Жаңалықтар

«ҚАЗАҚ ЕЛІ» АТАУЫНА ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ?

Президенттің елімізді «Қазақ елі» деп атау жөніндегі идея­сы тәуелсіз тұрмыс кешіп, бостан тірлікке бойын жазған әр қазақтың көкейіндегі ойын дөп басып, аңсарын алға жетелегендей. Экономикасы қуатты, дамуы тұрақты мемлекетке айналу үшін Қазақ елі төңірегіне топтасу міндетінің жүгі ауыр болғанымен, абыройы асқақ, мән-маңызы зор екені анық. Кезекті апта сауалында – «Қазақ елі» атауы.

 

cf1d4f07046fd926f3a9668f2807c938_XL

Ғани ҚАРАСАЕВ

тарих ғылымының докторы:

– «Ел» ұғымы бүкіл түркі халықтарында еркін өркендеп, дербес дамыған бірлігі жарасқан қуатты халыққа берілетін сипаттама. Сондықтан да ұлтымыздың арасындағы үнемі айтылатын «Ел болайық» деген сөз осындай талапқа жетуге шақырудан туған. Өткен тарихымызда осындай «Қуатты елді» бүкіл Еуразия аймағына белгілі түркілер негіздей алды. Бұл туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ұлы Түркі елі сияқты орталықтанған мемлекеттің пайда болуы тілі бір, салт-дәстүрлері ортақ орасан зор далалық қауымдастықтың қалыптасуына себепші болды» деп жазды. Міне, сондықтан да «Қазақстан» атауын «Қазақ Елі» деп ауыстыру өте орынды. Бұл ұғым қазіргі Қазақстан территориясы туған халқымыздың тарихи төл мекені екендігін, көп ұлтты мемлекетті негіздеуші біздің ұлт екендігін паш етеді. Себебі, Қазақстан унитарлық мемлекет, олай болса, мемлекеттің атауы да сол ұлттың есіміне байланыс­ты болуы керек. Ал, мұның өзі ешқандай да қазақ жерін мекендеп отырған басқа ұлттардың өкілдерінің құқықтары мен азаматтық мүмкіндіктерін шектемейді. Оған біздің Конституциямыз кепіл бола алады.

 

a3888b571738627d9f7715e918bd0486_XL

Қанат ЕҢСЕНОВ,

 Жас тарихшылар қауымдастығының төрағасы:

Қазіргі уақытта «Қазақ елі» атауы жөнінде ұсыныстар көтеріліп, қоғамдық пікір туғызу, талқылау жүріп жатыр. Әрине, заңды құбылыс. Өйткені, Қазақ елі 1783 жылғы Сырым Датұлының ұлт-азаттық көтерілісінен 1986 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа дейінгі аралықта тәуелсіздікке ұмтылыс-талпыныс жасады, айқастар мен шайқастарды басынан өткерді. Тарихи заңдылық бойынша алып қызыл империя күйреді. Еліміз бодандықтан босап, бостандық алды. Бұл халқымызға тағдыр сыйлаған үлкен жақсылық еді. Ендігі мақсат, тәуелсіздікті баянды ету қажет. Сондықтан, «Қазақ елі» атауы дұрыс, өйткені, бұл қазақтың мемлекеті деп ойлаймын. Екіншіден, қазақ халқының мәртебесін көтеріп, ұлттық тұтастықты сақтауға септеседі. Сонымен қатар, ұлттық мәдениет пен дәстүрлі ерекшеліктерді ұлықтап, қолдауға да, ұлттық сананы қалыптастыруға да ыңғайлы.

 

200(174)

Досай КЕНЖЕТАЙ, 

теология ғылымының докторы, профессор:

– Менің ойымша, «Қазақ елі» атауы  дәстүрлі түркілік танымнан бастау алады. Дәстүрлі түркілік дүниетанымда «Тәңірлік бастама немесе Тәңірлік ақиқатқа» ұласудың кеңістігі – адамның кіндік қаны тамған туған елі. Өйткені, дәстүрлі қоғам мүшесінің туған елі – алғаш Тәңірлік жаратудың жүзеге асырылған уақыты мен кеңістігінің қайталанған жері әрі Тәңір тарапынан берілген құт. Тәңірдің құтының шоғырланған жері – «Жерұйық». Ежелгі түрік аңыз-әпсаналарында Жерұйық «орталық, кіндік» мағынасындағы символдарымен берілген. Дәстүрлі қоғам адамының Тәңірмен байланыс құруы тікелей рухымен емес, Жерұйық елі арқылы жүзеге асатын. А.Инан, Б.Өгел сияқты түркітанушы ғалымдар Жерұйық сөзін «бақыт», «тыныштық», «ел» ұғымдарымен тұтастықта қарастырады. Демек, «Желмаямен» «шартарапты» кезген Қорқыт Ата мен Асан Қайғының елі үшін Жерұйық іздеуі – утопия емес, дәстүрлі түркілік дүниетанымның ділдік арқауы, ойлау әрекетінің өзегі.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button