Басты ақпаратМәдениет

Қазақ оркестрі күй төгеді

Ертең Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің «Қазағымның күйлері-ай» атты концерті өтеді. Кеш үйлестірушісі – «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай.  

Аталмыш оркестрдің құрылғанына биыл 25 жыл толады. Әр уақытта ұжымды белгілі күйші-­композитор, дирижер Мұхамет­қали Тіналин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Мырзағали Айдаболов басқарды. 2008 жылдан бастап қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов.

100-ге тарта музыканты бар еліміздегі ең үлкен ұлт аспаптар оркестрінің бірі саналатын ұжым құрамына талантты музыканттар тартылған. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Жексембек Нұржауов, Батыр Темірәлиев, «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпова, Қазақстанның Мәдениет қайраткерлері Базаралы Түсіпжанов, Нұрлан Бекенов (оркестр дирижері), Мәдениет саласының үздігі Шолпан Тұрмағанбетова, халықаралық және респуб­ликалық байқаулардың лауреаттары Жанар Қасымова, Ботагөз Тәшімова, Мұхит Шолақаев, Асқар Жүсіпов, Роза Исаева, Айым Бекбаева, Естай Айтқұлов, Әмина Бошымова, Толқын Қантарбаева, Бибігүл Жартыбаева, Сәкен Бекжанов, Бауыржан Жолдыбеков, Аяулым Жұмкенова.

Оркестр репертуары халықтық, кәсіби және академиялық музыканы қамтиды. Концерттік бағдарламалардың маңызды бөлігін домбыра күйлері құрайды.

Қазақ оркестрі өз тыңдаушыларына көптеген танымдық және түрлі бағдарламаларды ұсынды. Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Нұрғиса Тілендиев, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Олжас Сүлейменов, Серік Тұрғынбекұлы, Хабидолла Тастанов, Төлеген Момбеков, Мұқан Төлебаев шығармашылықтарына арналған кештер өткізді.

Қазақ оркестрінің «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек пен Сансыз­бай», «Нағыз қазақ – домбыра», «Абайдың қара сөздері», «Қорқыт», «Баһадүр бабалар», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Серпер», «Ұлы дала ұлағаты», «Алдар көсе» сияқты музыкалық-театрландырылған қойылымдар үлкен табыспен өтті. Оркестр – қаланың және республиканың мәдени-көпшілік шараларының тұрақты қатысушысы.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button