Басты ақпарат

Қазақ елінің тұңғыш Конституциясы

       Құжат авторы Барлыбек Сырттанұлы туралы не білеміз?

 

[smartslider3 slider=3842]

 

       Қазақ хандығы тұсында Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, әз Тәукенің Жеті жарғысы сияқты ұлтымыздың әдет-ғұрып, тұрмыс-салтына негізделген заңдар болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Абай да заң жазған. 1885 жылы қырық жастағы Абай Семей генерал-губернаторы Цеклинскийдің тапсырмасымен Қарамола ережесі аталатын құжатты жазып шыққан. Ал ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанұлы Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен «Қазақ елінің уставын» жазды. Ғалымдардың пікірінше, бұл – қазақ елінің тұңғыш Конституциясы.

 

       «1910-1913 жылдар аралығында Барлыбек Сырттанұлы өз тарапынан құпия түрде қазақ өлкесін Ресей отарынан шығаруды көздеген жарғы әзірледі. Бұл жарғыда қазақ жері Ресей отары емес, доминионы, яғни достастық құрамына енген мемлекет болу керектігі көрсетілді. Оған сәйкес қазақ өлкесі Ресей құрамынан шығып, республика мәртебесімен жеке мемлекет болып құрылуға тиіс еді» дейді заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков. Ғалымның айтуынша, жарғының негізгі идеясы – Қазақстанның саяси тәуелсіздікке қол жеткізуі. Кейінде Барлыбек Сырттанұлының бұл идеялары «Алаш» партиясының бағдарламасына енді.

       «Жалпы құрылымы 4 бөлім, 28 тармақтан немесе баптан тұратын Қазақ елі жарғысының соңына «13 июнь, 1911 жыл, С.Петербург» деп мезгілі мен мекені жазылып, «С.Б. Алашинский» деген қол қойылған. «С.Б. Алашинский» – Барлыбек Сырттанұлының бүркеншік атының бірі. Бірқатар зерттеу материалдарына «Алатау баласы» деп қол қойғаны да мәлім» дейді ғалым.

       Барлыбек Сырттанұлы – Жетісу өлкесінің тумасы. Верный ер балалар гимназиясында орта білім алды. 1886 жылы Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетіне оқуға түсіп, оны 1890 жылы бітірді. 1891-1894 жылдары Ташкент қаласында Түркістан генерал-губернаторының қазыналық палатасында қызмет етті. 1894 жылы 29 қыркүйекте Жетісу әскери губернаторының бұйрығымен облыстық басқарманың іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Мұның артынша ерекше тапсырмалардың кіші шенеунігі қызметін атқарды. Ол Жетісу облыстық басқармасында қызмет ете жүріп, Ресей шенеуніктерінен жәбір көрген халыққа көмек көрсетуді өз борышы санады. 1903-1907 жылдары Ресей мен Қытай шекарасының межесін тексеру ісіне атсалысты. Орыс шаруаларының Жетісу өңіріне қоныс аударып, жергілікті халықтың мал бағуға, егін егуге жарамды жерлерін тартып алуына наразылық танытты. «Айқап» журналында қазақ халқының әлеуметтік-саяси мәселелеріне қатысты мақалалар жариялады. Сол тұстағы жергілікті халықтың мұң-мұқтажын айқындау, әрі оны шешу жолдарын қарастыру мақсатында жалпықазақ съезін шақыру мәселесін көтерді. Оның мұндай ұсынысы С.Лапин, Р.Мөрсеков, Ж.Сейдалин және Б.Қаратаев секілді қазақ зиялылары тарапынан қолдау тапты. ХХ ғасыр басындағы Қазақ еліндегі жағдай оны тұңғыш Конституцияны жазуға итермеледі.

       Барлыбектанушы Сәкен Өзбекұлының жазуынша, 1911 жылы Барлыбек Сырттанұлы науқасқа шалдықты. Соған қарамастан, Барлыбекті Алматы облысының қазақ, қырғыз, сарт, ноғайлары патша өкіметінің жерді тартып алып жатқан саясатына өздерінің наразылықтарын білдіру үшін Ресей астанасы Санкт-Петербургке арнайы өтінішпен жіберді. Өзіне тапсырылған халықтың аманатын орындау мақсатымен ол патша өкіметі шенеуніктерінің есігін күзетумен болады. Бірақ оның сөзіне ешкім құлақ аспады. Осындай сергелдең күй кешіп жүргенде бүкіл мұсылман жұртшылығына кеңінен таныс Әлихан Бөкейханмен кездеседі. Сол жерде алаштың екі арысы қазақ халқының болашағы, оның тәуелсіздігі мен бос­тандығы хақында тереңдеп әңгіме қозғаған. Олардың осы жүздесулері мен іштей пікірлестіктері бір арнаға тоғыса келіп, ақыры Барлыбек Сырттанұлына елдің тәуелсіздігін жариялайтын құжаттар жазуды Әлихан Бөкейханов тапсырған.

       «Жарғының біз байқаған басты ерекшелігі – құжаттың еуропаша білім алып, батыс тәрбиесінен тәлім алған азаматтың қолынан шыққанына қарамастан, өн бойынан елге, жерге деген махаббаттың лебі есіп, қазақ даласының «иісі» шығып тұрғандығы, салқам сахараның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап тұрғандығы. Қазіргі тәуелсіздік тұсындағы заңдарымызда осы ұлттық ерекшеліктердің жоқтығы, қазақы «иістің» аңқымауы алаңдатпай қоймайды. Жасыратыны жоқ, біздің заңдарымыздың барлығы дерлік орыс тілінде дайындалып, сонсоң барып қазақшаға аударылатыны белгілі» дейді Нұрлан Дулатбеков.

       «Қазақ елі уставының» алғашқы бөлімі «Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында» аталады. Соның бірінші тармағында «Қазақ елі халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел» делінген. Осында тәуелсіз елге керек рәміздердің бірі тудың түсі де айқындалған. Барлыбек Сырттанұлының жазуынша, ол жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалуы керек еді. Ал басындағы бұрышта ай һәм жұлдыздың суреті болуы керек еді. Тудың анықтамасында: «Жасыл түс – елдің исламға берілгендігінің белгісі, қызыл – ел қорғауда төгілген қан, сары – қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі» деп жазылған.

Төртінші тармаққа сәйкес, Қазақ елінде ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды. Ал бесінші тармақта Президенттің екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқтығы, алтыншы тармақта Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқаратыны, министрлерді Президент өзі таңдайтыны, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешетіні жазылған. Ал тоғызыншы тармақта Қазақ елінде билік жүргізіп, заң шығаратын парламент, орындайтын үкімет һәм сот болатыны, үш билік бір-біріне бағынбайтыны айтылған.

Жарғының екінші бөліміне «Адам баласының хұқы турасында» атауы берілген. Оның оныншы тармағында «Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді» деп жазылған. Үшінші бөлім «Қазақ жері турасында» аталады. Соның он сегізінші бабында Қазақ жері қазақтың меншігінде болатыны, он тоғызыншы тармақта жер саудаға түспейтіні тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал соңғы төртінші бөлімінде сот жұмысы айқындалады. Бөлім атауы да «Сот турасында».

Осы мысалдар Қазақ елінің тұңғыш Конституциясы сауатты жазылғаны, қазіргі кездегі де заманауи талаптарға жауап беріп, кейбір баптары бүгінгі Конс­титуциямызбен сәйкесетіні байқалады. Өкініштісі, алғашқы Конституцияның авторы Барлыбек Сырттанұлы заң жазылғаннан кейін үш жыл ғана өмір сүрді. 1914 жылдың 26 қарашасында ауыр науқастан мезгілсіз қайтыс болып, Қапал қаласына жерленді.

       Жас ғалым, барлыбектанушы Елдос Тоқтарбайдың зерттеуінше, Алаш қайраткері өз өлімімен өлмеуі де мүмкін. Кезінде атты екі әскери адамның келіп, оны тауға айдап әкеткені туралы деректі келтіреді ғалым. Осы дерек Барлыбекті тау арасында атып өлтірді деген болжамға жетелейді. «Қалай десек те, Барлыбектей арыстың бұ дүниеден мезгілсіз өтуі – иірілген сансыз сұрақтарға толы болып тұр. Алдағы уақыттағы барлыбектану саласының басты міндеті – оның өмір жолының құпиялы, ақтаңдақ түскен күнгейлі жақтарын ашып, жұмбағын шешу» дейді Елдос Тоқтарбай.

       Барлыбек Сырттанұлының есімі Қазақ елінің тұңғыш Конституциясының авторы ретінде тарихта қалды. Алаш қайраткерінің атына елімізде көшелер, мектептер берілді. Биылғы 28 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының ономастика комиссиясы елорданың кейбір көшелері мен саябақтарына атау беру мәселесін қарап, бірқатар атауларды мақұлдады. Соның ішінде Е889 жобалық көшеге Барлыбек Сырттанұлының есімін беру ұсынысы қолдау тапты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button