Басты ақпарат

Қазақ әйелі не үшін сәлем салады?

…2010 жылы Бекет Атаның 260 жылдығына бардық. Жиынның үшінші күні аламан бәйге 300 киіз үй тігілген Жыңғылды сайында өтті. Біз үйге кіргенде көздің жауын алатын нақышты қамзол, бүрмелі көйлек киген келіншектер сәлем салып жатты. «Бақытты бол!» «Көп жаса!», «Ұл тап!» дестік.

[smartslider3 slider=3794]

Дастархан басында ортаға әйелдер не үшін сәлем салады деген сұрақ ­тасталды. Оған сол жердегі жас келіндер «ізет, құрмет қой» деп жауап беріп жатты. Тек жасы алпысты алқымдаған бір апай ғана:

«Ізет, құрмет – сәлемінің сыртқы мағынасы, ал, ішкі мағынасы – алған жарының аман болғанын Тәңірінен тілеу! Оның дәлелі – қазақ әйелі күйеуі өлген күннен бастап сәлем салуын тоқтатады. Тоқтату міндетті емес, бірақ салмауына болады, өйткені Тәңірі оның тілегін орындамады ғой!» деп жауап берді.

Келіншектер: «Апай, айтқаныңыз қандай жақсы болды, күйеуі өлсе салмайтынын естігенбіз, бірақ, не үшін екенін білмейтін едік» деп, риза болып қалды.

Демек, әйел атаулы «алғаным аман болса екен!» деп шын жүректен тілесе, сәлем салуға тиіс. Тіпті, «оқу өтіп кеткен» дейтін қайнаға, қайната тап болып, «салмай-ақ қой!» десе де «мақұл, көке!» деп алып, сәлем сала бергені жөн, өйткені оған алғанының аман болғаны ғой ең керегі. Бірақ, әйел жесір қалған соң да ізет үшін сәлем салуын тоқтатпаса, ешкім оған ұрыспайды, қайта батасын береді.

Қазақтың исламға дейін ­қалыптасқан тағылымға толы осынау керемет салтын көнердіге санап, күресінге лақтырып жібергісі келетіндер де бар. Ал, негізі «Алла-Тағала Адам Атаның қабырғасынан Хауа Ананы жаратқан соң, «міне, сенің өмірлік серігің» деп ­таныстырғанда оның басына ақ жаулық салып көрсеткен екен, Хауа Ана Адам Атаға иіліп сәлем салыпты» деп жазады «Салт-дәстүр сөйлейді». Біреулері бұны оның мән-мазмұнын білмегендіктен, алдыңғы буын айтпағандықтан, дәстүр тамыры үзіле бастағандықтан істесе, екіншілері әсіредіншілдікке ұрынады.

Мысалы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Сенбілік таң» хабарын жүргізуші қыз жасы 40-тан енді асқан әнші Нұрлан Еспановтың келіншегіне «әлі күнге дейін сәлем салады екенсіз ғой, көрерменге де бір сәлем салыңызшы» деді. Өтініші орындалды. Қазақтың бұл қызына қазақтың салты таңсық көрініп тұр…

Қазақтың даласы мен тауын қажымай-талмай зерттеген еңбегі үшін фамилиясына қосымша ат жалғанған орыс ғалымы академик П.Семенов-Тянь-Шанский: «Қазақтарды оқытып қажеті жоқ, олардың салт-дәстүрлері тұнып тұрған білім!» деген екен. Құндылықтың бағасына жете білетін ғұлама солай тамсанса, «АҚШ демократиясының атасы» атанған, осы мемлекеттің негізін салушылардың бірі, оны 8 жыл басқарған Томас Джефферсон есімді әлемге әйгілі саясаткер: «Жақсы заңың болғанша жақсы дәстүрің болсын!» деп шорт кеседі. Неге олай қатты айтады? Өзінің мемлекетінің халқы қырық рудан құралған ел болғандықтан тамыры тереңге кеткен әдет-ғұрыптан мақұрым екенін көргендіктен, және оның орнын ешнәрсе толтыра алмайтынына көзі жеткендіктен айтып отыр.

Біздің ұлтымызға бүгінгі таңда ең керегі – бірлік. Татулық. Ынтымақ. Ауа жайылушылықтың кез келген түрі, оның үлкен-кішісі болмайды, ұлттың ыдырауына ғана жұмыс істейді. Дін де ұлтқа, ұлттың бірлігіне қызмет етуі тиіс. Дін – адам үшін, адам – дін үшін емес! Алла-Тағала: «18 мың ғаламдағы жаратқан нәрсемнің ішіндегі ең абзалы – адам!» деген екен. Ортамыздағы көзі тірі ғұлама Абдулла қажы Жолдасов ағамыз: «Дін – халық үшін! Ең әуелі халықты халық ететін оның тілі, одан кейін салт-дәстүрі, содан кейін барып діні. Дін – салт-дәстүрге сүйеніп, ақыл-ойдың арқасында өмір сүретін адам баласын жаңылыстырмайтын, адами жолдан шығартпайтын қалып» дейді.

Ендеше, біз де ата-бабамыздың мыңдаған жылдар сүзгісінен өткен, сол арқылы өзінің өнегелі-үлгілілігін, өміршеңдігін дәлелдеген салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды көзіміздің қарашығындай сақтағанымыз, әсірешілдікке ұрынбағанымыз абзал болар.

Өмірзақ Ақжігіт

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button