Қазағының қазанатын іздеген

Сәдібек Түгел – бала жастан, ат жалын тартып мінген кезден көкірегі от-жалын, ұстанымы жоғары азамат. Еліміздің інжу-маржаны өр Алтай, асқар Алтай баурайында, асау Ертіс, ерке Ертіс жағасында дүниеге келіп, бүкіл саналы өмірін Ұлы дала мәдениетінің темірқазығы болып саналатын ұлттық ат ойындарының дамуына және елордамыз – Астана қаласының өсіп-өркендеуіне арнап келеді.
Бұл жолда Сәкең өршіл мінезі мен қайсарлықты, қайраткерлікті ұштастырып, дарынды ұйымдастырушы екенін танытып, небір қиындықтарға төтеп беріп, ел арасында зор абырой, беделге ие болып отыр. Жазушы, зерттеуші Сәдібек Түгел «Қайдасың, қазағымның Қазанаты?!» деп әлемге жар салып, елімізде алғашқылардың бірі болып халқымыздың асыл қазынасы, ұлттық құндылықтарының бірі де, бірегейі де болып саналатын қазанат тақырыбын жете зерттей білді және бұл ұғымды қоғамда кеңінен қалыптастыра алды. Бір өзі бірнеше институтқа жүк болатын игілікті жұмыстарды атқарды. Көп еңбектеніп, ізденіп қалың оқырманның құрметіне ие болған «Қазанат» кітап-энциклопедиясын Кеңес Рақышевпен бірлесіп 2006 жылы жарыққа шығарды. Сол жылы «Қазанат» кітабы Мәскеу қаласында өткен «Кітап өнері» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды және Қазақстанның ең үздік басылымы болып танылды.
Сәдібек Түгел жігіттік намысты ту етіп ұстап, дүние- мүлкін ломбардқа салып, аты аңызға айналған даңқты тұлпар Құлагерге «Астана-Көкшетау» автобанының бойында ескерткіш тұрғызды. Сенімді серіктерімен ұлттық спорт түрлерімізді дүниежүзіне танытты. Мажарстанда өткен Әлем шабандоздарының бірінші фестивалінде, Ұлыбританияның Лондон қаласында ұйымдастырылған Әлем бүркітшілерінің 1-фестивалінде, қазақ қөкпаршыларының Түркиядағы тарихи жеңістері соған дәлел. Сол жарыстарда Сәдібек Түгел бастаған қазақтар әлемнің 53 мемлекетінен озып, үлкен доданың 3 мәрте бас жеңімпазы атанып, елімізге үлкен абырой әкелді. Сәдібек Түгел – Ұлттық ат спорты федерациясының, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі. Ұлттық спорт түрлерінің жүйелі дамуына және ережелерінің алғашқы нұсқаларын жасауға белсене қатысып, Алматы қаласында өткізілген қазақ атбегілерінің тұңғыш құрылтайының бастамашысы болды. Сәдібек Түгелдің бастауымен «Қазақ атбегілерінің кодексі», «Ұлттық спорттың гүлденуі 2010-2020» бағдарламаларының және «Ұлттық спорт туралы» заңының жобалары дайындалып, жазылды. Қоғамдық негізде, мемлекеттен бір тиын қаржы алмай Ұлттық спорт түрлерінен 27 республикалық федерация, 16 облыстық, 80 қалалық, 165 аудандық, 325 ауылдық-селолық филиалдар құруға қатысты.
Сәкеңнің тікелей басшылығымен және ұйымдастыруымен 1995 жылдан 2013 жылға дейінгі аралықта бәйгеден, көкпардан, ат спортынан және барлық ұлттық спорт түрлерінен халықаралық, республикалық, аймақтық, аудандық, ауылдық деңгейлердегі жарыстар жоғары деңгейде өткізілді. Ол Ұлттық ат спорты федерациясы мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығын құру кезінде барлық облыстарға, аймақтарға өзі барып, жиналыстар өткізіп, қажетті жұмыстар істеді.
Сәдібек Түгел 1998 жылдың басында жарқыраған жаңа елордамыз – Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы болып, қайнаған қазанның, жаңа шаһар құрылысының басы-қасында жемісті жұмыс атқарды. Ол Астана баспасөзінің негізін қалады. Астана қаласының «Халықаралық баспасөз орталығын» құрып, 1500-ден астам әртүрлі елордаға қажетті ұлағатты іс-шаралар, соның ішінде баспасөз мәслихаттарын, кездесулер, журналистік семинарлар, басқосулар өткізді.
Соның ішінде Сәдібек Түгелдің идеясымен және тікелей басшылығымен өмірден ерте өткен дарынды астаналық журналист-қаламгерлерді еске алуға арналған «Олардың есімдері біздің жүрегімізде» – «В памяти наших сердец» атты кештері ұйымдастырылды. Сәдібек Түгел – Астанаға арналған 10 кітаптың авторы, Қазақ радиосы ұйымдастырған «Астананың 10 жылдығының қаһарманы» байқауы аталымының жеңімпазы. Оның қаламынан «Астана хикаялары», «Көк күмбезді Астана», «Астана – жерұйығы елімнің», «Астана – триумф страны», «Астана – город солнечной мечты», «Өсе бер, өрлей бер, Астана!», Дәурен Мұсамен бірлесіп шығарған «Алғашқы астаналықтар» – «Первопроходцы Астаны» кітап-энциклопедиясы, басқа да кітаптар туды.
Сәдібек Түгелдің бір қыры – қайраткерлігі. Ол досы Марат Нәбиевпен бірлесіп, «Бірлігі мықты ел озады!» ұранымен ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын «Ұлы дала қырандары» атты республикалық, қоғамдық, мәдени-әлеуметтік-халықтық қозғалысын құрды. Бұл қозғалыстың негізгі мақсаты – халыққа адал қызмет ету, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, Ұлы дала мәдениетін жаңғырту және ел бірлігін нығайту. Сәдібек Түгел тең төраға болған ұйым көптеген игілікті іс-шараларды жоғары деңгейде өткізді. Олардың ішінде «Ұлы дала – ұлттық рух!», «Бұлақ көрсең көзін аш», «Туған табиғатты аялайық», «Ауыл – алтын бесігіміз» атты елге қажетті акцияларды, Қытай елінде тұратын қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен танысу сапарын өткізіп, республика деңгейінде жастарды биік рухани адамгершілікке, ізгілікке, инабаттылыққа, арды сақтауға тәрбиелейтін жұмыстарды тиянақты жүргізіп жатыр.
Сәдібек Түгел Қазақстан Республикасы Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бастауымен құрылған «Парасат жолы» республикалық орталығының басшысы ретінде еліміздің 12 облысында болып, жүздеген игілікті іс-шаралар өткізіп, қалың қауыммен және жастармен кездесті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Әдеп комиссиясында тұрақты жұмыс істеп, мемлекеттік қызметтің заман талабына сай дамуына белсенді атсалысып отыр.
Дидар ОРАЛБЕКҰЛЫ