Қоғам

Қазанымыз ортақ, қайғымыз неге бөлек?

Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған қаламгер, редакторлардың редакторы, халқының қайғысына жаны ауырып, елінің қуанышын өз бақытындай көрген, ұлт болашағы мен бақыты үшін күресіп өткен қайраткер Шерхан Мұртаза дүние салды өткен аптада.
Жеті күндік асы да келді, міне.

Шерхандай алыптың қазасы үстінде қалың қазағы ғана қайғырғандай көрінді бізге. Оның өзінде негізінен, қазақ тілінде оқып, қазақша сөйлейтін қазақтар ғана. «Қазақстан» телеарнасы, қазақша газеттер, қазақша сайттар, әлеуметтік желілердегі қазақтар бір-біріне көңіл айтып, күңіреніп жатты…
Елбасы Н.Назарбаев туған-туыс­тарына көңіл айту жеделхатын жолдап, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалаған жылдарда жанында жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты деп баға берген Шерхан
Мұртаза қазақтың ғана қастерлі тұлғасы ма еді?..
Неге бұл қазада қазақ қана қара жамылды? Неге қадірлі тұлғамызды қазақ қана жоқтады?
Иә, қазақ журналистикасының патриархы, атасы дүниеден өткенде еліміздегі барша ақпарат құралдары қайғыға ортақтаса алмағаны өкіндіреді.
Қайран қазақ маңдайының жұлдызы жарқырап, еліне қызмет еткендерді тіліне де, түсіне де, нәсіліне де қарап алалаған емес. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен дүниеден озғанда оны өз баласындай көріп боздаған қазақ әйелдері қаншама?! Неміс ұлтының өкілі Герольд Бельгерді «Гер-аға» деп, көпшілік төбесіне көтерді. Ал лауазымды қызметтер атқарған Сергей Дьяченконы Фаризадай аңызға айналған қазақ ақыны жерленген ұлттық қорымға қатар жатқызды…
«Қазаны бөлектің қайғысы бөлек» деген бар. Қазақстанның ортақ қазанынан ас ішіп отырған халықтың бәрінің қайғысы да, қуанышы да бір болуға тиіс еді ғой…
Біздің қазанымыз ортақ. Бірақ қайғымыз неге бөлек?

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button