Басты ақпарат

Қазақ елі қалай алып түрмеге айналды?

Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін басталды. 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданса, 1997 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығына сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Оның негізгі міндеті – саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан ақтау.

[smartslider3 slider=3077]

Осыған байланысты Павлодар облысында құрылған аймақтық жұмыс тобының бірі НКВД қарамағындағы ­ГУЛАГ-тың 26 лагеріне жіберілген және бүгінге дейін ақталмаған қазақстандық азаматтар мен олардың отбасы мүшелері бойынша, сонымен бірге Қазақстанға күштеп жер аударудың құрбаны болған халық өкілдерін ақтау бойынша ұсыныс әзірлеу бағытында жұмыс істеуде.

Бүгінгі таңда кезінде кеңестік жазалау шараларының жазықсыз құрбаны болып, жаппай жазалауға ұшыраған азаматтар 1993 жылғы жоғарыда аты аталған заңға сәйкес ақталғанмен, әлі де ақтауды қажет ететіндер аз емес. Кезінде архив қорларындағы құжаттардың біразы құпия болғандықтан, толыққанды зерттеп-зерделеу жұмысын жүргізу мүмкіндігінің болмағаны анық. Осы орайда бүгінгі таңда саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, бас бостандығынан айырылып, ұзақ жылдарға еңбекпен түзету лагерлеріне (әрі қарай – ЕТЛ) айдалған азаматтардың тағдырын зерттеп-зерделеу, кінәсіз жапа шеккендерді толығымен ақтап шығару – маңызды міндеттің бірі.

Ұзақ жылдар бойы лагерлер тақырыбына қатысты жақ ашуға тыйым салынып келді. Ол түсінікті де. Қазақстанның көп аймағында пайда болған бұл лагерлер, шындығында, үлкен азап орны мен түрмеге айналды.

1973 жылы орыс қаламгері Александр Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ» атты туындысы жарық көреді. Жазушы аталған кітабында тұтқындалғандардың тағдырын, жер аударылғаны, өкіметтің озбырлық саясатын, Қазақстандағы түрмелердің жағдайын ашып жазған. ГУЛАГ аббревиатурасын да алғаш рет қолданған осы А.Солженицын еді. Бұл еңбекпен түзету лагерлері мен жер аударылғандар қоныстарының және қамау орындарының бас басқармасы дегенді білдіреді.

Қазақстан аумағында нақты қанша лагердің болғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Бір деректерде 11 лагердің болғандығы туралы айтылса, екіншісінде 26 деп келтіреді. Бұған байланысты біз тарихшы З.Сақтағанованың пікірімен келісеміз. Зерттеуші бұл мәселенің әлі де ашық күйін­де қалып отырғанын атап өтіп, ГУЛАГ-қа қатысты ресейлік анықтамалықта көрсетілген мәліметке сәйкес, 1930-1956 жылдар аралығында Қазақстанда 22 ЕТЛ-дың болғанын жазады.

Қазақстан аумағында нақты қанша лагердің болғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Бір деректерде 11 лагердің болғандығы туралы айтылса, екіншісінде 26 деп келтіреді. Бұған байланысты біз тарихшы З.Сақтағанованың пікірімен келісеміз. Зерттеуші бұл мәселенің әлі де ашық күйінде қалып отырғанын атап өтіп, ГУЛАГ-қа қатысты ресейлік анықтамалықта көрсетілген мәліметке сәйкес, 1930-1956 жылдар аралығында Қазақстанда 22 ЕТЛ-дың болғанын жазады.

Сонымен, Қазақстандағы ЕТЛ жүйесінде Карлаг, АЛЖИР, Песчаный, Степлаг, Ақтөбе, Жезқазғанлаг, Петропавл, Кеңгір, Өскемен, Дальный, Қамыслаг және басқалар болды

Сонымен, Қазақстандағы ЕТЛ жүйесінде Карлаг, АЛЖИР, Песчаный, Степлаг, Ақтөбе, Жезқазғанлаг, Петропавл, Кеңгір, Өскемен, Дальный, Қамыслаг және басқалар болды.

Бір деректерге сүйенсек, Кеңес Одағы аумағында 1921-1954 жылдар аралығында саяси баптар бойынша жалпы жазаланғандар саны – 3 млн 777 адам, олардың ішінде 642 мыңы ату жазасына кесілді. Бірақ бұл мәселеге қатысты, әрине, тоқетерін айту – болашақтың еншісінде, өйткені бүгінде бұрын ғылыми айналымға енбеген, жарық көрмеген материалдар, архив құжаттары, жаңа айғақтар табылуда.

ГУЛАГ жүйесіндегі ірі құры­лымдардың бірі Қарағанды лагері саналды. Ол тұтқындалғандар саны жағынан да Ішкі істер халық комиссариаты қарамағындағы лагерлерінің ішінде ірілердің қатарынан болды. Қарағанды еңбекпен түзету лагері «Гигант» совхозының ҚазЕТЛАГ (Қазақстанда еңбекпен түзету лагері) бөлімшесі негізінде 1931 жылы 19 желтоқсанда құрылды. Орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка селосында орналасты.

1947 жылы Карлагта 814 кәмелетке толмаған бала болған. 1950 жылға қарай олардың 209-ы ғана аман қалғанын зерттеушілер ашып көрсетеді. Ал 1941-1944 жылдары Карлагта 924 бала жапа шексе, 1950-1952 жылдары олардың саны 113 болды.

Д.Ізтілеудің «ГУЛАГ-тың кадр­лық саясаты» мақаласындағы сипаттауына сәйкес, ГУЛАГ Мәскеудегі НКВД-ға тікелей бағынып, республикалық, облыстық партия және совет органдарының лагердің жұмысына іс жүзінде ешқандай ықпалы болмаған. Шындығында, Карлаг мемлекет ішіндегі мемлекет болған. Өзінің нақты билігі бар, қару-жарағы, көлігі және пошта, телеграф байланысы берік жүйеленген. Карлагтың құрылымы мөлшерден тыс үлкен және көптеген құрылымдық бөлімдері жұмыс істеп тұрған көрінеді. А.Дәулетбаева өзінің «Қазақстандағы түзету лагерлері» мақаласында Карлагтың құрылымында Степлаг, АЛЖИР, Песчанлаг, Спассклаг және басқа бөлімшелер болғанын және лагерлер сотталушыға тағылған айыпқа және басқа да факторларға қатысты таңдалғанын жазып өтеді.

30-жылдардың басында ­Қарағанды темір жолының көмір өндірісі мен құрылысында 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Карлагтың даму тарихында оның бөлімшелерінің саны өзгеріп отырды. Ең басында бұл өндірістік аудандар болды, кейінірек олар өндірістік учаскелер деп аталса, содан кейін, 1932 жылы лагерь бөлімшелері болды. Егер 1933 жылғы 1 қаңтарда Карлаг аумағы 9 лагерь бөлімшесіне бөлінсе, 1955 жылы олардың саны 33 болды. Лагерь бөлімшелері Қарағанды ЕТЛ-ы, Қазіргі Мичурин, Тельман аудандарының және Жаңаарқа, Шет аудандарының аумақтарындағы әртүрлі учаскелерде орналасқан.

Қарағанды ЕТЛ-ының негізгі лагерь бөлімшелері: Қаражар, Долинка, Балқаш, Сарепт, Самар, Спасск, Эспинк, Қотыр, Жартас, Тартауль, Бурмин, Просторнен, Бидайық, Қарабас, Ауылшаруашылық тәжірибе стансасы (СХОС), Көксу, Терестин, Заводское, Шаханское, Федоровское, Шахтинск, Топар, Кирзаводжское, Дубовское және т. б. Лагбөлімдердің атаулары бөлімше орналасқан елді мекеннен шыққан. Карлаг ірі ауыл шаруашылығы базаларының бірі, өнімділігі жоғары дербес шаруашылық болды. Лагерь бөлімшелері дербес шаруашылық есептегі бірлік болып табылатын ауыл шаруа­шылығы кәсіпорындары болды. Шаруашылықтың негізгі бағыты – астық, мал шаруашылығы. Бірақ өнеркәсіп салалары бойынша да дамыды. Мысалы, металл өңдеу (Үлбі металлургиялық зауыты), тігін (Ақмола тігін фабрикасы), киіз басу, құрылыс материалдары, былғары, шыны, отын, тамақ. Сонымен қатар Карлагтың Жезқазған ауданы Наркомчермет, Наркомцветмет шахталарына және темір жол құрылысына қызмет көрсетті. Сондай-ақ лагерь аумағында Тенкери фарфор зауыты жұмыс істеді.

Қарағанды ЕТЛ-ын толтыру лимиті жылдар бойынша былай: тізімдік құрамы 1931 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша – 12174 адам, 1941 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 51404 адам, 1950 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 54180 адам. 1931 жылдан 1959 жылға дейінгі кезеңде барлығы Карлаг арқылы шамамен 800000 адам өтті. 1940 жылдың І тоқсанында Қарағанды облысында НКВД және басқа да наркоматтардың ең маңызды құрылыстары мен кәсіпорындарын 92974 адам жұмысқа қабілетті, оның ішінде 43954 адам арнайы қоныс аударушылар жұмылдырылды. Олар трестуголь – 8748 адам, шахстрой – 1948 адам жұмыс істеді. Қарағанды ГРЭС құрылысында – 390 адам және т. б.

Соғыстан кейін ГУЛАГ жүйесі одан да қатал көрініске ие болды. КСРО Министрлер Кеңесінің 1948 жылғы 2 ақпандағы қаулы­сымен аса қауіпті мемлекеттік қылмыскерлерді жазалау үшін лагерлер мен түрмелер ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Ерекше лагерлерге бас бостандығынан айыруға сотталған террорист-диверсанттар, кеңеске қарсы ұйымдардың және жалпы еңбекпен түзету лагерлеріндегілер ауыстырылды.

КСРО ІІМ ерекше дала лагері Қарағанды облысының аумағындағы алғашқы ерекше лагерь болды. Оның құрамында №1 Қарағанды темір жолының Новорудная кенішіндегі кеніш стансасы бөлімі құрылды. Минцветметтің тау-кен жұмыс­тарында тұтқындарды пайдалана отырып, ІІМ Карлагының Жезқазған ауданының екінші лагобөлімі базасында Наркомцветмет кәсіпорындарында арнайы қоныс аударушылар – 1053 адам жұмыс істеді.

Тұтқындар шахта, құрылыс, көмір өнеркәсібінде және басқа да кәсіпорындарда жұмыс істеді. Негізгі өндірістік сала Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысының аумағында шахталар, тұрғын үйлер және басқа да мәдени-тұрмыстық объектілер салу болды.

1952 жылы Песчаный лагерінің базасында орталығы Павлодар облысының Екібастұз қалалық үлгідегі кентінде КСРО ІІМ Дальний лагері құрылды, ол 1954 жылдың мамырына дейін жұмыс істеді. 1949 жылдың соңында КСРО ІІМ №9 Луговой лагері құрылды. Лагерь басқармасы Қарағанды облысының Долинское ауылында орналасты. Оны ұйымдастыру Қарағанды бассейнінің Шуырбай-Нұра көмір кен орнында көмір шахталарының құрылысымен байланыс­ты болды. Соғыс жылдарында Үкіметтің қаулыларымен арнайы қоныс аударушылар жергілікті халықпен бірге өнеркәсіпте жұмыс істеуге және маңызды құрылысқа жұмылдырылды. КСРО ХКК 1942 жылғы 26 қыркүйектегі «…мұнай құбырының құрылысында және Қазақстан мұнай комбинаты құрылысында жұмыс істеу үшін жұмыс күшін бөлу туралы» қаулысы бойынша еңбек міндеттілігі тәртібімен 2350 адам тартылды. Сондай-ақ жұмыс күшінің жетіспеуінен Қарағанды облысында көмір тиеу­ге қатысты ерекше шиеленісті жағдайды ескере отырып, 1000 адам жұмылдырылды. Әскери міндеттілер, сондай-ақ қызыл армия қызметіне жарамсыз, бірақ физикалық еңбекке жарамды (олардың кемінде 30 пайызы кеніштердегі жерасты жұмыстарына жарамды Наркомцветмет және Наркомстрой кәсіпорындарында жұмыс істеу үшін, 2250 адам электр стансасы наркоматының кәсіпорындары мен құрылысында жұмыс істеу үшін, 1000 адам «Прибалхашстрой» тресінде жұмыс істеу үшін жұмылдырылды. Балқаш мыс қорыту зауытының құрылысындағы жұмыстар, кәсіпорындар мен құрылыстардағы жұмыстар үшін 1800 адам.

Алғашқы жылдары жұмысқа жұмылдырылғандар арасында негізгі үлкен топ депортацияланған немістер болды, олардың ерлері толығымен еңбек армиясына шақырылды. Олар жұмыс күшінің жетіспеушілігіне байланысты әйелдерді де жұмысқа ала бастады. 15 жастан 55 жасқа дейінгі ер адамдар, 16 жастан 45 жасқа дейінгі әйелдер жұмысқа жұмылдырылды. 1943-1944 жылдары Қазақстанға Солтүстік Кавказдан арнайы қоныс аударылғандардың келуімен еңбек резерві ұлғайды. Мемлекеттің саясаты өте қатаң болды және «лагердегі жазаны өтеушілердің күшін барлық өндірісте барынша пайдалануға мүмкіндік беруге» бағытталды. Бұған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1939 жылғы 5 маусымдағы «КСРО ІІХК лагерлері туралы» Жарлығы дәлел, лагерде отырғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату жүйесінен бас тарту, лагерде мерзімінен бұрын босатуды есепке алу практикасын тоқтату қажет болды. Еңбек өнімділігін арттыру, ынталандыруды көтеру үшін еңбек өнімділігінің жоғары көрсеткіштерін беретін жекелеген өндірушілерге ақшалай сыйлықақы беру, олардың тұрмыстық жағдайын жалпы жақсартумен жеңілдетілген лагерь режимін белгілеу, ал себепсіз жұмысты босатушыларға, жұмыстан бас тартушыларға және өндірісте тәртіп бұзушыларға қатысты қатаң мәжбүрлеу шараларын, күшейтілген лагерь режимі, карцер, нашар материалдық және тұрмыстық жағдайлар және басқа да тәртіптік шара қолдану көзделді. Лагерь өмірі мен өндірісіндегі тәртіпті бұзушыларға қатаң, жекелеген жағдайда соттық жазалау шаралары, ең жоғары жазалау шарасына дейін қолданылады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында өнеркәсіп пен көлік үшін білікті жұмысшыларды даярлау ерекше маңызға ие болды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап мемлекеттік еңбек резервтері жұмысшы табын толықтырудың бір түрі болды, бұл жүйеде жетекші салалар – көлік және құрылыс үшін білікті кадрлар кеңінен дайындалды. ­Фабрика-зауыт мектептеріне жастарды жұмылдыру қолөнер және темір жол мектептері үкіметтік құжаттар негізінде еңбек армиясына жұмылдыру сияқты жүргізілді. Биліктің сенімсіздігін, азаматтық құқықтардың шектеулерін сезіне отырып, жер аударылған халықтар бұрынғы кеңес халқының қайғы-қасіреті мен қиындығын толығымен басынан өткерді.

Соғыс жылдарында еңбек армиясының тағдыры ерекше болды. Еңбек армиясы еңбек майданында табандылық пен ерлік көрсетті, жалпыхалықтық жеңіске үлкен үлес қосты, олардың еңбектері Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери майдандағы ерліктен кем түспеді. 1960 жылдың 25 қаңтарында ГУЛАГ еңбекпен түзету лагерлерінің, еңбек қоныстары мен қамау орындарының бас басқармасы жабылды. 1934-1960 жылдары еңбекпен түзету лагерлер жүйе­сін басқаруды жүзеге асырған КСРО НКВД-сының бұл бөлімше – КСРО-дағы саяси қуғын-сүргін жүйесінің маңызды органы. Бұл жылдар ішінде лагерлерде қазақ мәдениеті мен ғылымына, ағарту саласына еңбегі сіңген ­интеллигенция өкілдері азап шекті.

ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамның қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары елімізде іске асуда. Бүгінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысы аясында бұрын кол жетпеген мұрағат құжаттары қаралып, талдануда. Сондықтан Қазақстан аумағындағы ГУЛАГ тарихына қатысты шындықтың беті әлі де ашылып, толыға түсетіні анық.

Айгүл ТҰРЛЫБЕКОВА, т. ғ. к., қауымдастырылған профессор (доцент), Айгүл САДЫКОВА, PhD, доцент,

Айгүл МҰСАҒАЖИНОВА, гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button