Президент пәрмені

Қазақ мемлекеті боламыз

«Біз елімізді «ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ» деп атайтын боламыз». «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасы тура осылай деді. Бұл сөз жүрегі «қазақ» деп соғатын ұлтжанды азаматтарды бейжай қалдырған жоқ. Жақсы сөзді жарым ырысқа балаған жанашыр жұртшылық: «бұл – елдігіміз бен мемлекеттілігіміздің нығайғанының, тұғырының биіктегенінің белгісі» деп қуанысты. 

Елдігіміз Еуропадан­ ерте қалыптасқан

Қазақтың көрмегені жоқ. Ашкөз­дік­­ті де, ашаршылықты да, зұлмат соғысты да, қуғын-сүргінді де көрді. Бірақ, халқымыз қанша жыл қырғын көрсе де қайыспады. Қайсар қазақ ақыры ата-баба арманына қол жет­кі­зіп, тәуелсіздігін алды. Мұны не үшін айтып отырмыз? Жалпы, қазақ қандай ауыртпалықтарды көрсе де, миллиондап қырылса да, ұлт ретінде өзін сақтай білді. Басқа бір ел дәл қазақтай «мың өліп, мың тірілсе» жер бетінен жойылып-ақ кетер еді. Қазақ­тың басына бақ қонған халық дей­тініміз сондықтан.

Кертартпа көзқарас тіпті қазақтың шығу тарихына, түп-тамырына, мем­­ле­­кет ретінде қалыптасу тари­хы­­на­ да­ бал­та­ шап­қы­сы­ кел­ді. Мем­­ле­­кет­­ті­­лі­гі­міз­дің­ қа­лып­та­суын ХV ғасырдың 60-70 жылдары қа­зақ­ хан­ды­ғының құрылуымен бас­та­ғы­сы келгендер табылды. Тіпті, бұған дейінгі Қазақстан тарихна­ма­сында XV ғасырдың екінші жар­ты­сынан XIX ғасырға дейін өмір сүрген осы Қазақ хандығы да­ мем­ле­кет ретінде саналған жоқ.­ Тек­ «қырғыз- қайсақтардың үш­ ор­да­сы» деп есептелді. «Көш­пелі­ қоғам рулық-тайпалық бір­лес­тік­тер­ден ғана тұрады» дегенді ал­ға тартқан патшалық үкімет «көш­пе­­лі­лер отырықшы-егінші ел­дер мен халықтарды жаулап ал­майы­н­ша,­ өз мемлекетін құра ал­майды» деп­, қа­зақ­ты­ мем­лекет ретін­де мойындағысы келмеді. Кеңес дәуіріне дейінгі Ресей­ та­рих­­шылары: «Қазақтарда мем­ле­­кет те, хандық та болған жоқ, хан­­ де­ген­ сөз қатардағы ру, тай­па­ ба­сы­ ма­ғы­на­сында ғана қол­да­ныл­ды» деген­ ұста­ны­мын нық­ ұс­тан­ғаны тарихтан мәлім. Бі­рақ­ қазақ халқы бағына қарай, осы­ жолы да бар кедергілерді же­ңіп­ шықты. Соңғы жылдардағы ға­лым­дар­дың зерттеулерінде қазақ хал­қы­ның мемлекеттігі болғандығы толығымен мақұлданды. Мәселен, тарихшы ғалым М.Қозыбаев: «Ұлы далада мемлекеттік құрылымдар, тайпа одақтары мен қағанаттар Еуропадан да ерте пайда болды. Қазақ хандығында мемлекетке тән негізгі белгілер болған» деп атап көрсетті.

Кейін шетелдік зерттеушілер де өз еңбектерінде көшпелілерде мем­ле­­кет болғандығын ақыры мойын­дап­ тын­ды.­ Кеңес дәуіріндегі «Көш­пе­лі­лерде мемлекет қалыптасып үл­гер­ген жоқ, олар тек шаруашылық қауым деңгейінде өмір сүрді» деген зерттеушілердің аузына құм құйылды. Мемлекеттің мемлекет ретінде қалыптасуына қажетті өзіне тән мәдениеті, антропологиялық бет-әлпеті, ұлан-ғайыр жері, тілі, ха­лық­тық санасы, қазақ деген ортақ атауы бар халық бүгінде күллі әлемге танылды. Іргелі елге айналып, елдігін нығайтты.
халықты

Біріктіретін – тілі

Ұлттық сананы қалыптастыратын – ұлттық тіл екені сөзсіз. Ұлттық ой­-сананы алға шығара білген ел­дің­ ір­ге­сі­ де берік болады. Елбасы­ Жолдау­ын­да: «Қазақ тілі жаппай­ қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мем­ле­кет­тік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деп, мем­ле­ке­тіміздің атауын тілмен байланыс­ты­руы бекерден-бекер емес. «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас». Қазақстан мем­лекетін құраушы ұлт – қазақ хал­қы­ның саны бүгінде 65 пайызды құрап, 11 миллионға жетіп отыр. Соған қарамастан, қазіргі қазақ тілі – мемлекеттік тілдің мәртебесі тиісті деңгейде емес. Бұл тілге деген дұрыс көзқарас, құрмет әлі күнге дұрыс қалыптаспағанын білдіреді. Прези­дент­ айтпақшы, қазақ тілі туралы­ айтқанда, істі алдымен өзімізден бас­тауымыз керектігі ұмыт қалады. Қазақ қазақпен әлі күнге қазақша сөйлеспейді. Ресми тілде сөйлескенін өздерінше мансап көреді. Мұның түп төркінінде «өзіңді қор, өзгені зор» санаған құлдық сана жатқаны анық. Екінші жағынан, елімізде әлі күнге дейін тілді білуді міндеттеу талаптары әлжуаз. Тілге қатысты жұмыстардың барлығы тек қағаз жүзінде орындалады. Оның өзі аударма деңгейінде ғана. Сондықтан, қазақ тілі жаппай қолданысқа енгізіліп, мемлекеттік мәртебесін алуы үшін алдымен талапты күшейтуіміз қажет. Тіл мәселесіне келгенде неге Ресейдің тәжірибесін қолданбаймыз? Мысалы, Ресейде орыс тілін білмесең, күнің қараң. Ешкім сені адам қатарына қоспайды, жұмысқа алмайды. Осы елде тұрақты тұрам деушілер былай тұрсын, уақытша нәпақасын табуға келгендердің өзі орысша білуге тиіс. Мигрантттар кемі 850 орыс сөзін білмесе, онда Ресейде оған орын жоқ. Ал, Ресей азаматтығын алғың келсе, орыс тіліндегі сөздік қорың кемі 1300 сөз болуы міндет. Елімізде де осындай тәртіп орнатылуы қажет. Әйтпесе, елімізге кім келсе де, соның тілінде өзіміз сөйлеуге шақ жүрміз. Орыс, поляк, немістің бәрі мемлекеттік тілді тегіс меңгеруге тиіс.

«Тіліміз орысша шығып еді» деп желеулететін заман өтті. Қазақ мемлекетінің тұғырын биіктету үшін алдымен мемлекеттік тілдің тұғыры биік болуға тиіс. Елбасы атап өткендей, «қазақ тілі мен мә­де­ниеті – біздің мемлекеттілігіміз тұр­ғы­зы­лып жатқан іргетас! Сон­дық­тан, қазақ тілі мәдениетін одан әрі дамыту жұмыстары біздің ын­ты­мақ­тас­тықтың ең маңызды бағыты болмақ!».

Толыққанды ұлт болудың тегеурінді тетігі

Еліміз «Қазақ мемлекеті» деген­ атқа лайық болуды әр қазақ өкілі өзінен бастауы қажет. Қазақ қазақпен айнымас дос болып, ұлттың көсегесін көгертіп, шашпауын көтеретін мә­се­ле­лерді бірлесе көтеруге тиіс. Қазақ елінде тұратын әр азаматтың бой­ында өз еліне, туған жеріне де­ген сүйіспеншілігі, құрметі болса,­ әркім қазақ елінің келешегіне жауап­кер­ші­лік­пен қарай білсе, ұлттық санасы биік, іргелі мемлекетке айналарымыз хақ.

Қазақ мемлекеті деген атауға қазір­ден бастап халықты үйрете бер­ген ләзім. Қазіргі таңда көптеген қазақ тілді ақпарат құралдарында «Қазақстан» ұғымы «Қазақ елі» деп айтылып, жазылып жүр. Бұл игі үрдісті біртіндеп сіңіре берсек, әлі-ақ «Қазақ мемлекеті» боларымыз­ анық.

Ұлттық мүддеге қызмет ету – әр адамның азаматтық міндеті. Өзін сыйлайтын, құрметтейтін ұлтқа өзгелер де құрметпен қарайтынын естен шығармағанымыз абзал.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button