Sport

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ҚҰДІРЕТІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен өткен дәстүрлі республикалық турнирде Бейбіт Ыстыбаев үшінші мәрте жеңімпаз атанды. Жамбылдың жампозына турнирдің бас жүлдесі «Алтын тайтұяқ» сыйлығын Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаев табыс етті. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елорда төрінен пәтер кілтін тапсырды. Сондай-ақ, жеңімпаз балуанға 25 миллион теңге берілді.

ERM_9486

Еліміздегі ең мықты балуандардың арасында өтетін «Қазақстан барысы» турнирі Астана күні мерекесі қарсаңында жұртшылықтың асыға күтетін айтулы шарасына айналып кетті. Ұлттық өнеріміз – қазақ күресінің құдіретін көрсететін, биыл алтыншы рет ұйымдастырылған жарысты тамашалауға жиналған жанкүйерлер қарасы 10 мыңға жуықтап жығылды.

Байрақты жарысқа боз кілемге арбалған 34 балуан қатысты. Аймақтарда іріктеу жарыстарынан топ жарғандар ғана жарысқа жіберілді. Атап айтқанда,  әр облыстан, Алматы және Астана қалаларынан екі балуаннан іріктелді. Сондай-ақ, биыл Қорғаныс министрлігінен ірі балуан таңдалды. Ал 2015 жылы «Қазақстан барысы» атанған жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев жарыс ережесіне сәйкес іріктеусіз-ақ финалдық сайыстарға қосылды.

Сонымен, Астана төріндегі «Сарыарқа» велотрек кешенінде төселген боз кілемге бірінші болып осы жарысқа қатысушылар арасындағы ең жасы үлкен Дәулет Алпысов шықты. Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған жігіт ағасы биыл 37 жасқа толған екен. Оның қарсыласы «Қазақстан барысы-2014» турнирінде «Көрермен көзайымы» сыйлығын алған жамбылдық Дәулетхан Жақыпов болды. Әттеген-айы, бұл белдесуде Алпысов аяғынан жарақаттанып, жарыстан шығып қалды.

Әр белдесуде балуандардың шашбауын көтерген жанкүйер қауым аянып қалған жоқ. Айқайға басып, алақанды соғып бар балуанды жігерлендіріп отырды. Бірінші айналымда осы турнирде жеңімпаз болады-ау деген балуандар бір-бірімен кездесіп жатты. Мәселен, «Қазақстан барысының» әр жылдардағы жүлдегерлері қарағандылық Асыл Бәрменов пен қызылордалық Руслан Әбдіразақов, осы турнирдің жеңімпаздары Ұлан Рысқұл мен Айбек Нұғымаров өзара сынға түсті. Жанкүйерлер «Қап-ай, бәрі де жүлде үшін күресетін балуандар еді…» деп қынжылып та жатты. Осы бір тартысты белдесулерде Руслан мен Ұлан келесі айналымға өтті.

Сонымен, күні бойы өткен байрақты бәсекеде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан төрт балуан жартылай финалға шықты. Бір қызығы, төрт мықтының үшеуі Жамбыл облысынан болды. Көпшілік күткендей, Бейбіт Ыстыбаев осы кезеңге аса қиналмай өтті деуге болады. Ал Дәулетхан Жақыпов пен Айбол Айтбек әр күресте жанкештілік танытып, көрерменнің ықыласына бөлене білді. Ал осы үшеудің ортасына Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Жұманазар Ерсұлтанов түсті.

Жартылай финалдың бірінші белдесуінде Бейбіт Ыстыбаев пен Дәулетхан Жақыпов кездесті. Бұл сында «Қазақстан барысының» екі дүркін жеңімпазы басым болды. Екінші жұпта осы жарыстағы ең ауыр салмақты (160 келі) Жұманазар Ерсұлтанов айқын басымдылықпен ұтты.

Үшінші орын үшін болған белдесуде Айбол Айтбектің жолы болып, қола белбеу иегері атанды. Ал «Қазақстан барысы-2016» атағы үшін Бейбіт Ыстыбаев пен Жұманазар Ерсұлтанов арасында өткен шешуші күресте жамбылдың жампозы таза жеңіске жетті. Осылайша, «2012 және 2015 жылдары «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алған Бейбіт Ыстыбаев үшінші рет үздік балуан атанды.

                                                                                    Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button