болуыңыз қажет. Негiзiнен, өртке қарсы қызметке өзiнiң кәсiби дайындығы, денсаулығының жай-күйi, дене дамуы мен бiлiм деңгейi бойынша қабылдаймыз. Өрт сөндiрушiнiң кәсiби шеберлiгiмен бiрге оның дене шымырлығы, қимыл ширақтығы аса маңызды. Қызметке алынған жас 100 метрлiк қашықтықты аз уақытта жүгiрiп өтуi тиiс. Ол үшiн алдымен, сiзге спортпен үзбей шұғылданып отыру керек.
Құтқарушыға қажеттi ең басты қасиеттердiң бiрi – шапшаңдық. Сонымен бiрге, өз өмiрiне қауiп төнiп тұрғанына қарамастан төтенше жағдайда батырлық танытуы және психологиялық дайындығы жоғары болуы керек. Яғни, бұл жауапкершiлiгi де, жұмысы да аса қиын мамандық екенiн естен шығармаңыз.
– Жұмабай Жұмәлдiұлы, мен – мемлекеттiк қызметкермiн. Соңғы кездерi мереке күндерi өрт жиi шығып жүр. Мәселен, сайлау күнi Хазiрет Сұлтан мешiтi жанды. Жалпы, одан кейiн де өрт көп болды. Осының себебiн немен түсiндiресiз?
– Астана қаласы бойынша жыл басынан берi – 173 өрт тiркелiп отыр. Оның 85-i жер үйлерде орын алса, 47-сi автокөлiктердiң өртенуi. Бұл өрт-тердiң басты себептерi пеш жаққан кезде өрт қауiпсiздiк ережесiн сақтамау, отпен абайсыз болу, электржүйесiнiң қысқа тұйықталуы болып отыр. Әрине, биыл қыс қатты болды. Жалпы, бiз үшiн басты мәселе – адам фак-торы. Соңғы кездерi Астанада өздерiңiз бiлетiн саяси-қоғамдық, маңызды iс-шаралар жиi өтiп тұрады. Сондай күрделi iс-шаралардың бiрi – ЕҚЫҰ Саммитi мен VII қысқы Азия ойындарын өткiзу барысында және дайындық кезiнде бiздiң қызмет қауiпсiздiктi қамтамасыз етiп, бiрде-бiр өрт тiркелген жоқ. Мәселен, былтырғы жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсiз-дiгiнiң 20 жылдығында Астананың бiрнеше күрделi объектiлерiнде күн сайын iс-шаралар ұйымдастырылды, онда да өрт немесе төтенше жағдай болған жоқ. Себебi, Астанада өткiзiлетiн әр маңызды iс-шарада, мереке-лерде жедел бөлiмшелер күшейтiлген тәртiппен жұмыс iстейдi.
Сондай-ақ, биылғы Жаңа жыл мерекесiнде елордада 1 ғана өрт тiркелдi. Ал, сайлау күнi болған өрт – бұл бiр ғана жағдай. Бұның өзi – адам факторы, яғни дәнекерлеу кезiнде өрт қауiпсiздiк ережесi сақталмай, өрттiң өршiп кетуiне байланысты хабар кеш түсiп, тез жанғыш ағаш бiрнеше минут iшiнде өртенiп кеткен. Бiздiң өрт сөндiрушiлер мен құтқарушылар әртүрлi жағдайдағы төтенше жағдайларды жедел түрде жоюға қашанда дайын. Себебi, қалада қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бiздiң қызмет үшiн ерекше маңызды. Дегенмен, әр адам өз өмiрiне жауапты екенiн естен шығармауы керек. «Сақтансаң – сақтаймын» демекшi, қарапайым халық өрт қауiпсiздiк шараларының, басқа да төтенше жағдайлардың алдын алудың ережелерiнiң талаптарын ескерiп жүрсе жөн. Бұл бағытта бiз үнемi түсiндiру жұмыстарын жүргiзiп, тұрғындарды жиi ақпараттандырып оты-рамыз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button