Басты ақпарат

ҚАЗАНДА ҚАЗЫНА БАР

Редакцияның графит түстес кроссовері баяғының Тайбурылынша «ойпаң жермен орғытып, қырлау жермен қарғытып» келеді. Астана­дан Қазанға сапар бүгін түс әлетінде басталған. Негізінде діттеген жерімізге Қостанай – Магнитогор – Өфе арқылы 1800 шақырымдық төте жолмен жетіп баруға да болар еді. Бірақ біз ойластыра келе, бұл бағдарды қайтар жолға қалдырдық та, Ресейге ел ішімен – Қостанай, Ақтөбе, Орал арқылы баруды ұйғардық.

ҚИЯН ДАЛА, ҚИЫР ЖОЛ

Неге десеңіз, өкілтоп құрамындағы менің өзім де, сапарға Алматыдан ар­найы шақырылған журна­лист Ирина Бектиярова, «Астана» журналының art-директоры, фотограф Айнагүл Уралова, жүргізуші Қали да қазақтың ұшы-қиырсыз дала мұхитын дәл бұл бағытта кесіп өтіп көрмеген.

Әлбетте, мың шақырым қосымша жол жүру оңай емес: «жол азабы – көр азабы», дегенмен «мың естігеннен – бір көрген» де­ген сөз де бар ғой. Осы орай­да айта кетер жәйт, бұрын қандай болғаны қайдам, ал біз жүріп өткен шақта жолдағы елдің жағдайы оппозиция кірпідей сүйкімсіз етіп көрсетуге бейім жықпа-жығылма боп көрінбеді. Бір ғана жол инфрақұрылымын алайық. Егер Қостанайдың Денисов пен Адай дейтін елді мекендері аралығындағы «не жаздым, құдай» бөлікті есептемесек, өңге жерлерде баяғы ойқы-шойқы грейдерлердің ор­нына асфальт түсіп, қатынас кәдімгідей жеңілдеген екен.

Мизам ұшқан алтын күз. Күре жолдың екі қапталы машина доңғалағымен жа­рысып, дөңгеленіп қалып бара жатқан сарыкүйік шабындық, жұпар иісі аңқыған саналуан дала шөбі. Ала жаз­дай жаңбыр тамбай, егін атаулы (әсіресе күнбағыс) күйіп кеткеніне қарамастан, көк-ыраңға, алқапта қалған аңызға тойынған малдың іші шарбылы. Әрине, баяғыдай мыңғырған төрт түлік жоқ, үйездеген жылқы, тайқардай қара қой әредік қараң-құраң, ірі қара мүлдем дерлік көзге түспейді, оның бір себебін жалпы Қостанайдың шегінен сонау Ақтөбедегі дейінгі аралықты халықтың сирек қоныстануымен түсіндіруге де болар.

Есесіне Ақтөбеге таяған сайын қара-құра ел көбейе береді – Никельтау, Хром­тау, Дөң кен-байыту комби­наты дейтін аттары айтып тұрғандай, от-жалын ора­нып, ферросплав балқытып, никель мен хром алған қазақтың қақпақты қара қазанының бірегейі осында.

Шығыстың қос шолпанының бірі Әлия туып-өскен Ақтөбе мен Қобда аралығында жөнделіп жатқан бір бөлігін есепте­мегенде, Ақтөбе – Орал бағытындағы тас жол да «бес мүйнет Америка» са­натына қосқандай-ақ екен. Бес-алты жылдың алдында келгенімізде ойдым-ойдым боп жатқан Жымпитыдан Оралға апаратын қасқа жол да халықаралық стандартқа келтіріліпті. Осының бәрі Еуропа мен Қытайды тақтайдай автожолмен жалғап, капиталды бөгеліссіз жылжытқан трансұлттық ал­пауыт компаниялардың ықтиярымен болып жатуы да мүмкін, десе де, осының өзі объективті түрде транзит сауда жолының бойында жатқан елге пайда.

Шынтуайтында, Ресей, Бе­ларусь және Қазақстан ара­сында толыққанды жұмыс істеуге көшкен кедендік одақтың ұлт-мемлекеттердің ылғи да опысынан шыға бермейтін жақтары да бар шығар, дегенмен, мәселені тым саясаттандырмай, таза шаруа ретінен, соның ішінде жолаушының көзімен қарасақ, пайдасы аз емес екен: мысалы біз Самара бағытындағы Погадаева ше­кара бекетінен арғы бетке небары елу мүйнетте өтіп болдық. Бізбен бірге шіретте тұрған жүргізушілердің ай­туларынша, кедендік одақ құрылмай тұрғанда бұл бекет жұртты сағаттап сарсылтып қояды екен.

САМАР АСЫП, СІМБІР БАСЫП…

Бүгінде «арғы бет» дейміз, ал бұрынырақта Самар – озса түркі, қалса қазақ жайлаған мекен-жер болғаны өлкенің атынан да («самар» – түркіше «семіз, құнарлы өңір» дегенді білдіреді), жол бойында ұшырасқан өңге жер-су атта­рынан да байқалып тұрады. Мысалы, «Большой умёт» деген елді мекен атының екінші сыңарын жанымда отырған орыс тілінің білгірі Ирина түсіндіріп бере ал­мады, ал оған «умёт» – «үміт» дейтін қазақ сөзі екендігін айтқанымда қатты таңғалды.

Самар жер бедерімен де біздің даламызға келіңкірейді. Айырмасы, мұндағы елдің үй-жай, қора-қопсысы бізге қарағанда әлдеқайда жинақы, ауылшаруашылық техникасы да жұнттай боп, қызыл-жасыл бояуымен көз тартады. Самар күнбағыс өсіретін ел екен, биыл біздегідей тым пәс боп өспей қалғанына қарамастан орып алып, сүрлем салып жатыр. Алғашқы сығындысынан өсімдік майын алады, одан қалған жмыхты алуа жасауға тапсырады. Қалдықсыз технология. Бір сөзбен айтқанда, ресейліктер әлемдік нарықта дәнді дақылдардан бұрын майлы дақылдарға сұраныс артып тұрғанын әрі соңғысының экономикалық тиімділігі жоғары екенін дәл бағамдап, іштей қазықбау шалған. Осынау қос міндетті олар жеке-дара бөлінбей, мойын-серік боп ұжымдасып атқаратынын айтсайшы. Шаруа қожалығы да емес, «құлақ» та, «сирақ» та емес, кейде өздері бұрынғы әдетпен «совхоз» деп атап қалатын ауылшаруашылық кооперативтері баяғы кеңшар дәбін негізінен сақтаған. Кооперативтер бұрынғы үрдіспен қазақтың ақбас сиырының да басын кемітпей отыр. Ірі қараның бұл түрі өз отаны – көршілес Батыс Қазақстан облысында жойдасыз кеміп кеткенін білетін біз дереу интернетті ашып, мәлімет сауып көріп едік, Ресейдегі қазақтың ақбас сиырының басы жар­ты миллионды төңіректеп тұр екен!

Қандай да бір аймақтың гүлденіп-көркеюі, не болма­са құлдырап-азуы жергілікті халықтың дәрменділігіне байланысты ма, әлде сол халық өз бұйда-тізгінін сеніп тапсырған басшыға байланысты ма? Самарды көктеп, Ульянов облысының аумағына өткенде осындай сұрақтардың қоршауында қаласың. Сімбір де, аты ай­тып тұрғандай, бір кезде ата-бабамыз ат суарған көне қонысымыз, тарихи ситуацияда жаттың қолында кетіп, бүгінде түркіленген фин-өгір жұрты чуаштың, соңыра келген орыс шаруаларының мекен орнына айналған. Көк Еділдің орта

ағысында көк-ыраң ора­нып жатқан көрікті өңір Самармен салыстырғанда күйі кетіңкіреп тұр екен. Жолы ішек-бауырыңды қолқ еткізіп түсіргендей, деревняларындағы үйлердің көпшілігінің-ақ құлауға қолы тимей тұр, соған қарамастан барлығына дерлік газ тартылған.

Сапарымыздың екінші күні өзіміз маңдайға алған Татарстан жеріне кірдік. Екі араның жігін көрсетіп тұрған қалқаншаны қиып өте салысымен тақтайдай тегіс жол басталды. Екі жағымыз сыңсып отырған жып-жинақы, тап-таза айыл мен кент. Татар нешеме жыл бөгденің дәргейінде келе жатқанына қарамастан, дінін, ділін берік сақтап қалған халық қой. Яр Чаллы – Набережные Челны, Чистай – Чисто­полье сияқты аты қолдан орыстандырылған кейбір ірі өндіріс ошақтары болмаса, былайғы жер-су аттарын өзгеріске ұшыратпапты. Республиканы Шәймиев басқарған жылдардан бері қара топырақты өңірді танап қалдырмай өңдеп-баптап, жерді қамырша илеп отыр. Нәтижесі – күткендегідей. Бүгінде татар халқының 70 пайыздан астамы қаладан тыс жерді қоныстанып, ауылды ұлттың ұйытқысына айналдырған. Мұнда субур­банизация – қалалықтардың ауылды қоныстану қарқыны да жоғары.

Чистай қыратына көтерілдік. Сонадайдан алтын білезіктей жарқ етіп айдын шалқар су көрінді. GPS-навигатор Қама өзенін көрсетіп тұр. Құдауанда, бір жағасынан қарасаң екінші жағасына көз жетпейтін мұндай жойқын өзенді өмірімде көрмеппін. Көпірмен сүт пісірім жүріп әрең кесіп өттік. Қама осы тұста Куйбышев су қоймасына ұласып, айтыл­мыш қолтума теңіз арқылы Еділге барып құяды. Осын­шама мол сумен молыққан Ана Еділ орта ағысының өзінде қандай жойқын екенін көзге тек елестете беріңіз.

Сулы-балқашты өңірдің аспаны да ылғи бұлт шақырып тұра ма, әйтеуір, межелі жерге қараңғылық әбден қоюланғанда жаңбырлатып жеттік-ау.

МЫҢЖЫЛДЫҚ МЕГАПОЛИС

Армысың, қазыналы Қазан! Сені бағзыда тақырдан тұғырға көтеріп, хан қала қылған Көк Орда әмірі Ұлығ-Мұхамед сол сапарына Жайықтан, Берке Сарайдан аттанғанын білемісің сен?! Әнеу бір ғасырда Қаһарлы Иван іргеңді үш дүркін шайқалтқанда ішінде жа­уынгер қазақ жасағы бар Ноғайлы мырзалары На­рын құмынан шұғыл жетіп, осы жерде қасықтап қан төккенін, бұл жәйт қазақтың қаһармандық жырында тама Нәріктің Шорасының ау­зымен айтылатын: «Мен Қазанға жеткенше,/Қан жаумасын, қар жаусын,/Мен Қазанға жеткесін,/Қар жаумасын, қан жаусын!» дейтін рухты атой сөзбен таңбаланып қалғанын ұмытпадың ба сен?!

Жоқ, тамырластық, тағдырластық ұмытылмайды екен. Ұмытылса, Татреспублика үкіметі журналымыздың шығармашылық тобын өздеріне қонаққа шақырар ма еді. Үкімет бізді қарсылауды арнайы тапсырған «Татме­диа» холдингіндегі кардаш­тар «Бауырларымыз келді!» деп, алдымыздан жапырлай шықпас еді ғой.

Ертесіне бізді холдингтің бас директоры Ирек Мин­нахметов мырза қабылдады. Отызға да ілікпеген Ерік 218 басылымды бір жер­ге топтап, арқауын шира­тып отырған акционерлік қоғамның жұмыс ретімен, елдегі ақпараттық саясаттың қыр-сырымен таныстырған соң холдинг ғимаратында орналасқан республикалық «Татарстан», «Сүйімбике», қалалық «Казань» журналдарының редакцияларында болдық. Біздің әсіресе ынта қойғанымыз ғасырлық тарихы бар «Сүйімбике» әйелдер журналының бастамасы­мен өткізіліп келе жатқан Мұсылман әйелдер киімінің дефиле-көрмесі болды. Ай­тылмыш шара – мұсылман қыз-келіншектерінің киім үлгісін бет-ауызды түгел тұмшалап тастайтын хиджабқа аққұла теліп, дүйім жұртқа құбыжық қылып көрсетуге бейім батыстық жалған көзқарасқа қарсы ағартушылық бағыттағы жоба. Басқаша айтқанда, дефилені ұйымдастырушылар ислами киіммен батыстық сән арасынан әйелдің зейнет жерлерін жа­уып тұратын, сонымен бірге қынайы мен бүрмесі көз тар­татын жарасымды үлгі табу­ды көздейді. Дефиле осыған дейін Қазанда өткізіліп келе жатқан Халықаралық мұсылман кинофестивалінің аясында көрсетіліп келген екен де, биылдан бастап бөлек отау тігіпті.

Мұсылман кинофестивалі – осыдан сегіз жыл бұрын тұсауы кесілген, жыл сайын сексенге жуық ислами киноөнімінің басын қосатын үлкен жоба. Биылғы бас қосуы біз келерден бірнеше күн бұрын шымылдығын жапқан екен. Бізді Кине­матографистер одағы орналасқан «Мир» ки­нотеатрында қабылдаған фестивальды ұйымдастыру комитетінің өкілі, республи­ка Мәдениет министрлігі ки­нематография секторының меңгерушісі Светлана Юнусованың әңгіме аңғарынан ұққанымыз, кинофестивальдың затында әлдебір діни әсер-түсінік жоқ, ынта қоюшы қай ел бол­сын оған өз өнімін ұсына ала­ды. Мұндағы гәп Мәскеудегі Кинотавр, біздегі Еуразия кинофестивальдері сияқты астана қаланы халықаралық кино орталығына айналды­ру ниетінде жатса керек. Оның үстіне бүгінде деректі бірнеше фильм түсірумен ғана шектеліп, жанрлық, art-хаус ыңғайындағы дүниелер бере алмай отырған та­тар кинематографын та­бан орнынан жылжытып жіберуді көздеуден туған амал сияқты. Фестивальға әр жылдары шақырылған қонақтардың арасында атақты француз киноактри­сасы Катрин Денёв сияқты танымал тұлғалардың бо­луы, Мәскеу мен Санкт-Петербургтен белгілі өнер тарландарының ат ізін салып отыратыны осыны аңғартады. Татарстанда жергілікті ұлт өкілдерінің жан саны республика халқының жетпіс пайызынан көбін құрайды (шамамен 4 миллион), ал әлем бойынша алғандағы саны 15 милли­он шамасы. Яғни, үштен екісі шетте жүр. Ендеше, татарлардың қай мәселеде болсын шетте жүрген қандастарына арқа сүйеуі түсінікті. Айта кетер жәйт, биылғы кинофестивальға Мәскеуден белгілі киноак­тер Сергей Шакуров кеп қатысқан екен. Оның әкесі Татарстанның Алабұға (Ела­буга) қаласының тумасы екенін осында білдік.

Қазан болашақта кино ордасына айнала ма, жоқ па, оны уақыт көрсете жатар. Ал бүгіннің өзінде қала қалың жұртшылықтың пікіріне сәйкес «Ресейдің спорт астанасы» дейтін бейрес­ми атақты еншілеп қойған. Республика басшылығының көп жылдық табанды саясатының арқасында мұнда спорттың футбол, шайбалы хоккей, волейбол, баскетбол, жекпе-жек өнері және ауыр атлетика сияқты түрлері қарыштап дамып келеді. Ре­сейде, дүние жүзі көлемінде аузымен құс тістеп тұрған командалар – футболдағы «Рубин», хоккейдегі «Ақ барс», волейболдан биылғы Лондон Олимпиадасының алтын жүлдегері Ресей құрамасында бірден бес ойыншысы ойнаған «Зе­нит», баскетболдағы «УНИКС»….. тізім осы­лай жалғасып кете береді. Жылма-жыл «Татнефть» компаниясының көмегімен өткеріліп жүрген М-1 селекшн турнирі та­лай панчерді тәрбиелеп шығарды. Лондонда біздің Ильинге қарсылас болған Диманов – қазандық ауыр атлетика мектебінің өкілі. Корттағы теннистен әлемдік ондық ішінде жүрген ағалы-қарындасты Марат және Динара Сафиндер де осы өңірдің тумасы екенін айта кету жөн.

Қала осылайша спорт әлемінде даусыз мойындалып қойғандықтан федералдық биліктің үлкен дода­ларды Қазанға қарай ауда­рып, қомақты қаржы бөліп отыруы заңдылық сияқты қабылданады. Сол жоспарға орай Қазанда алдағы жылы XXVII Дүниежүзілік жазғы Универсиада, 2018 жылы фут­болдан әлем біріншілігінің кейбір матчтары өтетін бо­лып белгіленген.

Бүгінгі Қазан бірыңғай Универсиадамен тыныстап отыр. Федералдық билік те басты студенттік біріншілікке айрықша мән беруде. Айт­са айтқандай, ауқымы мен маңызын Олимпиялық ой­ындармен ғана салыстыруға болатын мұндай жоғары дәрежелі жарыс Ресейде 1973 жылдан бері өткізілмеген екен. Қазан Универсиада­сы шынтуайтында Сочиде өтетін Қысқы Олимпиялық ойындардың басы, прелюдиясы ретінде қарастырылған. Бұл ірі екі шара біріге келіп Ресейді әлемге жаңа, за­манауи, инновациялық, спорт мемлекеті ретінде та­нытуы тиіс. Универсиада қаладағы 64 спорт нысанын­да өткізілмек. Соның отызы жаңадан салынып жатыр. Қала алып құрылыс алаңына айналған. 1991 жылы алғаш келгенімде кеңестік сұп-сұр реңкімен қарсы алған шаһар 2005 жылы 1000 жылдық тойын тойлағанда жабағы жүнінен арылып, кәдімгідей түлеп қалған екен, енді Универсиаданы пайдала­нып, нағыз заманауи мега­полис дәрежесіне жететін түрі бар. Қай жерге қарасаң да қалқиып, күн санап өсіп келе жатқан алып нысандар, топырағы бұрқырап жатқан болашақ жолайырықтар мен көпірлер. Мәскеуде «мазаң шақ» кезінде көлік сағатына 15 шақырым ғана жылжи­тынын білетін едік, мұнда таңертеңгі, түскі және кешкі уақыттағы қозғалыс сағатына небары 5-6 шақырым. Қазан метрополитені біздің Ал­маты метросы сияқты қатарға жаңадан қосылған инфрақұрылым, бір бағытта жеті стансасы ғана бар метро тұрғындар сұранымын толық өтей алмай отыр. Сондықтан қашанғыдай қала халқының тарапынан болатын күңкіл-сүңкіл де аз емес. Кептелектің азабын күніге тартып жүрген олар тұрмақ, өзіміз тоқтаған «Сафар» мейманханасы мен Президент әкімшілігі орналасқан Кремльге дейінгі төрт аялдама жерді екі сағат жүріп өткен біздің де жігеріміз құм болғаны рас.

(Жалғасы бар).

 

Мақсат ТӘЖМҰРАТ,«Астана» журналының директоры – бас редакторы 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button