Басты ақпаратРуханият

«Қазақ күшінің картасы» нені көздейді?

Астанада «Қазақ күшінің картасы» жобасы таныстырылды. Аталмыш жобаның мақсаты – қазақ халқының жауынгерлік-спорттық тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі – алып күш-қайрат иелерінің күштік мұрасын анықтау мен зерттеу, насихаттап, сақтау. Атап айтқанда, ел аузында «Балуан тас» деп аталатын ауыр тастарды іздеп тауып, олардың география­лық орналасу нүктелерін картаға түсіру мен ұлттық құндылық ретінде көрсетіп, насихаттау.

Бұл ­жобаны жа­қында құрыл­ған «Baluan tas» ұлттық спорт түр­лері және ­мәдениеті академиясы қолға алды. Ұйым­ның құрылтайшысы, мәдениет­танушы-лингвист, «Балуан тас» атты екі томдық кітаптың авторы Абылайхан Қалназаровтың айтуынша, жобаны «Қазақ күш-қайратының картасы» немесе «Ұлы даланың күш картасы» деп те атауға болады. Жалпы академияның мақсаты – қазақ халқының барлық дәстүрлі спортын сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде танымал ету. Бұл академия ұлттық спорт түрлерінің физикалық, рухани-мәдени және зияткерлік құндылықтарын зерттеп-зерделеп, болашақ ұрпаққа жеткізуді және спорт арқылы елдік рухты күшейтуді көздейді.

Ұйымның бастамаларына «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетіп отыр. Бірлестік президенті, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай таныс­тырылымға арнайы қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерінің дамуына ерекше мән беріп, ел мәдениетін, бірлігін нығайтудағы маңызына баса назар аударып келе жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы ұлттық спорт түрлерінің дамуына сараптама жасап, институционалдық тұрғыда жұмыс жүргізу қажет деп тапсырған болатын. Президент Ұлттық құрылтай отырыстарында ұлттық салт-дәстүр мен спорттың маңызын бірнеше мәрте атап өтті. Төртінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы көптеген ел өзінің салт-дәстүрі мен қазіргі инновацияларды үйлестіру арқылы дамудың даңғыл жолына түскенін айтты. Яғни мұндай бастамаларды бүгінгі инновациямен біріктірсек, әлемдік деңгейде үлкен жаңа жобалардың дүниеге келуіне мүмкіндік беріледі. Қазіргі таңда ұлттық мұраны сақтап, оны жаңғырту қоғам үшін аса маңызды болып отыр. Бұл жобаның әсіресе жастарымызды ұлттық мәдениетке, қазақтың ертеден келе жатқан күш өнеріне және дәстүрлі спорт түрлеріне қызықтыру мақсатындағы маңызы аса жоғары, – деді ­Бибігүл ­Жексенбай.

Абылайхан Қалназаровтың айтуынша, «Қазақ күшінің картасына» қатысты алда атқарылар жұмыстар жеткілікті. Атап айтқанда:

– балуан тастармен байланысты аңыз-әфсана, хикаялар мен ел аузындағы әңгімелерді, тарихи деректерді жинақтау, ұлтымыздың осындай өмір салты мен спорттық-жауынгерлік ерлік дәстүрін ғылыми айналым мен ақпараттық өріске енгізу;

– тарихтағы балуандар мен балуан тастарды қазіргі заманға сай идеологиялық құрал ретінде ыңғайлау, сол арқылы жастар мен жасөспірімдерді ата тарихтағы балуандармен таныстырып, спорт пен азаматтыққа баулу;

– алып күш иелері мен қазақ күресінің тарихи рөлін көрсету, сол арқылы ұлттық бірегейлікті күшейту;

– Қазақстанның брендтік-­туристік маршруттық әлеуеті мен спорттық-мәдени тартымдылығының артуына атсалысу.

– Балуандар ортасын зерттей келе, бұл бағыттың жеке емес кешенді, жүйелі дүние екеніне көз жетті. Қазақ күресі батырлар институтының бір тармағы екен. Яғни біз көріп жүрген бәйге, көкпар, қыз қуу, тоғызқұмалақ, аударыспақ секілді ұлттық спорт түрлері – бәрі де батырлар институтының бір салалары. Мұның бәрін жинақтасақ, ерте заманда бір ғана мақсатқа жұмыс істегенін көреміз, бұл – жауынгер тәрбиелеп шығару. Қазіргі заманның ұғым-түсінігіне алып келетін болсақ, бұл тұтас бір өндіріс болғанын байқаймыз. Баяғыда ұлттық спорт жауынгерлерін, батырларын тәрбиелеп шығаратын өндіріс болған екен. Елімізде ұлттық спорт дамымай жатыр емес, өте қатты дамып жатыр. Бірақ мұның кемшін қалып отырған бір тұсы бар, бұл – оның идеологиясы, оның мәдени жағы. Көптеген жарыс ұйымдастыру бағыты дамып кеткен. Алайда бұл жарыстардың мәні ашылмай, концептуалды дүниелер жасалып жатқан жоқ. Біз негізгі екпінді ғылыми-идеологиялық бағытқа қойып отырмыз, – дейді Абылайхан Қалназаров.

Оның сөзінше, «Күй атасы» атанған Құрманғазы Сағырбайұлы, ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы, көптеген билер мен батырлар балуан болған. Бұл жайындағы деректер «Балуан тас» қос томдығында қамтылған.

«Қазақстанның әр түкпірінде балуан тастар бар. Қазір өзім 11 нысанды анықтадым.Одан көп екені анық» дейді Абылайхан Мамырайханұлы. Балуан тастар жайында кино түсіру де жоспарда бар. Бір деректі фильм түсіруге осы күндері демеуші табылып отыр. Сондай-ақ «Қазақ күшінің картасы» атты телебағдарлама немесе YouTube-бағдарлама ашып, әр тастың ақпаратын баян­дау, әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы балуан тастар туралы деректерді кеңінен тарату, тақырыптық ақпараттық-­танымдық альбом-кітап шығару жоспарланған.

Қажымұқан Мұңайтпас­ұлына қатысы бар бір балуан тас жайлы деректі таныстырылымға қатысқан «Тас па­луан» лақабымен танымал атлет ­Арман Сүлеймен келтірді.

– Астананың айналасында Қажымұқанның әжесінің жерленген жері табылды. Бұл – Төңкеріс деген ауыл. Біз соған бардық. Тура соның басында Қажымұқан өзі әкеліп қойған тас бар. Біз көз мөлшерімен есептегенде 500 келідей деп шамаладық. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, Қажымұқан оңтүстікке көшердің алдында әжесінің жатқан жері белгілі болсын деп бұл тасты апарып қойды, – деді спортшы.

«Қазақ күшінің картасы» жобасының бір бағыты – елдегі туризмді ілгерілету. Соның аясында аймақтардағы мәдениет, спорт, туризм басқармаларымен тығыз байланыс орнатып, балуан тастарды туристік маршруттарға қосу, сол арқылы өңірлердің тартымдылығын арттырып, экономиканы дамыту, балуан тастарды қорғау шараларын ұйымдастырып, жазба белгілер орнату, «Қазақ күшінің картасы» атты музей немесе Ұлттық музейде сондай атаумен арнайы зал ашу жоспарланған.

Халық композиторы Нұрмағамбет Баймырзаұлының балуандық даңқы асқақтап, Балуан Шолақ атанғаны белгілі. Оның «Сентябрь» аталатын әнінде «Кешегі сентябрьдің базарында көтердім 51 пұт кірдің тасын» деген жолдар кездеседі. Сонда бұл тастың салмағы 816 келі болып шығады. Өкінішке қарай, аңыз-әфсаналарда айтылатыны болмаса, тұтас елге белгілі балуандар көп емес. «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының тағы бір мақсаты – «Қазақ күшінің картасы» арқылы қазақтың күштік тарихы мен мәдениетін жаңғырту және сақтау, яғни белгісіз болып келген балуандарды елге таныстыру.

– «Балуан тас» қос томды­ғында 500-ден астам қазақтың балуаны кездеседі. Қазіргі уақытта көп адам балуан­дар мен батырларды шатастырады. Бұл – екі бөлек ұғым. Батыр – соғыста қолбасшы, соңынан көптеген қол ерткен тұлғалар, ал балуан – ерекше күшімен танылған адам, – дейді Арман Сүлейменов.

Оның пікірінше, «Қазақ кү­шінің картасы» жобасын жеке бір ұйым немесе бір адам емес, мемлекеттің өзі басшылыққа алып, атқаруы керек.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button