Жаңалықтар

ҚАЗАН ДЕЛЕГАЦИЯСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

ERA_9550

Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин Қазан қаласы мэрінің орынбасары Иван Кузнецов бастаған татарстандық делегация өкілдерімен кездесті. 

Жүздесу үстінде Андрей Иванович тамыры тереңнен тартылған түбі бір қазақ, татар халықтарының қарым-қатынасы туралы әңгімеледі.
2004 жылы Астана және Қазан қалалары арасында Бауырластық және серіктестік байланыс туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін екі елдің астанасы арасындағы ынтымақтастық күшейе түскен. Полимер өнімдерін шығару, каучук, шина жасау жағынан өндірісі озып тұрған Татарстанның бүгінгі экономикалық өсу қарқынынан хабардар екенін аңғартқан Астана әкімінің орынбасары жалпы Қазанның Ресейдің ІЖӨ-нің 0,4 пайызын құрауы үлкен көрсеткіш екенін атап өтті. Тарихы бай татар елі астанасының мәдени тұрғыда дамуы да туыстас Қазақ елін қуантатынын мәлімдеді.
Бұдан соң Астана әкімінің орынбасары елорданың даму барысы туралы сөз қозғады. Астана мәртебесін алғалы бұл қаланың аумағы 3 есе кеңейіп, халқы да қарқынды өсу көрсеткішіне ие болғанына тоқталды. Статистика бойынша, әрбір бесінші тұрғыны орта және шағын бизнеспен айналысатын қалада экономикалық өсу де, құрылыс жағы да тоқтаусыз алға басып келе жатқанын, Астана қазақстандық бюджет донорлығында алғашқы төрттікке кіретінін айтты.
Өз кезегінде ұшақтан түскеннен қазақтың қонақжайлылығына тәнті болғанын жасырмаған мәртебелі мейман елордамызға 2011 жылы қысқы Азия ойындары алдында келген екен. Әйтсе де, күн сайын түлеп, өркендеп отырған шаһардың даму динамикасы сүйсіндіретінін білдірді.
Мың жылдық тарихы бар, жыл сайын миллиондап туристерді қабылдайтын Қазанның жастар қаласы екенін де мәлімдеді. Тарихы бай, тарихи-мәдени жәдігерлері көздің қарашығындай сақталып келе жатқан қаланың алдында тұрған мақсаты да аз емес. Бұл орайда, Қазан мэрінің орынбасары Иван Кузнецов Евразиядағы жас та болса абыройы асқақ қала – Астанадан үйренетін үрдістер баршылық екенін жеткізді.
Кездесу барысында қонақтар аста­налық әріптестерін 2015 жылғы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында Қазан қаласында өтетін Су спорты түрлерінен әлем чемпионаты мен Еуразия Жергілікті билік конгресіне шақырды. Сонымен бірге, Еуразиялық интеграцияны тереңдету тұрғысында тізе қосып тірлік етуге үндеді. Бұл тұрғыда, Қазан аса мүдделілік танытып отырғанын мәлімдеген Иван Кузнецов бүкіләлемдік ұйымдарда қазіргі таңда Татарстанның бас қаласы да айтарлықтай маңызды рөлге ие болып келе жатқанын айтуды да ұмытпады.
Екіжақты кездесудің соңында Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин «Қалалар мен жергілікті билік бірлестігі» бүкіләлемдік ұйымының тең президенті, Еуразиялық бөлімінің президенті Қазан мэрі Ильсур Метшиннің атына жазылған аталған ұйымға мүше болу туралы Астана әкімінің қолы қойылған өтінішті табыстады.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button