Басты ақпаратМәдениет

ҚАЗАҚ ЭСТРАДАСЫНЫҢ ҚЫРАНДАРЫ

Қазақ эстрадасының қазанын ортайтпай, отын өшірмеген екі топ болса, соның бірі – «МузАрт».
Тамылжыған әндерімен талайдың жүрегіне жол салып, жанын тебі­ренткен бұл ұжым биыл 15 жасқа толды. Өткенді саралап, ой түйетін, тындырылған тірлікке есеп беретін шақ нағыз. Осы орайда «МузАрт» өнерпаздары Астана төрінде ау­қымды шығармашылық кешін ұйым­дастырмақшы. Дүбірлі той 8 шілде күні «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді.

 афиша музарт

ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ ЖАРҚ ЕТТІ
Еліміз егемендік алған тұста қазақ музыкасы он шақты жылдай өтпелі кезеңді бастан кешіп, үрең-сүрең күйде болды. Бұл құбылыс, әсіресе, эстрада жанрында қаттырақ байқалды. Осы кезде ресейлік әріптестерінің ізін сәтті жалғастыра білген орыстілді әншілер отандық шоу-бизнеске оңай бейімделіп кетті. Қайда барсаң, Парвиз Назаров, Кирилл Ли, «Яшлык» және «Мюзиколаның» атақтары аспандап тұрды. Ал қазақтілді ортадан тек «АБК» ғана бұлт арасындағы найзағайдай анда-санда жарқ ете қалатын. Бірақ жалғыз топтың әрекеті тәй-тәй басқан қазақ эстрадасының қанатын қатайтып, басқалармен бәсекелесе алуына жеткіліксіз болғаны айдан анық еді. Осылайша нарық дейтін асау теңізде қайықтай қалтылдаған қазақтілді сахна өз арнасын ХХІ ғасырдың табалдырығын аттаған соң барып тапты. Сол көштің басында «МузАрт» тобы тұрғанын ешкім жоққа шығара алмас.
Есімі бала күнінен елге таныс Мейрамбектің мұңды қоңыр үні, Сәкеннің сәні келіскен тұлғасы мен ашық тенор дауы­сы, Мақсаттан майдай ескен биязылық лебі бір-бірімен үн­десіп, тыңдарманды лезде бау­рап әкетті. Топқа кейіннен қо­сылған Кенжебектің де өзіндік тұнықтығы трио ажарын одан сайын аша түсті. Әнге деген еп­тілігімен қатар, талғамға деген тектілігін де танытқан «МузАрт» жігіттері әр туындының тәлімі мен тәрбиесіне баса назар аударды. Соның арқасында бас­қаға ұқсамайтын жаңа стиль, тың болмыс қалыптастырып, қазақтілді және орыстілді болып қақ жарылған қазақстандық тыңдарманды ортақ аудиторияға тоғыстырды. Қысқасы, «МузАрт» нарықтың мұзына тайғанаған ұлттық эстрадамызды аяғынан тік тұрғызып, даңғыл жолға салып берді.

new_DG_1_kz

ЕҢБЕК ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Сахнада өздеріне елік­теген топтар көбейгенде «МузАрт» мүшелері тағы да тапқырлық пен табандылық танытты. Олар үлкен ұжымды даярлау мен сақтаудың қиын­шылығына қарамастан, тәуе­келге бел буып, вокалды-инструменталды ансамбль құрды. Топтың арт-директоры Ерлан Жүнісбаймен, музы­калық продюсері Арман Бексұлтанмен ақылдаса отырып, қабілет-қарымы мықты музыканттардың басын бірік­тірді. Қазіргі таңда «МузАрт» құрамында Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбілевпен қатар Ғалымжан Артықбаев, Ерлан Құлахметов, Бексұлтан Арман, Ерік Жасақбаев секілді талантты азаматтар бар. Жұрттың көбі компьютердің қуатына сүйеніп, фоно­грам­маға ден қойып жат­қанда аталмыш ұжым вокалды-инс­трументалды ансамбльдің сүйемелдеуімен тірі дауыста ән салып жүр.
Халықтың ыстық ықыла­сына бөленген «МузАрт» мүшелерінің еңбегі лайықты дәрежеде бағалануда. Нәти­жесінде Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев және Кенжебек Жанәбілов «Дарын» Мемлекеттік жастар сый­лығының иегерлері болып, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері атанды. Бұдан бөлек, «Алтын самұрық» жобасының он үздігі тізіміне енгені үшін ма­­ра­­патталды. Сонымен қоса, «МузАрт» тобы 2013 жылы қыр­күйекте «Muzzone» теле­арнасының ЕМА премиясында «Үздік ұжым» номинациясын жеңіп алды.
Сахна өнері қалың орман тәрізді. Онда мың сан ағаш өсіп, жетіледі. Кейбіреуі тым әлсіз, алға ұмтылуға қауқарсыз болады. Мұндайларды сәл жел шайқаса, бұтағы сынғыш, қопарылғыш келеді. Ну тоғайдың ішінде ұзақ жылдар бойы жайқалып, өңін бермейтін биік шыршалар да кездеседі. Олар аптап ыстыққа да, қақаған боранға да міз бақпайды. «МузАрт» тобы сондай алып шырша іспеттес. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін әсем әндерімен елітіп, көңілдеріне жібектей жылылық сыйлайтын серілерге бұқараның да берер батасы мол шығар.

СҮЙІКТІ ӘНДЕР АСТАНА ТӨРІНДЕ АСҚАҚТАЙДЫ
«МузАрт» тобының шығар­машылық кеші алдында үш әншіні әңгімеге тартқан едік.
– Концерттен тыңдарман көп жаңалық күтеді. Шоу жасауға уәде бересіздер ме?
СӘКЕН: Біз енді ақыл тоқ­татқан, кейінгі толқынға кеңес беретін жасқа жеттік қой. Оңды-солды секіріп, сахнаны басы­мызға көтергеніміз жарамас. Сондықтан даңғаза шоу жасауға құлшынбаймыз. Есесіне мәнді, мағыналы кеш ұйым­дастырып, концертке келген әр қонақтың көңіліне жағатын жағымды әндерді орындаймыз. Бізді «МузАрт» вокалды-инс­трументалды ансамблі мен Қа­зақ­станның еңбек сіңірген өнер қайраткері Александр Абы­лаевтың жетекшілігіндегі эстрадалық-симфониялық оркестр сүйемелдейді.
КЕНЖЕБЕК: Концертте 4 жаңа әніміз айтылады. Онымен бірге, ел есінде қалған ескі әндерімізді де шырқаймыз.
– Мерейлі шараның Астана күнімен тұспа-тұс келуі де жауапкершілік жүктей ме?
МЕЙРАМБЕК: Бұл орайда елорда әкімдігінің қолдауы өте зор. Айтулы дата аясында бас ша­һардың төрінде жеке ке­ші­мізді беру – абыройлы шаруа. Оның үстіне, концертіміз ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қар­саңында өткелі отыр.
СӘКЕН: Астана жұртшы­лы­ғы аса талғампаз. Жалпы, қала мәдениетінің қандай деңгейде екені бір көрген жанға белгілі ғой. Бәрінен бұрын шаһардағы көшелердің таза­лығы, ғимарат­тардың ас­қақтығы, адамдардың сы­па­йы­лығы ұнайды. Әрине, шет жақтағы аудандарда әлі де ат­қарылар істер баршылық. Былай­ғы көпшілік әншілерді «әуежайдан түсе сала орта­лыққа тартады, тек жылтыр нәр­сені ғана көреді» деп ойлауы мүм­кін. Әйткенмен, біз де бәрін бағам­даймыз. Көш жүре түзе­леді демей ме қазақ?! Елордамен қатар, өзге де қала­лардың әдемі әрі көрікті бол­ғанына не жетсін?!
– Былтыр «Instagram» желісінде продюсер Жан Мұқановпен әзіл-шыны аралас бәстескендеріңізді білеміз. «МузАрттың» 15 жылдық мерейтойынан соң шаш­тарыңызды тықырлап алып тастайтын болған едіңіздер…
СӘКЕН: Оны орындадық қой. Негізі бұл идеяны шы­ғар­ған – Мейрамбек. Ол 1987 жыл­дан бері шашын тықырлап алмапты (күліп). Достар ара­сындағы жеңіл қағытпа ретінде қабыл­даңыз­дар. Алаңсыз, осылай әзіл жарас­тырып жүрген қандай жақсы?!
– Жазда демаласыздар ма? Әлде шығармашылық жұмыс қыза ма?
КЕНЖЕБЕК: Әзірге демалыс бұйырмайтын сияқты. Жазда «МузАрт Live» жоба­сының басы-қасында боламыз. Бұйырса, бұл телешоу 16 желтоқсанға дейін жалғасады. Ақтық сыннан сүрінбеген жігіттерді жинап, жаңа топтың тұсауын кесеміз. Ізбасар іні­лерімізді өз жолымызбен бау­лып, өнер әлеміне енуіне мүм­кіндік жасаймыз.
Ізденімпаз топтың ілкімді істеріне шын жүректен сәттілік тіледік.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button