Қазанғаптың күйлері күмбірледі
«Қазақстан» орталық концерт залында күйші-композитор, Мәдениет қайраткері, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының күйшісі Еділ Басығараевтың «Күй шақырғыш» атты жеке концерті өтті.
Дәулескер күйші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай жүргізген концерт күйші Қазанғап Тілепбергенұлының 170 жылдығына арналды. Кеш иесі де Қазанғап мектебінің өкілі, оның күйлерінің бірден-бір насихатшысы. Концерттік бағдарлама да негізінен Қазанғаптың күйлерінен құрылды. Күй кешінде оның нотаға түспеген екі күйі орындалды. Әр күй орындалмас бұрын шығу тарихы баяндалып, тыңдармандарға қазақ мәдениетінің философиясын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Елшібаева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ардақ Елеусіз, республикалық байқаулардың лауреаты Әлихан Дүйсенбай өнер көрсетті.
Дайындаған Аманғали ҚАЛЖАНОВ