Мәдениет

Қазақ пен қырғызды жалғаған

Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының тікелей қолдауымен ақын, жазушы, драматург, жыршы-жырау, қазақтан шыққан манасшы Баянғали Әлімжановтың қырғыз халқының әлемге әйгілі Манас эпосына арналған «Алаш пен Манас» атты шығармашылық кеші өтті.

Манастың маңызын айшық­тау, ұлағатты тағылымын дәріптеу мақсатында өткен кештің ашылу салтанатында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, «Манас» эпосының қазақ пен қырғыздың тарих керуенінде қашанда айрықша маңыз алатынын атап өтті.

«Бүгінде «Алаш пен Манас» шығармашылық кешінің мән-маңызы бөлек. Себебі бұл – қазақ-қырғыз бауырластығының тағы бір жарқын көрінісі, ғасырлар бойы жалғасқан рухани байланысымыздың жаңа заманда да үзілмегенінің дәйекті дәлелі. Сонымен қатар бұл – елімізде алғаш рет өтіп отырған, тұтастай «Манас» эпосына арналған тұңғыш кеш. Бізге осындай мазмұнды кеш сыйлаған манасшы Баянғали Әлімжановқа алғысымыз шексіз» деді ол.

– Тарихы ғана емес, тағдыры да қатар өрілген бауырлас жұртты біріктіретін қасиет-­құндылық аз емес. Соның бірі де бірегейі – «Манас» дастаны. Гиннестің рекордтар кітабына енген «Манас» жырының түгел түркі үшін бағасы айрықша зор. «Манас» – қырғыздың ұлы эпосы ғана емес, түркі халықтары эпикалық мұрасының алып шыңы. Телегей теңіз бұл жырдың көлеміне әлемде бірде-бір эпикалық ескерткіш теңесе алмайды. «Манас» жырында жалпы алты Алаштың, түгел түркінің бірлігі дәріптеледі. Жырда тек қырғыз тарихына қатысты ғана емес, қазаққа байланысты да көптеген мәлімет, дерек бар, – дейді кеш иесі, жыршы Баянғали Әлімжанов.

Екі бөлімнен тұратын кештің алдыңғы бөлімінде қазақ жыршысы осыдан 167 жыл бұрын Ш.Уәлиханов жазып алған нұсқадан бастап ұлы жырды жаңғырта жырласа, екінші бөлімі сұрақ-жауап, бәссынақ түріне ауысып, көрермендер «Манас» жырының кез келген жерінен сұрақ қойды.

Баянғали Тоқанұлы Әлімжанов – 75 кітаптың авторы, 27 томдық шығармалар жинағы жарыққа шыққан. Сондай-ақ 5 көркем, 6 деректі фильм­нің авторы. Шығармалары әлемнің 20 тіліне аударылған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, Қырғызстанның «Достық» орденінің иегері.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button