Басты ақпарат

Қазақ хандарының түп атасы

Тарихтан хабары бар, көзі қарақты оқырманның Жошы ханды білмеуі мүмкін емес. Ол – Шыңғыс қағанның әлемді дүрліктірген ұлы жорықтарында қолбасшылық дарынымен, қайраткерлік қызметімен және мәмілегерлік мінезімен көзге түскен дара тұлғалардың бірі, Жошы ұлысының алтын қазығы, қазақ хандарының түп атасы. Күні кеше бас қаламызда Жошы хан есімімен аталатын көше пайда болды. Енді еңселі ескерткіші бой көтерсе, үйлесіп тұрар еді.

[smartslider3 slider=2707]

Жолда туған Жошы хан

1187 жылы дүниеге келген Жошы – Темүжіннің (Шыңғыс хан) тұңғышы, шешесі – қоңырат Тай шешеннің қызы Бөрте ханым. Жошы – жолшы, жолаушы деген мағынаны меңзейді. Бұл туралы Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары жайлы сенімді мәліметтер ұсынған Рашид ад-Дин өз еңбегінде «Шыңғыс хан мен меркіттер соғысып, меркіт жағы басым түскенде, Бөрте ханым Жошыға жүкті еді. Меркіттер екіқабат Бөртені тұтқынға алды. Олар сол кезде Оң ханмен бітімге келгендіктен, Бөртені Керей ордасына жіберді. Оң хан Шыңғыс ханның әкесімен анда болғандықтан әрі Шыңғыс ханды ұлым деп бауырына басқандықтан, Бөрте ханымға өз келініндей қарады… Бөртені зор құрметпен Шыңғыс ханға қайтарды. Ол жолшыбай толғатып, Жошы туды, оның Жошы аталуының себебі осы еді» деп жазады. Әрі қарай Рашид ад-Дин «Жошы әрдайым әкесінің қасында болды, жақсы-жаман күндерде әрқашан оның жанынан табылды» дейді. Ал Шыңғыс ханның тұңғыш ұлына ықыласының ауғаны соншалық, қызғаныштан жарыла жаздаған Шағатай мен Үгедейдің «Жошы – меркіт баласы» деген қисынсыз әңгімені жұрт арасына жайып жібергенін Ұлықбек өзінің «Улус-и арба-и Чингизи» еңбегінде тілге алады.

Хан басқарған жорықтар

Жастайынан қатал әмірші, қамқор әкеден өнеге көрген Жошы өмірінің соңына дейін ат үстінен түспей, ұлы қаған басқарған жорықтардың бел ортасында жүрді. «Моңғолдың құпия шежіресі» бойынша 1207 жылы Шыңғыс ханның әміріне сай оң қанат әскермен орман жұртын жаулауға аттанған Жошы ойрат, барқы, бурят, қырғыз, шібір, қапқанас, т. б. халықтарды мәмілегерлік жолмен қантөгіссіз қаратып алады. Сонда Шыңғыс ханның көңілі толып, Жошыны «Ұлдарымның ағасы, үйден шыға сала жолды болып, барған жеріңде ат пен адам шығындамай, ырысты орман жұртын бағындырып оралдың. Осы ел-жұртты саған бердім» деп елжірей алқағаны айтылады.

Осыдан кейін Жошы үнемі елдің шетінде, жаудың өтінде жүрді. 1211-1213 жылдары Солтүстік Қытайды билеген Цзинь (Алтын немесе Алтан) әулетіне қарсы жорықтарға қатысты. 1217 жылы қырғыз бүлігін басты. 1219-1222 жылдары Хорезм майданында болып, Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Аспас, Жанкент, т. б. қалаларды бірін соғыспен, бірін бейбіт ымырамен тізе бүктірді. Деректер бойынша Жошы өмірінде 60-тан аса ірі шайқасқа қатысып, 200-ге жуық қала, қамалды бағындырады. Парсы жылнамашысы Жүзжанидің жазуынша, «Жошы батыл, қайсар, ержүрек жауынгер болды, оның күш-қуатынан әкесі де сескенетін еді» деп жазады.

Үргеніш үшін шайқаста Жошы мен Шағатай сөзге келіп, ұрыс жоспары кешеуілдейді, Шыңғыс хан қолбасылыққа Үгедейді ұйғарады. Шыңғыс ханның шешімі Жошының ренішін тудырып, майданнан кері қайтуына себеп болады.

Ұлан-ғайыр аумақтағы ұлыс

1223 жылы Құланбасыда өткен құрылтайда Шыңғыс хан өз әміріне қаратқан ұланғайыр аумақты Бөртеден туған төрт ұлына бөліп береді. Ертістен батысқа қарай «Моңғол атының тұяғы жеткен жерлер» толығымен Жошының еншісіне тиеді. Құрылтайдан кейін Жошы Қарақорымға қайтпай, өз ордасын Ұлытауға, келесі бір дерек бойынша Ертіс бойына қондырады. Дешті Қыпшақ атауымен белгілі осы тарихи өлке ендігі жерде Жошы ұлысы немесе Жошы қыпшақ ұлысы аталып кетеді.

Қазақ даласына билік құрған Жошының жергілікті халықтың тілі мен мәдениетіне құрметпен қарап, қол астындағы ел-жұртпен жылы қарым-қатынаста болғанын жылнамашылар атап көрсетеді. Жүзжанидің айтуынша, «Жошының қыпшақтарға бауыр басқаны сонша, ол Хорезмде моңғолдарға қыпшақ баласының маңдайынан шерткізбейтін еді».

Жошы Дешті Қыпшақты билеген жылдары тәуелсіз саясат жүргізуге ұмтылса керек. Сірә, осыған байланысты оның әкесімен арасы суыған. Ескіден жеткен дерек пен ел аузындағы аңыз бойынша Жошы өмірінің соңғы жылдарында сырқатын сылтауратып, әкесінің шақыруынан бірнеше мәрте бас тартады.

Күй-ғұмыр

Шығыс Еуропа жеріне жойқын жорық ұйымдастыруға дайындалып жүрген Жошы хан 1227 жылы аяқ астынан дүние салады. Даңқты тұлғаның өлімі де жұмбақ, кей деректер «Шыңғыс хан жіберген жендеттердің қолынан қаза тапты» деп куәлік береді. Ал ел аузындағы аңыз бойынша «Жошыны құлан теуіп өлтіріп, содан бір қолы ғана қалыпты». Бұл аңыздың шындыққа жуық екенін академик Ә.Марғұланның 1946 жылы Қаракеңгір өзенінің жағасындағы Жошы кесенесінде қазба жұмыстарын жүргізгенде, қабірден шыққан сүйектің оң қолы жоқ екенінен көреміз. Археолог Орынбай Ошановтың жазуынша, 1997 жылы Жошы хан кесенесі қайта қазылғанда, мәйіттің бас сүйегі орнында болмай шығады. Бас сүйекті Ә.Мар­ғұланның алып кеткені анықталады, көп іздеуден кейін Алматы қаласындағы Орталық музейдің қорынан табылып, 2012 жылы қайта орнына қойылады. Жошы хан өліміне байланысты қазақ арасында «Ақсақ құлан, Жошы хан» күйі кең тараған.

Ұлық орда ұрпақтары

Тарихи деректер бойынша Жошы ханнан аз дегенде 14 ұл туған. Олар: Орда Ежен, Бату, Берке, Беркечар, Шибан, Таңғыт, Буал, Шылауын, Сұңқар, Шымбай, Мұхаммед, Үдір, Тоқтемір, Сенгум.

Жошы хан өмірден озған соң, таққа оның екінші ұлы Бату отырып, 1256 жылға дейін билік құрады. 1257-1266 жылдары ел билеген Беркенің тұсында ұлыстың шекарасы түпкілікті айқындалып, ұлық орданың алтын дәурені басталады. Бұл кезеңді тарихшылар «Жошы ұлысының еңселі дәуірі» деп сипаттайды.

Ұлы даланың ұлы тарихында Жошы мен оның ұлысының алар орны айрықша. Жошы ұлысы немесе Ұлық ұлыс болашақ Қазақ хандығының бастауы болды. Араб-парсы жылнамашыларының жазуынша, Жошы ұлысы Көк және Ақ орда деген екі бөліктен құралды. Ақ орда Жошының тұңғыш ұлы Орда Ежен ұрпағының билігінде болды. Тарихшылардың пікірінше, азақ хандары осы Орда Еженнен тарайды. Ақ орданы шыңға шығарып, Жошы ұлысын тұтас билеген Орыс хан – Орда Еженнің немересі. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек – Орыс ханның шөберелері. Сондықтан Жошы хан – қазақ хандарының түп атасы.

«Хан баласында қазақтың хақысы бар…»

Түп атасы Жошы ханнан тарайтын ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» дегені бар. Шынымен де, Жошының кіндігінен тараған қазақ хандары ұлыстың тәуелсіздігі мен бостандығы үшін жалаң аяқ жар кешті, қызыл аяқ қар кешті, ат үстінде ұйқы алып, ел мен жерге сұғын қадаған ата жаумен алысып өтті, қызыл қанын ағызды, қара терін тамызды…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде «Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет» дегені де, Алтын орданың (Жошы ұлысы, Ұлық ұлыс) 750 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде аталып өткені де ел есінде. Енді, міне, сол игілікті бастаманың жалғасындай елорданың басты көшелерінің біріне ұлы ханның есімі берілді. Біз мұны ата-баба аманатына адалдық қана емес, тарихи әділеттіліктің орнауы, ұлт тарихына көрсетілген зор құрмет, ұлыс тарихының көш басында тұрған ұлы тұлғаға жасалған тағзым деп қабылдадық.

Ерлан МАЗАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button