Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ Жылқышылық дәуір және мемлекеттілік бастауы

1422434794_gallery_8277_23_524006

Сөз жоқ, Қазақ хандығы ХV ға­сырдың ортасында пайда болды, бірақ ұлтымыздың мемлекеттілігінің негізі энеолит дәуірінен басталады әрі оны алғашқы жылқышы қауымдар қалады. Қазақтың «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деген сөзінде бірнеше мыңжылдыққа созылған мемлекет құру күресінің тарихы жатыр. Жұрттың көбі бұл сөзді шындыққа еш қисыны келмейтін ертегі сияқты көреді. Мен Алаш туралы аңызды орта және жоғары оқу орындарының оқулықтарына кіргізуге қаншалықты күш салдым десеңізші. Біздің халқымыздың ауыз әдебиетінде сақталған ертегі сияқты сөздердің Еуразия тарихына тікелей қатысы бар.
Еуразия құрлығының орталық аймағына орналасқан қазақ жері көп заман адамзат баласы үшін кіндік территория қызметін атқарды. Жер мен Көктің арасын қосып тұрған атақты Шоқтерек те осы қазақ даласында болды. Грек әфсаналарындағы Құдайлар пантеоны, Мысырдағы перғауын дәуіріндегі Күнге және Осириске табыну, тіпті, Шумердің «Гильгамеші» өз бастауын біздің даламызда тым ерте заманда пайда болған адам, қоғам, табиғат туралы түсініктерден бастауын алады.
Біздің ойымызша, қазақ тарихы Батыс және Шығыс өркениеттерімен тереңнен келе жатқан дәстүрлі әрі жан-жақты байланыста қалыптасты. Неміс философы К.Ясперс бұл мәдени ықпалдастықтың түп-тамырын отырықшы мәдениетпен бай­ланыстырады. Оның ойынша, адамзат мәдениеті тек егіншілікке қолайлы аудандардың даму жемісі: «Мәдениеттің шыққан ортасы Атлантикадан Тынық мұхиты жаға­лауына, Еуропадан Солтүстік Африка, Алдыңғы Азия, одан Қытай мен Үндістан арасындағы ұлан байтақ жердің жіңішке ғана тілімін қамтиды. Бұл ұзындығы барлық жер бетінің ұзындығының ширегіндей ғана, ал енінен жер бетінің жиырмадан біріндей ғана аймақта, шөлдер, далалар мен тау жоталарының арасына орналасқан құнарлы топырақты территория» (Ясперс К., Смысл и наз­начение истории. /пер. с нем./ Мыс­лители XX века. М.,1991, с. 117). Біз­дің пікірімізше, бұл байланыстарға арқау болған Еуразия далалық айма­ғында энеолит дәуірінде, яғни, біздің жыл санауымыздан 4 мың жыл бұрын пайда болған жылқышылық тір­шілік. Бұл қарым-қатынастарда Шы­ғыс пен Батыс өркениеттерінің бір­қа­­­лыпты баяу тіршілік ырғағын бұ­зып, отырықшылар өлкелеріне іш­­ке­рілей еніп кететін көшпелі ата-баба­­­ларымыздың қызметі ерекше. Құры­­­лықтың осы құнарлы бөлігі өте көп замандар бойы, тіпті, Ұлы гео­гра­фиялық ашылуларға дейін бақта­шы халықтардың бақылауында болды.
Қазақтың ауыз әдебиетінде ерте жылқышылық дәуір мен алғашқы жау­лап алулар көбінесе ертегі түрінде сақталған. Сонымен бірге кейде бір тарихи аңыздардан ата-бабала­рымыздың әлемді бағын­дыруға бағыт­талған жойқын саяхат­тарын көр­гендей боламыз. Осы сөздің дә­лелі ретінде Жиенәлі батыр­дың хи­кая­сын келтіре кетсек орынды. Бұл да қазақтың көне замандардан бері көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан әфсаналарының бірі: «Жиен­әлі батыр атасынан қалған қара құл Демекті ертіп алып, жер жүзін кезген. «Жүзден асқан Жүзі әулие» деген бар деп, Қара теңіз, Ақ теңіз, бес теңізден өтіп, Жүзі әулиені тапқан.
– Қай жерді басып келдіңдер? – дегенде,
– Сырдарияның ар жағасынан келдік, -дегенде,
– Уа, қу дүние, біз көргенде Сыр бұлақ деген бұлақ бар еді, о да дария болған екен! – депті.
Екі көзі көруден қалған екен. Сонда соның ел-жұрты жылқы деген малды бұрын естіп, көргені жоқ екен. Көргендері тамаша қылысып:
– Сондай бір хайуан мініп келіпті!- десіп сөйлескен соң, Жүзі әулие әдейі шығып, сипалап, жал-құйрығын, төрт тұяғын, – бәрін ұстап көріп айтқан екен:
– Жылқы деген ерендер,
Жүрген жері берендер.
Төрт тұяғы болат-ты,
Жал-құйрығы қанат-ты.
Күлік. Күлік,
Жүрген жері – үркін-сүргін, бүліксіз болмайды. Жеткен жеріне заманақыр орнатып жүреді, мұнан жылдам құтылыңдар, тұрғызбаңдар, – деп тез қайтарып жіберген екен…».
Адамзат көші бірде мимырт тір­ші­лікпен әуре болса, бірде аласапыран дауылды бастан кешеді. Ел мен елдің арасы осындай кезде бір-бірінен алшақтап, ағайын амал жоқ бірін-бірі ұмытады. Көшпелі қазақ маңайындағы отырықшы елдің ықпалына түскеннен кейін дәстүр-салты да өзгере бастайды.
К.Ясперс ерекше шабыттана сипаттайтын сиыр тіліндей жерде оңтүстіктен жылжыған семит халықтары мен солтүстік-шығыстан төнген үндіеуропа, алтай-орал тілді халықтарының мүдделері бірнеше мың жыл тайталасты. Бұл тым ерте кезең, шын мәнінде, алғашқы жыл­қышы қауымдардың бас қосып, та­рихтың басталар кезеңі, қазақ ше­жіресінде Алаша хан заманы деген атпен белгілі. Рашид-ад-диннің «Жәми-ат тауарихы» да, Әбіл­ға­­зының «Шаджарат түркісі» де өзі­нің кіріспесін осы Алаша хан зама­нынан бастайды. Рашид-ад-динге шежіреден ақпар берген қариялар Алаша ханды Нұқ пайғамбармен замандас, не соның өзі деп межелеген. Осыдан-ақ семит халықтары тарихи заманды Нұқ пайғамбардан бастаса, біздің аталарымыздың Алаша ханды меже қылғаны көрінеді.
Жаратылыс әлемінен оқшау шыққан адам баласы үшін кәсіптің ең табысты деңгейі көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланысты деп есептейміз. Олардың әлеуметтік дамуының, рухани құн­ды­лықтарының, саяси табыста­рының өзге қоғамдарға тигізген ықпалы әлі де зерттеуді қажет етеді. Еуропа ғылымы қашан да адамзат мәдениетінің кіндік ортасын бізге жолатпауға тырысады. А.Тойнби «Кейбір уа­қыттарда олар өз жерлерін тастап, көрші отырықшы өркениеттердің иелік­теріне басып-жаншып кіреді…Шапқыншылықтарымен тарихқа аз уақытқа кіріксе де көшпелі қоғам­дардың өз бетінше тарихы жоқ» деп санады (Тойнби А.Дж., Постижение истории. – М., 1991, с.186). Француз тарихшысы Ф.Бродель «Кәрі құрылықтың ортасындағы далалар мен шөлдерде өмір сүретін «варварлар» өркениет үшін қауіпті… олардың жаулап алулары адамзат тарихына алапат серпін бергенімен, бұл – паразитизм көрінісі» дейді. (Бродель Ф., Структуры повседневности: возможное и невозможное. М., 1986, с.112).
Осылайша адамзат баласын алға бастаған жасампаз тарихымызды бірнеше ғасыр бойы жоққа шығару­мен айналысқан Еуропа ғылымында біз тек «Орталық Азияның көшпелі халықтарының Қытай, Үндістан және Батыс елдеріне жетуі (олардан ежелгі дүниенің мәдениеттері жылқыны пайдалануды үйренді) үш облысқа да бірдей әсер етті: жылқыны иеленген бұл көшпелі халықтар әлем кеңістігін таныды. Олар ежелгі дүниенің ұлы мәдениеттерін жаулап алды. Қиын-қыстау тіршілік, қатерлі жорықтар дүниенің жалғандығын түсінуге көмектесті, ал үстем нәсіл есебінде олар бұл әлемге ерлік және трагикалық сананы енгізіп, оны эпос түрінде білдірді» деген А.Вебердің пікірін ақиқи уәж деп білеміз (Вебер А., Избранное: Кризис европейской культуры. Спб.,1999, с.201).
1970-жылдары осы пікір­дің жал­ғасындай болып Дж.П.Мэл­лоридің «Үндіеуро­палық­тардың ата жұрты» деген атақты еңбегі жарық көрді. «150 жылдай үндіеуро­палықтардың атажұртын іздеу барлық ғалымдар мойын­дағандай бір шешімге әкел­меді… Мен олардың еңбектерінде нақты ата жұрт туралы айтылған да болар деп ойлаймын, себебі, оны ғалымдардың іздемеген жері жоқ. Солтүстік полюстан бастап Оңтүстік полюске дейін, Атлантика мұхитынан Тынық мұхитқа дейін аталмаған жер жоқ. Хронологиясын да б.з.б. 100000 жылдан бастап б.з.б. 1600-ға дейінгі аралықта іздеді» дей келе, ол еуропалық өркениеттің алтын бесігін қазақ жерінен іздеуді ұсынады.
А.Вебер адамзат баласының тіршілік мазмұнын күрт өзгерткен бұл тарихи төңкерісті жасаған Солтүстік Еуразия далаларының жаулап алушы халықтары деп есептеді. Біздің жыл санауымызға дейінгі төртінші мыңжылдықтан бастап Еуропа және Жерорта теңізі аймақтары үндіеуропалық тайпалардың қоныстану және ықпал жасау аймақтарына айналса, екінші мыңжылдықтың ортасында көшпелі халықтар Үндістан мен Иран жеріне де жетті, ал осы мыңжылдықтың соңында Қытай бұл көшпелілердің билігін мойындады. Осы уақытқа дейін Қытайдан бастап Еуропаға дейінгі аймақтарда тамыры тереңге кеткен және матриархалдық салты басым, отырықшы түрде мал асыраған, не егіншілікті кәсіп қылған, негізінен өзімен-өзі, оқшау өмір сүрген көне мәдениеттер болды. Алдымен сиыр баққан, кейін жылқылы көшпелілердің келуімен адамзат тіршілігі осы екі күштің арасындағы күреске айналды, бір жағынан, матриархалды, тұрақты, көне, ұйқылы-ояу мәдениет, екінші жағынан, жаңа, қозғалыстағы, азат ойлы, өзінің даму бағыты айқын көшпелі халықтар мәдениеті. «Көшпелілердің келуімен адамзат тарихы басталса, олардың отырықшыларды бағындыруы барысында мемлекет құрылды» дейді неміс ойшылы.
Еуразия көшпелі тайпаларының мемлекет құрушы әлеуеті туралы пікірлер ертеден бар. Ф.Ратцель, К.Каутский, В.Бартольд сияқты осы бағытта жазған еуропалық ғалым­дардың ішінде К.Каутскийдің пікірі ерекше. Ол Еуразиялық номад­тар тарихта қашанда мемлекет құрушы күш ретінде қызмет атқар­ды, бірақ мемлекетті олар өз бетімен құра алмаушы еді, мемлекет құрудың басты шарты көшпелілер жаулап алып, бағындыратын момын әрі еңбекқор отырықшылар болуы шарт дейді: «Егер біз егінші шаруалар мен бақташы-номад­тардың психологияларындағы: алдың­ғылардың қарапайымдылығы, сонымен бірге отырықшылығы, қорғансыздығы, бағыныштылығы, керісінше, соңғылардың кедейлігі, жауынгерлігі, ержүректілігі, сонымен бірге әр мәселеге икемделе алатын ой қабілетіндегі үлкен ерекшеліктерді ескерсек, онда біз шаруалар мен бақташылардың тіршілігінен екі түрлі факторды көреміз, дамудың белгілі бір фазасында араласу барысында бақташылардың шаруаларды бағындырып, өздерін алым-салық төлеуге мәжбүрлейтіні анық. Жекелеген бақташы тайпалар көптеген шаруалар қауымдары мен аймақтарын біртұтас қылып жинақтап, өздері осы қоғамның билігін қолына алды, оны қанаудың барысында өздері де бақташылық тұрмыстан қол үзді. Осы­лайша алғашқы мемлекеттер құрылды» (Каутский К., Материалисти­ческое понимание истории. М., 1927, с.35 ).
Қыр өңірі аңыздарының Уыз ханға арналған топтамасы көшпелі ордалардың Батыс пен Шығысқа қарай қозғалыстарын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл ұлы жаулап алулар мен жаңалықтар заманы К.Ясперстің белдік уақыт туралы тұжырымдарына сәйкес келеді. Жергілікті мәдениет теорияларына қарсы шыға отырып, ол әлемдік тарихтың даму барысына Батыс және Шығыстың руханиятындағы күрделі жаңалықтар пайда болған өзектік және осьтік (кіндік) уақыт айрықша қызмет атқарады деген көзқарасты қалыптастырды. Осьтік уақыттың басы ретінде К.Ясперс б.з.б. 800-200 жылдарды көрсетеді. «Бұл дәуірде қазіргі ой-танымдарының негізі салынды, қазіргі адамдардың өмірінің құндылығын анықтайтын дүниежүзілік діндер бастау алды, барлық бағытта әмбебаптылыққа көшу үрдісі жүріп жатты. Адам өз тұрмысын, өзін-өзі және өзінің мүмкіндігін түсінді. Адам алдында дүние қаншалықты қорқынышты екені және оның табиғат алдында қаншалықты әлсіз екені ашылды» (Ясперс К., Смысл и назначение истории. /пер. с нем./ Мыслители XX века. М.,1991, с.32-33).
Қазақ шежіресіне қарасақ, «Одан соң Уыз хан қытайды және шүршітті, сондай-ақ таңғұтты жеңіп алды. Таңғұтты тәжіктер «тибет» дейтін еді. Одан кейін барып қара қытайды бағындырды, ол үлкен жұрт еді. Халқының түсі үнділер сияқты қара болар еді» дейді. Орта ғасырлық шежі­релердің жазба нұсқаларын ізерлесек, Уыз хан ескі құрлықты түгел бағындырды: «басып алған жерлерінде көп жылдар тұрып, дұш­пан­дарын құртып, достарын сыйлап, «басы Сайрам, аяғы Мысырға дейінгі уәлайаттардың баршасына әкімдер қойып, қайтып өз жұртына оралды» (Әбілғазы, Түрік шежіресі. Алматы, 1991., 19-22 бб.).
Қазақ халқының тарихын, оның мемлекет және қоғам құру феноменін, адам мен дін туралы түсініктерін ежелгі тарихты дұрыс түсінбей, қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Біз өзіміздің бұрынғы еңбектерімізде Ұлы дала тарихының өзіндік тамыр­лары мен қайнар көздері бар екенін жаздық, ол өте мығым және жарқын, сонымен қатар Шығыс пен Батыстың тарихымен тығыз байла­ныс­ты. Ұлы даланың ежелгі отырық­шы өрке­ниет­термен қарым-қатынасын әртүрлі қайнар көздер тұрғы­сынан қарас­тыруға болады. Жаз­баша жәдігер­лер
туралы айтқанда, «Авес­та», «Ма­хабхарата», «Веда» сияқты Ұлы дала­дан тым ертерек қоныс аудар­ған ағайындарымыздың тұқым-жұра­ғаты қалдырған деректері бар, бірақ тым әфсаналанған. Ұлы дала мен ежел­гі өркениет ошақтарының қарым-­қатынастары туралы архео­ло­гия­лық қаз­балар да бірсыпыра мәлімет берер еді, өкінішке қарай, табыл­­ған артефактілерді тәпсірлеу мен ой жүйесіне салу жағы әлі де төмен дең­гейде. Осыған байланыс­ты қазақ­тың ауызша дәстүрінде сақталған аңыз­дардың маңызы ерекше арта түседі.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ-дің профессоры,
тарих ғылымының докторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button