Басты ақпаратРуханият

Қазағы көп өңірдің көзайымы

«Оңтүстік Қазақстан» газетіне – 100 жыл!

Өңір баспасөзінің қара шаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бастауына көз жүгіртсеңіз, Алаштың айбарлы ұлдары алдыңыздай шыға келгендей күй кешесіз. Сол айбарлы да айдарлы аталар алдарына үлкен мұрат қойып, ұлт газетіне «Ақ жол» деген ат беріпті. Жолымыз ақ болсын деген тілекпен шыға бастаған басылым өткен жолдарында байыпты тақырыптарды қозғай отырып, жылдар мен кезеңдердің сүзгілерінен сүрінбей өтіп ғасыр жасады.

Бір ғасыр! Жүз жыл бойы оқырмандарын жақсы жаңалықтарымен, ұлттық құндылықтар нәрімен сусындатып келе жатқан байырғы басылымның өткен жолдарының өрнектері кімге де болсын үлгі-өнеге, сабақ. Сарғайған газет беттерін парақтай отырып сіз бір ғасырдың шежіресін оқып шығасыз. Халқымыздың басынан өткерген күйініші мен сүйінішіне куә боласыз.

Жарық көру тарихы тым тереңде жатқан басылым 1924 жылы Түркістан Республикасы Орталық Атқару комитетінің органы ретінде шығып, бір ғасыр бойы көптеген қазақ зиялыларын тәрбиелеген мәртебесі биік мектепке айналды. Міне, назар салыңыз. Газеттің алғашқы жауапты редакторы Сұлтанбек Қожановтан бастап, ұлт қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Міржақып Дулатов, Қошке Кемеңгерұлы қолдап, қуаттаған осы басылым кейінірек заман екпініне қарай «Еңбекші қазақ», «Ленин жолы» атанды. Рас, қазақ еңбекқор болатын. Бірақ, Ленин жолы қазақты адастырып кетті.

1925 жылы Қазақ Республикасының астанасы Қызылорда қаласына көшіріледі.  Ал, Қызылорда уезі ол кезде Сырдария губерниясына қарайтын. Осыған байланысты «Ақ жол» газеті Қызылорда қаласынан шыға бастаған «Еңбекші Қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетімен қосылды. 1929 жылы астана Алматы қаласына көшірілгеннен кейін Сырдария округтік партия комитеті мен атқару комитетінің органы ретінде «Ленин жолы» деген атпен газет өз алдына бөлек отау тікті. Кейін округтер таратылып, аудандар тікелей республика орталығына қарағанда «Ленин жолы» газеті Шымкент аудандық партия комитетінің, аудандық кеңес атқару комитетінің және аудандық кәсіподақ бюросының органы ретінде шығып тұрды. 1932 жылдың көктемінде республикада қайтадан облыстар құрылды. Осыдан кейін «Ленин жолы» газетінің негізінде «Оңтүстік Қазақстан» газеті шыға бастады.

Осы газеттер алғашқында Ташкент шаһарының, содан кейін Қызылорда қаласының баспаханаларында басылып, оқырмандарына жеткізіліп келді. Атаулары ауысқанымен бұл газеттердің қай-қайсысы болсын халық жағында болып, олардың мұңың мұңдады, жоқтарын жоқтады. Қазақта мұң да, зар да жеткілікті еді. Солардың сөзін сөйлеймін деген редакторлардың көпшілігінің «халық жауы» атанып, айдалып, атылып кеткенін біреу білсе, біреу білмейді. Сол бір аумалы-төкпелі замандарда Иса Тоқтыбаев, Хасан Әлиев, Абдулла Байтасов, Қоңырқожа Қожықов, Хади Илаев, Сәбит Алпаров секілді қазақ зиялылары газетке атсалысып, кей уақыттарда олардың бірқатары газетке басшылық жасап отырды. Қазақтың аса көрнекті тұлғалары Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұханбетов, Ораз Жандосов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Арыстанов, тағы басқалардың ел мүддесін ойлаған мақалалары осы газетте жиі-жиі жарияланып тұрды. Олардың көркем шығармалары да осы газеттерде басылды. Бұл басылымның көркемдік, танымдық деңгейін биікке көтерді.

Тарих таңбасын арада қаншама ғасырлар өтсе де балталап өшіре алмайсыз.  Кезінде қаһарынан қан тамып тұрған Сталиннің өзі  жаптырып тастаған газеттің алғашқы сандары Ташкент, Мәскеу архивтерінен табылып жатыр. Үгітілуге шақ қалған сол газеттерден Мағжанның, Ильястың өлеңдерін табуға болады. Сондай-ақ Сұлтанбек Қожановтың өткір мәселелер көтерген мақалаларын кездестіресіз.

Қоғам үнемі қозғалыста болады. 1932 жылы республикада бірнеше облыстар құрылады да өңірлер бойынша жаңа газеттер шыға бастайды. Бірақ, бұрыннан  «Ленин жолы» болып шығып келе жатқан газет шығуын тоқтатқан жоқ. Оның ендігі атауы-«Оңтүстік Қазақстан» еді. Расында, республикамыздың оңтүстік бөлігіне бұл атау қонымды да қисынды еді. Сол жылы газетке Ордабасы ауданының тумасы, әдебиетші-ғалым Бейсенбай Кенжебаев редактор болып тағайындалған екен.

Газет қай уақыттанда халықтың көзі, құлағы және тілі. Облыс айнасына айналған «Оңтүстік Қазақстан» газеті шын мәнінде өңірдің қоғамдық-саяси істеріндегі насихатшысына айналды. Билік пен халық арасындағы алтын көпірге міндетін бұлжытпай орындады. Сонымен қатар, жақсы жаңалықтарды жарқырата көрсетіп, табыстарды тасада қалдырмады. Әрине, қоғамның қай саласында да кешліліктер мен олқылықтар болып тұрады. Газет осы олқы тұстарды сын садағына іліктіріп, кемшіліктерден арылуға көпшілікті жұмылдыра білді. Халқымыз өнеге еткендей, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білу бұл газетке де тән еді. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жалынды журналистері әлі де осы бағытынан айныған емес.

Оңтүстік журналистерінің қасиетті қарашаңырағы қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сара саясатын елге кеңінен түсіндіріп, билік пен халық арасындағы байланысты дәстүрлі жалғастырып келеді. Қазақтың тілін, дінін, ділін сақтау, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, барымызды бағалау, жоғымызды түгелдеу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан ғасыр жасаған байырғы басылым басты бағытынан еш жаңылып көрмеген, жаңылмайды да. Қазақтың төрт құбыласын түгелей жүріп, облысты мекендеген өзге ұлт өкілдерінің де салт-дәстүрлеріне құрметпен қарап, достықтың дәнекері болып келеді. Сонымен қатар, облысымыздың терең тарихын кейінгі буынға насихаттау да ұмыт қалған жоқ. Негізінен, Оңтүстік тарихи, киелі жерлер мен орындарға бай. Тіпті,  түртіп қалсаң, тасына дейін сөйлеп қоя береді. Осындай бай тарихы, көркем табиғаты бар өлкені сүйе білу керек. Газеттің ұстанған басым бағыттарының бірі, міне, осы.

«Оңтүстік Қазақстан» газеті таланттарды балапандай баптап, көрнекті мемлекет қайраткерлерін түлеткен басылым ретінде де бағалы. Айталық, Асқар Тоқмағамбетов, Қосжан Мүсірепов, Жақан Сыздықов, Сейділда Төлешов, Әбіш Байтанаев, Әбен Сатыбалдиев, Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Нәсірәдин Сералиев, Садықбек Адамбеков,  Мұхтар Шаханов, Омарбай Малқаров, Жұмабек Еділбаев, Еркінбек Тұрысов, Мархабат Байғұт, Көпен Әмірбек, Исрайл Сапарбаев, Ханбибі Есенқарақызы, Тұрсынай Оразбаева, Жәлел Кәттебек, тағы басқа да қарымды қаламгерлер осы басылым шапанынан шықты.

Оңтүстіктің озық ойлы  оғландары қашанда алдыңғы шетпе жүрді. Олардың қатарында елімізге танымал  Әсет Тілеукеев, Әмірсейіт Әлиев, Кәрім Үкібаев, Нұрғали Ораз, Оразхан  Жарқынбеков, Анар Бәкірова, Иса Омар сынды  редакторлармен қатар Пайыз Кәдеев, Уәлихан Темірбеков,  Жұмамұрат Тұяқбаев, Сәділ Кәдеев, Байдулла Қонысбеков, Қайым Тілегенов,  Мұратбек Дүйсенбеков, Төрехан Рамбердиев, Төрекелді Байтасов сынды қаламының желі бар журналистер өсіп шықты. Бұл тізімді бұдан да әрі соза беруге болады.  Бір өкініштісі, аталған азаматтардың көбісі қазір арамызда жоқ.

Ғасырмен құрдас басылым бүгінде 38000-40000 таралыммен оқырмандарға уақытылы тиіп тұрады. Кешегі іріңді індет-короновирус тұсында оқырмандарымызбен байланыс біршама алшақтап қалғандай еді. Қазір сол үзілген жіп қайта қалпына келді. Оқырмандар саны жылдан жылға артып келеді. Сол жарасымды жалғастық арқасында алпыс жылдан бері «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін қазақша күрестен республикалық турнир өтіп келеді. Сонымен қатар, оқушылар арасында  «Жақсылар, дастан айтайық» атты эпостық жыр жаттаудан сайыс өткізу дәстүрге айналды. Түркістан қаласының облыс орталығына айналғанына 1 және 5 жыл толуына орай жыр мүшәйрәсі өтті. Өңіріміздегі талантты өрендерді тауып, қолдау мақсатында жыл сайын проза, поэзия жанрлары бойынша бәйге ұйымдастырылады.  Мұның сыртында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бай тарихы туралы ұжымдық жинақтар шығарылды. Қызықты тақырып, үздік мақалаларға конкурс өткізілді. Бұдан басқа да іс-шаралар жалғасын тауып келеді.

Қазір де редакцияда  алдыңғы буын аталары мен ағаларының жолын жалғап келе жатқан журналистер жұмыс істейді. Олардың қатарында  халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сабырбек Олжабай, «Баспасөз саласының үздігі»  Нұрлан Кенжеғұлов, «Жыл журналисі Серікқали Жексенбай, сондай-ақ Дәулет Тұрсын, Ерлан Қуандық, Баян Дарғожина, Аман Жайымбетов,  Дилара Бименова, Ерболат Айнабеков, Альбира Пайызхан, Пернебай Сапаров сынды журналистер ағалар тігіп кеткен туды жықпай өнімді еңбек етіп келеді.

Бүгінде жүз жыл жасаған жампоз басылымда « Мезгіл мәселесі», «Жәдігер», «Кешегі кеңшар директорлары», «Нағыз дәрігер», «Мен әскерде жүргенде», «Әрекеті бар әкімдер», «Естен кетпес сол сәт», «Қораңда малың бар ма?», «Аулаңыз қандай, ағайын?», «Бұқара базынасы», «Жүз жасағандар», «Сот қараған іс», «Ол мықты мұғалім», «Бүгінгінің баласы», «Отбасы және отағасы», «Таныс та бейтаныс», «Бүгінгі сөз», тағы басқа да айдарлар бойынша берілген мақалалар оқырмандардың көңілдерінен шығып жүр.

Түптеп келгенде, шаңырағын Алаш тұлғалары шаншыған басылым елге қызмет ету жолында аянбай күресіп келеді. Редакцияның бүгінгі ұжымы қазақтың көсегесі көгере берсін деген ниеттің үстінде жемісті жолдарын жалғай бермек.

Ғасырлық тойларыңыз құтты болсын, әріптестер!

Абай БАЛАЖАН,

 Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің Бас редактор-директоры.

         

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button