Басты ақпаратРуханият

Қазақ мәдениетінің темірқазығы

Өткен 2023 жыл ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен түркі әлеміндегі Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды. Соның аясында жыл бойы Қазақстанда да, бауырлас елдерде де көрнекті мемлекет қайраткерін ұлықтау бағытында бірқатар іс-шаралар өтті. Оған ТҮРКСОЙ ұйымымен бірге халықаралық Түркі академиясы атсалысты. Соның ішінде жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» кітабы түрік тіліне аударылып, Алмажан Өтеғалиеваның «Темирбек Жургенов: триумф и трагедия» кітабы орыс тілінде жарық көрді. Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада аталмыш еңбектердің тұсаукесері өтті. 

ТҮРКСОЙ бас хатшысының Қазақстан бойынша кеңесшісі, Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, академик Кәрімбек Құрманәлі жүргізген жиынға ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясымен қатар бірнеше ведомство  басшылары, Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі қаламгерлер мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, елордадағы Темірбек Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицей ұжымы қатысты.

Былтыр Бейбіт Қойшыбаев­тың «Комиссар Жүргенов» кітабын Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шығарып, еліміздің кітапханалары мен мемлекеттік мекемелеріне таратты. Тұсаукесерде мұны министрдің орынбасары Арман Жүдебаев атап өтті.

– Темірбек Жүргенов иісі қазақтың ғана емес, түркі мәдениеті мен руханиятының, өнері мен оқу-ағарту саласының дамуына тер төккен, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы, көсемсөзші екені баршамызға аян. Темірбек Жүргенов жылы елімізде, сонымен қатар Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Әзербайжан мемлекеттерінде кеңінен аталып өтті. Себебі ол – түбі бір түркі елдеріне ортақ нар тұлға. Сан қырлы тұлғаның әр саладағы қолтаңбасы таңғажайып тарихи шешімдерге толы, – деді Арман Жүдебаев.

Темірбек Жүргеновтің еңбектеріне тоқталған министрдің орынбасары Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болған кездегі Мәскеу­ден ірі ғалымдарды шақыртып, іргелі пәндерді қазақ тіліне аудартқанын, термелер жинағын құрастыруға атсалысқанын атап өтті. Тәжікстанның қаржы комиссары, Өзбекстанның және Қазақстанның халық ағарту комиссары қызметтерінде атқарғанына тоқталды. Қазақтың қабырғалы қаламгерлері мен қайраткерлеріне қолдау көрсетіп, кейін дәрияға айналған бұлақ көзін ашқанын, Қазақстанда алғашқы музыка театрының ашылуына мұрындық болғанын айтты. Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік қасиетінен бөлек қаламгерлігіне тоқталып, 7 кітап, 150-ден астам әдеби-публицис­тикалық мақалаларды жазып, таусылмас қазына, құнды мұра қалдырғанын, әсіресе театр өнерін өз тұғырына қондырудағы ерен еңбегін атап өтті.

– Оның қызмет еткен жылдары Қазақстанның барлық өңірлерінде драмалық, музыкалық ұжымдар құрыла бастады. Ел ішіндегі өнер майталмандары бір арнаға тоғысып, жыраулар мен жыршылар, термешілер мен барша өнерпаздар қосылып, кәсіби өнер орталықтары бой көтерді. Мұның бәрі –Темірбек Қараұлының асқан ұйымдастырушылығының арқасы. Қазақ мәдениетінің темірқазығындай тұлғаның болмысы баршамызға үлгі. Сөзімді қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбайұлының мына айтқанымен аяқтағым келеді: «Біз қазақ мәдениетінің шырқау шыңдары үшін Темірбек Жүргенов рухының алдында қарыздармыз» деді Арман Жүдебаев.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мының бас хатшысы Сұлтан Раев өз баяндамасында Темірбек Жүргенов Қазақстан мен Орта Азия елдеріндегі оқу-ағарту, мәдениет, әдебиет пен өнер салаларының өркендеуіне өлшеу­сіз үлес қосып, өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы ауыр жылдары халықтың бағына туып, өзгеше жарқырап өткен жарық жұлдыз екенін, найзағайдай жарқ етіп жылдам сөнсе де, артында өлмейтін, өшпейтін із қалдырғанын ерекше атап өтті.

– Темірбек Жүргенов бүкіл өмірін қазақ елінің азаттығына, еркіндігіне, егемендігіне арнады. Өткен ғасырдың жиыр­масыншы-отызыншы жылдарындағы үркердей ғана қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі Жүргеновтің азаматтық істерінен қазақ ұлты оянып, серпілді, ұлттық тәуелсіздік жолында күресе бастады. Ол Нәзір Төреқұлов, Әліби Жангелдин секілді қайраткерлермен иық тіресіп, қазақ халқының мүддесіне аянбай қызмет етті, – деген Сұлтан Раев Темірбек Жүргеновтің атқарған қызметтеріне тоқталды. Соның ішінде Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Әбілхан Қастеев сынды өнер иелерінің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасағанын атап өтті. Александр Затаевичке қазақ музыкасы туралы көптеген мәлімет бергенін, Қазақстандағы мектеп жүйесін реттеп, қазақ мектептерін көбейту туралы қаулыны қабылдап, 400 қазақ мектебінің ашылуына тікелей ықпал еткенін айтты.

«Комиссар Жүргенов» кітабының жазылуына Темірбек Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы Сәби Аңсат мұрындық болды. Жиында сөз сөйлеген ол Темірбек Жүргеновке қатысты іс-шараларды үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан ТҮРКСОЙ ұйымының басшылығына алғысын жеткізді.

– Ілияс Омаров 1967 жылы Мәдениет министрі болғанда Халық әртісі Қанабек Байсейітов кабинетіне кіргенде төрде ілініп тұрған Жүргеновтің портретін көреді. Қаныбек «Мынаны қалай түсінуге болады? Сіз үстіңізден арыз түседі деп қорықпайсыз ба?» деп сұраған. Сонда Ілияс «Сенің Халық әртісі, менің министр болып отырғанымыз – осы кісінің арқасы. Бұл кісіден кейін біздің қазақ мәдениетіне бергеніміз шамалы» деп жауап берген. Мәскеуде өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігі арқылы Сталин бастаған билік өзінің қазақ ұлтына жасаған қиянатын іштей сезінді. Сол кезде біз Ресейдің құрамында автономия болып тұрғанында 1936 жылдың мамыр айында онкүндік өтті. Сол жылдың желтоқсан айында конституцияға Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деп жазылды. Соның арқасында 1991 жылы КСРО құлағанда бізге мемлекеттігімізді жариялауға мүмкіндік туды. Әйтпесе, Башқұртсан, Татарстан сияқты Ресейдің құрамында қалып қоятын едік, – деді Сәби Аңсат.

Оның айтуынша, «Комиссар Жүргенов» кітабын енді өзбек, басқа да түркі тілдеріне аударып, шығару жоспарланған. Жалпы осы күнге дейін Темірбек Жүргенов туралы поэма, терме-толғаулар, роман, әңгіме жазылды, тарихи драма дүниеге келді. Былтыр оның 125 жылдығына орай республикалық мүшәйра өтті. Алайда осы күнге дейін көркем фильм, телехикая түсірілмей келе жатыр.

Жиында тұсауы кесілген кітаптардың авторлары еңбектерін таныстырды. Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» романында аса көрнекті мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткері, үлкен террор құрбаны Темірбек Қараұлының өмір жолы, өскен ортасы, ел игілігін көздеген жанқиярлық еңбегі, қуғын-сүргінге түскен отбасының ахуалы суреттеледі. Жары Дәмеш Әмірханқызының жазықсыз жазаланған ерінің есімін қоғам өміріне қайтару жолында ұзақ жылдар тынымсыз тер төккені туралы жазылған. Ал Алмажан Өтеғалиеваның «Темирбек Жургенов: триумф и трагедия» атты кең көлемдегі мұрағат деректеріне сүйене отырып жазылған монография­лық еңбегінде Қазақ АКСР-нің Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметі жан-жақты ашылған. Оның қызметінің негізгі бағыттары сауатсыздықпен күресу, әліпбиді өзгерту және қазақ тілін дамыту, мектеп пен университеттік білім берудің біртұтас жүйесін қалыптастыру, қазақ ғылымының, кәсіби өнер жанрларының негіздерін жасау, қазақ халқының мәдениетін сақтау және дамыту болғандығы баяндалады.

Белгілі ғалым, академик, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы «Қазақ» газетінен кейін жарыққа шыққан «Қазақ мұңы» газеті зерттелмей жатқанын, бұл басылымның жарық көруіне Темірбек Жүргенов атсалысқанын айтты. Қазір тұлғаларды бір-біріне қарсы қою белең алғанын, осы жағы дұрыс емес екенін атап өтті. Парламент Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі мен Руслан Рүстемов, белгілі ғалымдар Амантай Шәріп, Орақ Әлиев, Әбдіжәлел Бәкір, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық медиация кеңесінің төрағасы, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов сөз сөйлеп, ұсыныстарын жеткізді. Іс-шара соңында ТҮРКСОЙ ұйымының атынан естелік сыйлықтар тапсырылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button