Қоғам

Қауіпті кезең басталды

Жыл сайын көктемде республикамыздың табиғи ресурстары үлкен қауіп-қатерге душар болады. Бұл кезеңде орманды дала өрттерінің қаупі жоғары. Көбінесе бұған адамдардың өздері кінәлі: құрғақ шөптерді, егістіктердегі сабандарды рұқсатсыз жағу, бау-бақша учаскелерін тазалау және соның салдарынан қоқыс пен шөпті өртеу орын алады.

Сондай-ақ халық демалыс кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды.

Осы кезеңдегі өрттердің көпшілігі азаматтардың отқа абайсыз қарауынан және балалардың бақылау­сыздығынан болады. Балаларға дұрыс бақылаудың болмауы және үлкендердің немқұрайдылығы – орны толмас өкініштерге әкелетін факторлар.

Құрғақ шөп арқылы тез тараған өрт әртүрлі ғимараттарға, көліктерге, саяжайлар мен бақша үйлеріне таралып, орасан зор материалдық шығын келтіріп, адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Сонымен қатар, өрт еліміздің ұлттық байлығы – бірегей ормандарға орасан зор қауіп. Адамдардың өміріне қауіп төндірмеу үшін бірқатар қарапайым ережелерді қатаң сақтау қажет. Атап айтсақ, тұрғын үйлер мен көгалдандыру алаңдарына іргелес аумақты құрғақ шөп пен қоқыстан алдын ала тазартып отыру; тұрғын үйлер аумағына, сондай-ақ орман маңына қоқыс тас­тауға жол бермеу аса маңызды.

Тұрғын үйлердің жанында, саяжайларда және ормандарда қоқыс жағуға болмайды. Өрт қауіпті кезеңде орманға баруды шектеңіз, от жақпаңыз және ашық от қолданбаңыз, тұтанған темекі тұқылын тастамаңыз. Балалар арнайы бөлінген жерлерде және мұ­қият бақылауда болғаны абзал. Құрғақ шөптер мен былтырғы жапырақтарды жағу кезінде аса абай болыңыз. Отты сөндірілмеген күйінде қалдырмаңыз. Ол мұқият өшірілуі немесе құммен жабылуы керек.

Егер өрт орын алса, оны бастапқы кезеңде сумен немесе дымқыл дастарқанмен, көрпемен немесе кез келген басқа тығыз синтетикалық емес материалмен жабу арқылы сөндіруге болады, мүмкіндігінше өрт сөндіргішті қолданыңыз. Бірақ жалын тарап кеткенде, тезірек 101 нөміріне қоңырау шалып, қауіпті аймақтан кетуге асығыңыз. Жауап­сыздық, немқұрайлылық, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау­дың соңы орны толмас өкініш тудырып, қоршаған орта мен жекелеген азаматтарға орасан зор зиян келтіруі мүмкін.

Дария БАЙЗУЛОВА,

Астана қаласы ТЖД Алматы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button