Мәдениет

Қазақ ауылы «Хан-Шатырға» қонады

Алдағы 31 мамыр мен 2 маусым аралығында елордада алғаш рет «Nur-Sultan Ethno Fest» атты этномәдени мерекесі өтеді. Бұл айтулы шараны қалалық әкімдік Қазақстанның этноспорт қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.

«Хан-Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының алаңында киіз үйлер тігіліп, аттар мен қыран құстар көрмесі ұйымдастырылады, сондай-ақ келушілер құмыра жасау ісімен танысады, ортағасырлық стильдегі этнобазарды аралайды.
Этноауыл аумағында орналасқан киіз үйлердің жанынан ұлттық кәдесыйлар сатылатын арнайы жәрмеңке өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары үш күндік фестиваль аясында ақындар айтысы, мерекелік концерт сияқты шараларды тамашалап, найза лақтыру, қол күресі, мас-рестлинге, садақ ату және серке көтеру жарыстарында күш сынасады.
«Бұл фестивальдің ерекшелігі – жиналған қауым қазақ халқының салт-дәстүрі және әдет-ғұрпымен етене танысады. Шара аясында садақ атудан бірінші рет «Алтын жебе» атты әлем чемпионаты өтіп, оған әлемнің 20 елінің мергендері қатысады» дейді Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.
Сонымен қатар 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында «Nur-Sultan Ethno Fest» аумағында балаларға арналған аттракциондар жұмыс істейді. Фестивальдің кішкентай қонақтары елордалық Қуыршақ театрының үздік қойылымдарын тегін тамашалайды, атқа мініп, асық ату, ләңгі ойындарын ойнайды, отбасылық эстафетаға қатысады.
Айта кетейік, фестивальдің ресми ашылуы 31 мамырда кешкі сағат 19:00-де басталады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button