Таным

ҚАЗАҚ БАСКЕТБОЛЫНЫҢ ҚАРЛЫҒАШЫ

Ел спортының өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген Шолпан Дүйсенова – елеп-ескеруге әбден лайық жан

[wppa type=»slideonly» album=»42″ size=»auto»][/wppa]

Аяз буған ақпанның ақырғы күні еді. Қарлатып, борандатып Қарағандыға келген «Астана ақшамының» тілшілерін жасы бүгінде тоқсанға жуықтаған Шолпан апайдың өзі жайраңдап қарсы алды. Қаланың қақ ортасында қушеке Хрущевтің көзіндей боп қалып қойған екі қабатты ескі үй бізге тым жұпынылау көрінді. Көктегіні көксейтін көңілімізге жүгінсек, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш баскетболшы ретінде ұлықталып, есімі Ұлттық энциклопедияға енген ардақты адам сән-салтанаты келіскен сәулетті жерде тұруы керек секілді. Бұл ой осы облыстағы атқамінер азаматтардың басына қалай келмеді екен?! Әншейінде боғымызды боталы түйеге балап, ал керек кезінде барымызды бағалай білмейтін керкетпе мінезіміз қашан түзелер екен?!

 

Қартайғанда елеусіз қалғандай

Кәріліктің кәріне ұшырамас пенде болмас сірә, бұл пәниде. Мықтылығыңды байқайын, уақыт уытына бой алдырмай көр! Ондай «олжадан» алдымызда отырған кейіпкеріміз де құралақан емес екен. Кезінде ақ таңнан қара кешке дейін шапқыласа шаршамайтын екі аяқ қазір қарыс қадамның өзін ауырсынатын жағдайға жеткен. Бас ауырып, балтыр сыздау жиілеген. Басқан ізінен қар еритін баяғы күні жоқ. Жалғанның әрбір жарық күніне жанар қарықтырғанына шүкіршілік етіп, жүріп жатқан жайы бар. Қалжыңы жарасқан қатар құрбылардың қарасы азайған. Тым болмаса телефонмен тілдесер тірі жан табылсайшы! Басқа шаруалары бастарынан асатын үлкенді-кішілі ұлықтар мұнда ат ізін салуды мүлдем ұмытқан. Әйтпесе, ел спортын дамытуға қомақты үлес қосқан даңғайыр әжелеріне жас толқын өкілдері жарыса сәлем беріп жатса, жарасар еді-ау, шіркін! Алда-жалда шекпенді шенеуліктердің ақылы жетіп, абыройлы ардагерді мемлекеттік марапатқа ұсына қалса, нұр үстіне нұр.

Жалғыз қызы Сәуленің қабағына қарап жапақтаған кейуананың ендігі арманы – аялап өсірген жиен немересінің үйленгенін көру. Өзінің өткен өміріне өкінбейді. Ең бастысы, еліне адал қызмет етті. Толғауы тоқсан тірліктің ащысы мен тұщысын қатар татты. Сынып кетуге сәл қалған сындарлы сәттерде сыр бермеді. Жанына талай жара түссе де жақсы күндерден күдер үзбеді.

 

Халық жауының қызы

– Түріме қарап түбімде бір «шикілік» барын байқап отырған шығарсыңдар. Анам Жауһар Мәскеудегі КомВУЗ-ды бітірген башқұрт қызы болатын. Анажұртыма тартсам, несі айып?! Ал, әкем Дүйсенов Сұлтан Семей жақтың тобықтысы. Зайсанда қалалық тұтынушылар қоғамын басқарып тұрғанда ауырып, дүниеден қайтты. Онда мен небәрі үш жаста едім, – деп әңгімесін әріден бастаған Шолпан апай тағдыр тауқыметін көбірек тартқан балалық шағынан сыр шертті: «…Кейін шешем Ғайса Ноғасбаев деген облыстық халық ағарту бөлімінің меңгерушісіне күйеуге тиді. Ол мені туған қызындай бағып-қақты. Көп кешікпей отыз жетінің ойраны басталды да, өгей әкем ұсталып кетті. Сталиндік солақай саясаттың жендеттері бізді желкелеп, пәтерімізден қуып жіберді. Жалған жала жабылған байғұс басымыз арызданып ешқайда бара алмаймыз. Содан әркімнің подвалын паналап, пұшайман халге түстік. Егіз інілерім Мұрат пен Марат бұл қиындыққа шыдамай, қыршындарынан қиылды. Екі ұлын жерлеп, еңкілдеп жылап келе жатқан жерінен мамам тұтқынға алынып, «Қарлагқа» айдалды. Артында аңырап қалған Болат екеуімізді балалар үйіне жөнелтті. Неге екенін қайдам, біздің басқа балалармен бірге тәрбиеленуімізге сол уақыттың тәртібі бойынша рұқсат берілмейді. Он жасқа толып, оң-солымды айыруға жараған мен үшін бұл айырылысу аса қиынға соқты. Үнемі байырымды іздеу үстінде болдым. Детдомдағы тәрбиешілердің дегеніне көнбей талай таяқ та жедім. Қорлық көрген қорғансыз күндерім еске түссе еріксіз жанарым жасқа шыланады. Қарақтарым, ондай қасірет енді қайталанбасын…

Сонымен қойшы, 1942 жылы анам аман-есен абақтыдан босады. Павлодар облысының Май ауданындағы Мойка ауылына барып, әскерилердің отбасын қамтамасыз етумен айналысатын мекемеге жұмысқа тұрды. Ары-бері шапқылап, бізді тауып, өзінің қасына алды. Сол жақта әйтеуір аштан өлмей, көштен қалмай мектеп бітірдім. Ертісті қыста шанамен, жазда қайықпен ендей өтіп сабаққа баратынбыз. Еркек кіндіктінің бәрі майданда. Тылда ылғи қатын-бала ғана қалды. Соғыстың тезірек жеңіспен аяқталуын тіледік күні-түні. Ересектермен еңбекке араласып, ерте есейдік». Шолпан Сұлтанқызы ойға шомып, ұзақ уақыт үнсіз отырды.

 

Арманын аялаған Алматы

Өмірдің өзі шыңдаған өрімдей бойжеткен он жетіге толғанда арман қуып алыстағы Алматыға аттанды. Ауылдан ала шыққан жарты қап кепкен нанды ертелі-кеш талшық етіп, алма бақты астанадан жоғары білім берер оқу орындарын іздеді. Ақыры эвакуациямен Алатаудың баурайына көшіп келген Севастопольдің кеме жасау техникумына оқуға түсті. Бірақ, жатақхана берілмеді. Көрінген бұрышта түнеуіне тура келді. Сөйтіп салы суға кетіп, жабығып жүргенде көшеде ілінген хабарландыруды көзі шалып қалды. Тау-кен институтының дайындық бөліміне құжат қабылдайды екен. Сынақтан сүрінбей өтіп, студент атанды. Жатақханаға жайғасып, стипендия алып, бір жырғады-ай сонда көңілі көк жайлауға қонып.

Тау асып, тас басып кен іздеп кетер ме еді, кім білсін, егер мұның өмір-өзені басқа арнаға бұрылып кетпегенде. Кейде кездейсоқтық та көп нәрсені шешетіні талас тудырмаса керек.

Ұлы жеңістің құрметіне Мәскеуде физкультурашылардың Бүкілодақтық шеруі өтетін болып, соған қатысатын Қазақстан делегациясын жасақтауға іріктеу басталады. Жастайынан жұмыс жасап шыныққан, сәмбі талдай сымбатты Шолпан үкілеген үздіктердің қатарынан табылады.

Қызыл алаңдағы қызығы мол шеруге аттанар алдында Алматыдағы шекарашылар училищесінің базасында жалауын көтерген жарыста ол алдына жан салмайды. Бәрінен биікке секіреді, жүгірсе жеткізбейді, лақтырған гранатасы ұзаққа ұшады…

Қимылы ширақ, шымыр қызды Алматыда жаңадан ашылған дене тәрбиесі институтының директоры Шәміл Шәкірұлы Бекбаев өздерін де оқуға шақырады.

 

Саңлақтың самғауы

Бақ талайына қазақ баскетболының қарлығашы атану мәртебесі бұйырған Шолпан Дүйсенова осылайша үлкен спорттың табалдырығынан аттады. Онда қаракөз қандастарымыздың көбісі тіпті, бұндай ойын түрі барынан бейхабар еді. Кейін ғой, қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов сынды жарық жұлдызымыздың жарқырайтыны. Қазіргі таңда Шолпандай саңлағымыздың ізін басар қарындастарымыздың қара көрсетпеуі өте өкінішті.

Екінші курстан институт командасының сапында өнер көрсете бастаған талантты ойыншының шеберлігі күннен-күнге шыңдала берді. Алғашқы бапкері Нина Андреевна Гапченко Қазақстан баскетболы пионерлерінің бірі болатын.

Асқан қабілетінің арқасында айналасынан ат оздырмаған Шолпан Дүйсенова он жыл бойы Қазақстан құрамасын Одақтық жарыстарға бастап шыққанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. КСРО халықтарының бірінші спартакиадасында республикамыздың атынан жарыс жалауын көтеру құрметіне ие болғанын да ауыз толтыра айта кеткеніміз жөн.

Сонда ғой, дүниежүзінің бірнеше тілдерінде жарық көрген «Советский союз» журналына сүйкімді суреті басылып, шартарапқа шарлағаны.

Оның 1954-1955 жылдары КСРО-ның жастар құрамасында, кейіннен СССР-дің еңбек сіңірген спорт шеберлері атанған Галина Ярошевская, Нина Еремина (төрт бірдей олимпиададан репортаж жүргізген коментатор) секілді есімдері әлемге әйгілі баскетболшылармен бірге ойнағанын еске алғанда кеудемізді еріксіз мақтаныш сезімі кернейді. Социалистік елдерге емін-еркін барып жүрген оны Франциядағы халықаралық кездесуге апармады. Советтік қырағы мекемелер халық жауының қызын капиталистік мемлекетке жіберуден сескенген секілді. Сөйтіп, алаңда атойлаған қазақ қызының тауы шағылып, тауаны қайтты. Осынау келеңсіз оқиға спортпен қоштасуына себеп болды.

 

Санадағы сағыныш

– Көп нәрсе көкірегімде әлі сайрап тұр, – дейді Шолпан апай өткенді емірене еске алып. – Әсіресе, 1954 жылы Ташкентте өткен Орта Азия республикалары спартакиадасының финалы есімнен кетпейді. Өзбекстанмен өліп-тіріліп ойнадық. Алаң иелері алқалаған жанкүйерлерінің айғайына арқаланып барын салып бақты. Есеп солардың пайдасында. Төрт ескертуден соң жаттықтырушымыз мені демалдырғанды жөн көрді. Сірә, бесінші ескертуден қауіптенсе керек. Қыздардың қатты қиналғанын көріп отырмын. Маңдайым тершіп, мазам кетті. Ұтылып жатқанымызға құдды өзім кінәлі сияқты сезіндім. Көнбе көрінуге таяғанда біздің бапкер Николай Тунда үзіліс алды. Асығыс түрде ақыл-кеңесін айтып, қыздарымызды қайрап жатыр. Кенет ойындағысын бүкпесіз айтатын еркелеу мінезімен ерекшеленетін Стелла Шустрова дүрсе қоя берсін: «Қорғанысқа көшкеніміз дұрыс емес. Шабуылдың шоғын үрлеу үшін Дүйсенованы ойынға қайта қосу қажет!»

Сол сөз себеп болды ма, әлде жаттықтырушымыздың әу бастан ойластырған тактикасы ма, оныншы нөмірдегі Тамара Погуляеваның орнына алаңға мен шықтым. Мақтанғаным емес, тордағы құстай торығып зар күйімде отырғандықтан ба, білмеймін, бірден қолым «жүріп» қарсыластарымыздың торына қайта-қайта доп тоғытумен болдым. Нәтижесінде жеңіске жетіп, алтыннан алқа тағындық.

Баскетболды қойған соң Шолпан Дүйсенова ұзақ жылдар бойы ұстаздық қылды. Алғашында Алматыда, сонан соң Қарағандыда жас спортшыларды баулыды. Қарағандының политехникалық және кооперативтік институттарында жемісті еңбек етті. Кезінде кеншілердің «Шахтер» командасында ойнаған белгілі футболшы Геннадий Засименкомен отау құрып, отбасылық бақытқа бөленді.

Бар ғұмырын баскетболға арнап, Уайс Ахтаев, Владимир Мұхамеджанов, Арменак Алачанян және тағы басқа аттары аңызға айналған ақберен спортшылармен аралас-құралас болғанын тағдырдың тамаша сыйы ретінде бағалайды.

Ол кісіні көп ойлар мазалайды. Солардың ең бастысы – баскетболда өз өрендеріміздің тым аздығы. Алайда, алдағы уақыттарда дүниежүзілік дүбірлі бәсекелерде жай оғындай жарқылдайтын жастарымыздың бой көрсететініне сенімі мол.

Талғат БАТЫРХАН

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button