Айтпайын-ақ деп едім!

Қазаны естіртудің де әдебі бар

«Жан бар жерде қаза бар» екені рас. Пенде баласының ерте ме, кеш пе, ажалдың алқымында кететіні – айнымайтын ақиқат. Атамыз қазақ бұған «Тумақ сүннет, өлмек парыз» деп үлкен сабырмен қарап, қаза болған адамның жақындарымен қайғысына ортақтасып жатады.

Ұлтымызда өлім жөнелтудің де қалыптасқан қағидасы бар. Соның бірі – естірту. Естірту – қаза болған адамның қайғылы хабарын оның жақын туыстарына хабарлау рәсімі. Ауыр қаза, қайғылы оқиғаны жанашырларына, ел-жұртына арнаулы естірту дәстүрі қазақ халқында ертеден бар. Ардақты азаматы немесе үйдің жанкүйер жақын, туыстарын азалы хабарға дайындап, әзірлеп алу үшін халқымыз естірту дәстүріне аса мән берген. Оны естірту барысында да қалай болса солай айта салмай, ауылдың ақсақалдары немесе жасы үлкен, аузы дуалы азаматтары арнайы келіп, жайлап сабырға шақырып, естірткен. Мұндағы мақсат – тосын келген қазаның сол адамға қатты соққы болуынан сақтану. Өкінішке қарай, қазір осы дәстүріміз де сұйылып, біреу қайтыс болыпты десе, алдымен әлеуметтік желіде шулап қоя беретінді шығардық. Керек десеңіз, мәйіттің денесі суымай жатып, Facebook сияқты әлеуметтік желіде «аһлеп, үһлеп» көңіл айтып, «жұбататын» болдық. Ал сол адамының алыста жүрген, хабар жетпеген туыстары қайғылы хабарды әлеуметтік желіден көрсе қалай болады? Осы мәселені мүлде ескермейтін болдық. Оның үстіне, қабырғасы сөгіліп, қан жылап отыр­ған адам қалай әлеуметтік желіге қарайды? Нағыз жанашыр жақының болса, барып жұбатып, тоқтау айту ең негізгі міндет емес пе? Осыны біле тұра алдымен «сүйінші» сұрағандай, әлеуметтік желіде шулап қоя бергеніміз дәстүрге томпақ, адамдық этикаға да жат екенін ескерсек нетті?! Әдепті де ойлайық, әлеуметтік желіні де орнымен қолдана білейік, ағайын!..

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button