Басты ақпарат

Қазақ еліне мың алғыс!

Алғыс айту күні – татулық пен тұрақтылықты, келісім мен достықты және бірлік пен берекені дәріптей түсуде. Қиын-қыстау жылдары елімізге қоныс аударылған талай этнос өкілдерінің бүгінгі ұрпақтары қазақ халқына және қазіргі таңда өздерінің де қастерлі Отанына айналған қазақ еліне ризашылық білдіруі дәстүрге айналып кетті. Бұл, әрине, адамгершіліктің, әділеттіліктің және жасампаздықтың көрінісі. Бұл – ата-­бабаларымыздың дархан жүрегі мен төзімділігі ауыр сынаққа түскенде мейірім жеңіп, жанұшырып келген өзге ұлт өкілдерін жатсынбай біртұтас ұлтқа бірігуге мүмкіндік берген ерлігінің  бір келбеті мен нәтижесі.

[smartslider3 slider=2261]

 

Қарап отырсақ, өткен ғасырдың басындағы дүрбелең жылдары елімізге шамамен 29 мыңға жуық месхитин түріктері, 800 мың неміс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 102 мың поляк, 19 мың кәріс отбасы жер аударылыпты. Нәубетті жылдары кейбір ұлттар жетім баладай өмір нәрін, жан қорегін қазақ елінен тапты.

Бүгінде жаңа уақыттың өз талабы алға шықты. Яғни, ақпараттандыру мен жаһандану дәуірінде, әлемнің көптеген елдерінде ұлттық сананың ыдырауы және оны біртұтас стандарттарға айналдыру үрдісі кезінде қоғамдық келісім мен бірлік байланатын қазығымыз іспетті. Бұл істе, еліміз үшін қауіпсіздік пен әлеуметтік-тұрмыстық қатынастарды қамтамасыз етуде ата-бабаларымыздың өнегесін басшылыққа аламыз. Бұл – адами құндылыққа бастайтын ізгі жол. Елімізде тұратын барлық этностардың өз тілін, салт-дәстүрін сақтап, қоғамның барлық саласындағы игі істері мемлекетіміздің жасампаздығының қуатты рухани-адамгершілік әлеуеті болып табылады.

Осындай адамзат баласына бағытталған игілікті қызметтің ұйытқысы, елордалық ассамблеяның негізін құрайтын 21 этномәдени бірлестіктің бүгінгі қызметі – соның дәлелі. Сонымен бірге қаламызда 56 шығармашылық ұжым, 10 этнолингвистикалық мектептер, 7 қоғамдық келісім кеңесі, 11 жастар қанаты, медиация кабинеті, ғылыми-сараптамалық топ, Аналар кеңесі, «Жастар ассамблеясы» ММ қалалық штабы, Ақсақалдар кеңесі, «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығы, «Аналар аманаты» қолөнер орталығы, «Мәміле», «Жыр орталығы» сияқты ситуация­лық қазақ тілі пікірсайыс клубы, «ANK Live» тікелей эфир студиясы, Журналистер клубы еліміздегі бірлік пен қоғамдық келісім жолында қызметін жандандыруда.

Қазақстан халқы Ассамблеясын мәртебелі ететін нәрсенің бірі – қайырымдылық. Қысылғанға көмек қолын созып, мейірімділік дәнін егіп,  өзара көмек көрсету – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан басты құндылықтары. Елордадағы Достық үйінде «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығы жұмыс істейді, ол этно-мәдени бірлестіктердің кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, мұқтаж жандарға қажетті көмек көрсету бағытында тұрақты жұмыс жасауда. Мәселен, «Біз біргеміз!», «Игі істер марафоны», «30 игі іс» акциялары аясында жыл басынан бері 50 қайырымдылық акциясы өткізіліп, 5800 адамға көмек көрсетілді. Жан дүниесі кең, мұқтаж жандарға қол ұшын созған жандардың еңбегін ұлықтап келеміз. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» төсбелгілерімен және басқа да марапаттармен марапатталған. Елордалық ассамблеяның атымтай жомарттары – Хасан Шәріпов, Башир Солсанов, Наталья Рудой, Багаудин Бекмурзиев, Рафик Валиев, Сайяф Исмаилов – жанашырлығымен көптің алдында жүрген тұлғалар. Қалалық ассамблеяның волонтерлері елорданы абаттандыру және абаттандыру акцияларының белсенділері «Бірге таза Қазақстан» және «Киелі табиғат» акциялары аясында қаламыздың Ботаникалық бағына 50 көшет, Нұр-Астана мешітінің айналасына 100 көшет, Тұңғыш Президент саябағына 500 түп алма ағашының көшеттерін отырғызды. Олардың тұрақты қамқорлығында жалғызбасты қарттар, мүгедек балалары бар және көпбалалы отбасылар бар.

Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы «Алғыс айту» күніне орай қайырымдылық акциялары, елордалық ҚХА еріктілерінің егде жастағы адамдардың аулаларын қардан тазалау бойынша сенбілік, қарттар үйіне мерекелік дастарқан және концерт, сондай-ақ емделуге мұқтаж балалардың отбасыларына түскен қаражатты жинақтап табыс­тамақ. Достық үйінде «Жылы жүрек, жақсы тілек!» атты қайырымдылық акциясы өтті. Бұл күні де мұқтаж жандардың жүрегіне жылулық сыйлап, Нұр-Сұлтан қаласының этномәдени бірлестік өкілдеріне де қошемет көрсетілді.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button