Жаңалықтар

«Қазан шайқалса, ырыс шамданады»

тайказанннн

Бала күнімізде үйдің үлкендері «шәй құйған кесеңді шайқамай бер» деп отырушы еді. Бұдан соң біз орта белінен асыра қою күрең шәймен ырзықтандырылған кесемізді қолымыз қалтыраса да, шайқалтпай, иесіне түзу ғана тапсыруға тырысатынбыз… Кейін білдік, қызды кесірліктен сақтап, ұстамды, епті, салмақты болуға үндейтін бұл ырым ерте заманнан келеді екен.

Иә, «қазан шайқалса, ырыс шамданады» дейді халқымыз.
Бұл ырыс пен бақ ынтымағы ұйыған, бірлігі жарасқан елге қо­нады дегенді аңғарту болса керек.
Қазақ ежелден қазанын қас­тер­леген. Аталарымыз көшіп-қонғанда қазан-ошағын тастамаған деседі.
Өйткені, қазақ үшін қазан – ырыс пен ынтымақтың символы. Осы ұғымды жаңғырту үшін респуб­ли­калық «Қазақстан халқы ассамблея­сы – 20 ізгі іс» эстафетасының бас белгісі ретінде «Тайқазан» таңдап алынған еді…
«Тайқазан» шарасы талай құн­дылықтарымызды жаңғыртып, тарихты еске түсірді. Көреген қол­бас­шы Әмір Темірдің тапсырмасымен 1399 жылы әйгілі Тай­қа­занды жасатуға жер-жаһан­ның ең мықты ұсталары шақырылған екен. Түркістанның іргесіндегі Қар­нақ елді мекенінде дайындалған алып қазанды құюға табиғатта сирек кездесетін жеті түрлі металл қолданылған деседі… Диаметрі 2,5 метр, биіктігі 1,7 метр, салмағы 2 тонна Тайқазанның сыйымдылығы – 3 мың литр. Қаншама күшпен, идеялық тапқырлықпен жасалған, сыртына Құран сүрелері жазылған қасиетті қазаннан Әмір Темірдің сарбаздары тойып тамақ ішкен көрінеді… Жорықтардан келгенде Тайқазанға толтыра су құйып, ішіне қант қосып, шаршап-шалдыққан сан мың адамға «шәрбат» татқызады екен…
Жерінің кеңдігі бойынша дүние жүзіндегі мемлекеттер арасында тоғызыншы орын алатын Қазақстан да сол теңдессіз Тайқазан секілді ме дерсің…
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның соңғы сессиясында айтқандай, ХХ ғасырдың басынан Қазақстанға өзге елдерден 5,6 миллион адам қоныс аударған… Президентіміздің: «Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің көп этностығымызды саяси жүйе жасанды түрде жасап шығарды» дегені де сондықтан.
Рас, Қазақстан – бүгінде көп ұлтты мемлекет. Қазақстан атты бір елден, бір «қазаннан» 130-ға тарта этнос өкілдері ас ішіп отыр. Қазақ түрі мен тіліне, діні мен діліне, тегіне, ұлтына қарамай, қаңғалақтап келгеннің бәріне бірдей қазанынан дәм татқызады…
Мұндайда қазан иесіне құр­мет­пен қарау азаматтықтың, адам­дықтың қарапайым белгісі екені даусыз.
Ыдыс ішіндегі ырысты шайқамай, айналаға шуақ шашып жүру де қазақ үшін қиын болып тұрған жоқ.
Иә, Қазақстан атты қазанның бүтіндігіне бүгінде 17 миллиондай халық мүдделі… Оны оттан түсірмей, ырзықтандырып отыру да осынша адамға парыз.

P.S. Бүгінде шәй құйсам, бала күнімдегі үлкендердің «шәйді шайқамай бер» дейтін ескертулері есіме түседі.
Әр ыдыста ырыстың ұясы бар ма екен?!.
«Бір күнгі ұрыс қырық күнгі ырысты алады» дейді халқымыз… Ұрыс туғанда ыдыс сылдырамайтын кезі кем де кем.
Ендеше, ортақ қазаннан ас ішкен бар елдің мүддесі ортақ болуға тиіс емес пе?
Қазан түгілі, кесемізді шайқамайықшы.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button