Басты ақпаратЭкономика

ҚАЗАҚ ЕЛІ – ЕҢБЕК ЕЛІ

Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру: 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың нәтижелері» атты онлайн режимінде жалпыұлттық телекөпір өтіп, соның аясында жыл сайынғы дәстүрлі «Парыз», «Алтын сапа» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімі болды.

Осыдан бес жыл бұрын Мемлекет басшысы ел экономикасына серпін беретін Индустрияландыру картасын іске қосуға пәрмен бергені белгілі. Осы бағдарлама қолға алынғалы елімізде  770 өндіріс орны пайдалануға берілген. Бүгінде «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар электровоздар, локомотивтер, тікұшақтар, одан қалды небір сапалы өнім түрлері көбейгенін өзіміз де көріп жүрміз. Бір ғана мысал, кезінде теміржол саласындағы машина жасау кәсіпорындары, негізінен, Ресей мен Украинада салынып, жұмыс істегені белгілі. Ал еліміз өз алдына тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін жолаушыларға ыңғайлы теміржол көліктері өзімізде шығарыла бастады. Міне, мұндай игіліктер – осы индус­трияландыру картасының нәтижесі.  Күні кеше өткен телекөпір кезінде өндірістердің қатарына тағы 15 жаңа жоба қосылды. Осылайша, Қазақ елі өзіндегі шикізатты сыртқа жібермей, өзінде өндіруге шындап бет бұра бастады.

–Біз әу баста Қазақстан – бай, жерінің қойнауында темір де, көмір де, мұнай да, газ да бар, алтын-күміс, мырыш та бар деп жүрдік. Бірақ та сол байлықтың барлығы шикізат ретінде басқа елдерге тасымалданып жатты.  Қызығын да солар көрді. Мінекей, қазір ғана біздің мүмкіншілігіміз сол сыртқа тасымалданып жатқан пайдалы қазбаларды өзімізде өңдеп, ел игілігіне жаратуға бет бұрдық. Бұл – Тәуелсіздікті жариялап, оны ұстап қалумен бірдей қиын шаруа. Себебі, бізде өзім деген өндіріс болған жоқ. Кеңес одағындағы өзге республикаларда болды.  Қазір біз соны қайтармақшымыз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.  Индустриалдық жобалардың мақсаты да сол – экономиканы өркендету,  жаңа жұмыс орындарын құрып, қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту.  Елбасының айтуынша, Индустрияландыру картасына жұмсалған қаражат әлден-ақ ел бюджетіне триллиондаған теңге түрінде қайтып жатыр.  Осы арқылы еліміз бүкіл экономиканың құрылымын өзгерту бағытында батыл қадам жасап отыр. Қазақстандағы әртараптандыру сөз жүзінде емес, іс жүзінде даму үстінде.  Өңдеуші өнеркәсіп көлемінің өсу қарқыны дәстүрлі өндіруші салаларға қарағанда әлдеқайда жоғары болуға ден қойылды. Сөзін нақты көрсеткіштермен айшықтаған Елбасы бес жылдың ішінде елімізде бұрын-соңды өндірілмеген мүлде жаңа 400 өнім түрі игерілгенін атап өтті. Осы уақыт аралығында жаңадан 75 мың жұмыс орны ашылған. Әр азаматқа шаққандағы еңбек өнімділігі 20 мың долларға дейін өскен. Бүгінде өнеркәсіптік секторда жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалпы саны 1 миллионнан асқан.

Индустрияландыру жобалары елімізде тың салаларды жаңғыртып қана қоймай, инфрақұрылымдарды жаңалауға да ықпал еткен. Мемлекет басшысы атап өткендей,  индустрияландырудың инфрақұрылымдық базасы едәуір ұлғайып, 4 мың шақырымға жуық автокөлік жолы мен 1700 шақырым теміржол қайта жөнделіп, салынған. Бұл соңғы бірнеше жыл көлемінде әлемнің ешбір жерінде салынбаған ұзын көлік коммуникациясы.

Елбасы индустрия, инновация бағытындағы осы қарқын жаһандық дағдарыс кезеңінде де бәсеңдемеу керектігін алға тартты.  Келесі жылдан басталатын Индустрияландырудың екінші бесжылдығына тиісті  бөлінген, басымдық берілетін салалар да айқындалды. Енді тек бағдарламаның орындалуына маңыз беру керек. Бұған Үкімет қана емес, халық та белсене атсалысу қажеттігін Елбасы атап көрсетті. Жалпы жұртшылық кәсіпті нәсіп етуге қазірден дағдылануы керек. Кәсіпкерлік әр отбасының дәстүрлі құндылығына айналуы үшін әркім ерінбей еңбек еткені жөн. Ал еңбегімен еленіп, өзгелерге үлгі-өнеге болған азаматтар арнайы ынталандыру сыйлығын иеленбек.  Оның өзіндік себебі бар. Елбасы атап өткендей, тың идеялар ойлап тапқан инноваторлар назардан тыс қалмауы тиіс. Өйткені, инноваторларсыз инновация жоқ. Сондықтан оларға арналған арнайы мемлекеттік сыйлық та ерекше болуы тиіс.

– Жаһандық дағдарыс кезеңі – масылдардың уақыты емес. Біз – еңбек еліміз. Біздің міндетіміз халықты жұмыспен қамтамасыз ету болып саналады. Мен еңбегімен дараланған жұмысшылар мен шаруақорларға ғана арналған, үш дәрежеден тұратын арнайы «Еңбек Даңқы» орденін тағайындауға шешім қабылдадым. Оның үш дәрежесін алған адамның мәртебесі Еңбек еріне теңесетін болады, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы экономика саласын өркендете түсетін алдағы міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда,  2020 жылға қарай жоғары технологиялық өнім үлесі ІЖӨ-нің 1,5 пайызынан 5 пайызына дейін өсуі тиіс. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер секторы бүгінгі 8-ден 20 пайызға дейінгі өсімді қамтамасыз етуі қажет, ең бастысы – ол жекеменшік сектордағы инновацияны дамыту есебінен жасалғаны жөн. Бұл міндеттерге жету жолындағы негізгі тұғыр Назарбаев Университетінің «Астана бизнес кампус» ғылыми паркі мен «Алатау» инновациялық технологиялар паркі болмақ. Үкімет еліміздегі жаңа 5 өңдеу зауытын салу үшін Қазақстанға ең кемі 5 ірі трансұлттық  корпорацияны тартуы тиіс. Осынау мақсаттарға жету үшін ең бастысы,  бірлігімізге бекем болып, татулығымызға сызат түспеуі тиіс.

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА

Елбасы бес жылдың ішінде елімізде бұрын-соңды өндірілмеген, мүлде жаңа 400 өнім түрі игерілгенін атап өтті. Осы уақыт аралығында жаңадан 75 мың жұмыс орны ашылған. Әр азаматқа шаққандағы еңбек өнімділігі 20 мың долларға дейін өскен. Бүгінде өнеркәсіптік секторда жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалпы саны 1 миллионнан асқан.

Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында Ақтөбедегі рельс арқалық зауыты, Оралда трансформатор зауыты, Ақмола, Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы қаласында кірпіш, цемент, әйнек, қасбеттер шығаратын зауыттар, «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы құрғақ порт, тағы да басқа көптеген өндірістер іске қосылды.

Онлайн режимге республика­мыздың түкпір-түкпірімен 30-ға жуық байланыс жасалып, эфирге шыққандар өз мекендеріндегі жаңа кәсіпорындарды таныстырғанын атап өткен жөн.

Жиынның соңында Президент «Алтын сапа» байқауы жеңімпаздарын марапаттады. Биыл «2014 жылғы үздік индустриялды жоба» аталымында «Ақтөбе рельс арқалығы» зауыты, «2014 жылғы өндірістегі үздік инновация» аталымында «Посук Титаниум» үздік деп танылды. Ал «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының Гран-приі Қызылорда облысындағы «Қазгермұнай» компаниясының еншісіне бұйырды.

Мемлекет басшысы байқауға қатысушылар ел экономикасының нығаюына ғана емес, қазақстандық патриотизмді дамытуға да үлес қосып жатқанын атап өтті. Тек «Парыз» жүлдесі байқауына қатысушылардың өзі жалпы сомасы 152 миллиард теңге болатын 440 әлеуметтік жобаны іске асырған. «Алтын сапа» жүлдесі тағайындалған небәрі 9 жылда байқауға қатысушылардың жалпы саны 6 есе өскен екен.

02 (9)Совместное фото с лауреатами Алтын сапа

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button