Жаңалықтар

Қауіпті мамандықтың қызғалдағы

karashash-asli

«Әйел ішкі істер саласында мамандығын жақсы көрсе ғана жұмыс істей алады» дейді елорда іргесіндегі ЕЦ-166/1 мекемесінің тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, әділет майоры Қарашаш Сыздықова. Абақтыдағы бұл қызмет қауіпті мамандықтың қатарына жатады. 

Қарашаш Қариполқызы еңбек жолын 2002 жылы Степной кентіндегі ЕЦ-166/26 мекемесінде бақылаушы болып бастаған. «Алғашқы айлығым 5900 теңге болатын» деп есіне алды әділет майоры. «Құдайға шүкір, қазір мемлекет баспанамен қамтамасыз етіп отыр, айлығымыз да көңілге қонымды» дейді ол.
Көкше академиясын заң­гер мамандығы бойынша тәмам­даған Қарашаш 2005 жылы Көкшетаудағы тергеу изоляторы­ның арнайы есеп бөліміне ауысып, 2008 жылы сол қаладағы «Қоныс» колониясында сотталғандардың арасында еңбекті ұйымдастыру бөлімінде жұмысын жалғастырды. Кейін сол бөлімді басқарған. Ал Астана қаласындағы ЕЦ-166/1 мекемесіне бөлім бастығы болып 2014 жылы ауысты.
«Демалыс, мереке күндері, тіпті кей кездерде түнде де жұмысқа шақыртады. Жолдасым осы салада қызмет атқарғандықтан, түсіністікпен қарайды. Мәпелеп өсіріп отырған қызымның қалауы болашақта ішкі істер саласы болса, қолдаймын» дейді ол.
Қарашаш Сыздықованың «Мамандығым қауіпті» дейтін жөні бар. Өмірінде еш ұмыта алмайтын, қызмет барысында кездескен қайғылы жағдай туралы айтқанда, біз де тітіркеніп қалдық. Көкшедегі «Қоныс» колониясында бір бөлімде қатар істейтін 21 жастағы жасақ бастығы болған қызды сотталғандардың бірі айуандықпен өлтіргенде, жанын қоярға жер таппаған. Мамандыққа адалдығы ғана сақтап келеді.
Қарашаш Қариполқызының ішкі істер саласында үлгі тұ­тар тұлғасы бар, ол – әділет пол­ковнигі Дулат Ахметов. Алғаш рет жұмысқа алған ұстазы, қазір зейнетте екен. Сол кісіден үйренгенім көп дейді. Әрине, адамның болдым, толдым дегені – то­қы­рағаны. Сондықтан «үй­рен­­генімнен, үй­ре­нерім көп» деп ізденуден жа­­лықпайтын Қа­рашаш Сыздықова бүгінде өзі бас­қарып отырған бө­лім қызметкерлерін үйретуден жа­лыққан емес. Қарашаштай қайсар қыздарымыз бар кезде еліміздің ішкі істер саласындағы «жауапкершілік» деген ұғымның нығая түсері анық.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button