ӘлеуметҚала мен Сала

ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАУ – ОРТАҚ МҮДДЕ

745

Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Осы жолы күн тәртібінде жұмысшыларына уақтылы жалақы төлемейтін компаниялар мәселесі мен өндірістік жарақат алудың жай-жапсары талқыланды. Сондай-ақ, бизнестің жауапкершілігін айшықтайтын биылғы «Парыз» конкурсын өткізу туралы сөз болды.

Жиынды ашқан Аида Ғалымқызы күн тәрітібіне қойылған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, еңбек заңы талаптарын сақтау, жұмысшылардың қауіпсіздігін қорғау  ортақ мүдде екендігін атап өтті.

Бұдан кейін Астана қаласының еңбек инспекциясы бойынша басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Қайрат Ысқақов сөз алып, елордалық компаниялардың жұмысшылары алдындағы берешек мәселесі қаншалықты шешіліп жатқаны туралы баяндады. Сондай-ақ, еңбек даулары, өндірістік жарақаттың алдын алуға байланысты шаралар әңгіме өзегіне айналды.

Қайрат Зейналғабиұлының айтуынша, осы мекеменің инспекторлары прокуратура өкілдерімен бірлесіп, кәсіпорындардың жұмысшылары алдындағы қарызы қаншалықты екеніне мониторинг жүргізіп отырады. 20 қыркүйектегі жағдай бойынша, аталған мамандардың араласуымен айлар бойы жалақысын ала алмай жүрген 521 жұмысшы көптен күткен айлығына қол жеткізіпті. Қайтарылған қарыздың жалпы көлемі 77 млн теңгені құраған.

Осы жылдың тамыз айында Еңбек инспекциясы бойынша басқармаға «Алтан ТЕТ» ЖШС ұжымы айлық еңбекақы берілмей жатқаны туралы шағым түсірген.

–Бұл жекеменшік серіктестік Алматы қаласында тіркелген. Әрі орта және шағын кәсіпкерлік суьбектілерін тексеруге тыйым салынғанына байланысты тексеру жүргізілген жоқ.  Бірақ еңбек дау-дамайының алдын алу үшін кәсіпорын басшылығымен әңгіме жүргізіліп, жалақыны кешіктіру себебі анықталды. Сөйтсек, қоқыс   өңдеумен айналысатын серіктестікке олармен келісімшартқа отырған қоқыс шығарушы ұйымдар берешек екен. Бүгінде жалақы қарызы біртіндеп төленіп жатыр, – дейді Қайрат Ысқақов.

Қала әкімінің орынбасары әр жұмыскердің бала-шағасы бар екенін, жалақыны уақтылы төлемеу бір отбасының әлеуметтік жағдайына кері әсер ететінін айта келіп, қызметкерлеріне жалақы төлемейтін кәсіпорындардың мәселесі қатаң қаралатынын ескертті.

Бұдан кейін Қайрат Зенелғабиұлы еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік жарақат жайы туралы баяндады. Әдеттегідей құрылыс алаңдарындағы жағдай алаңдатарлық екен. 2014 жылдың басынан бері өндірісте 101 апатты жағдай болса, соның 32-сі өліммен аяқталыпты.

Қазіргі таңда Астанада 10 406 құрылыс компаниясы тіркелген, соның 1438-і бір мезгілде  қызу жұмыс істеп жатыр екен.  Бірақ бұлардың бәрінде еңбек қауіпсіздігі сақталған деу қиын. Компаниялардың ешқандай да мамандығы жоқ азаматтарды жұмысқа қабылдауы да мәселені ушықтырып отыр.

Жалпы, өндірісте жарақат алу жағынан аты дардай «BI Group» компаниясы алдыңғы қатарда екен. Осы компанияның құрылыс алаңында бір аптаның ішінде екі адам қаза тапқан. Осылайша, «бақыт мекенін» салушылар бақытсыздық жағдайын ауыздықтай алмай отыр.  Жалпы, өндірістік саладағы жазатайым оқиғалар саны жағынан құрылыс саласы бірінші орында екен.

Жиында еңбек қауіпсіздігін сақтау – ең алдымен тұрғындардың денсаулығы, болашағы екені айтылып, еңбек заңнамасына шекесінен қараған компанияларды жауапкершілікке тарту мәселесі қозғалды. Аида Ғалымқызы құрылыс саласындағы компаниялар жарнама жасап, өз қамдарын күйттегеннен гөрі жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтауға көбірек көңіл бөлулері қажеттігін ескертті.

 Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button