МәдениетТағзым

Қазақ Қаһармандары

ERA_2042

Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекелеріне тамаша тарту жасады. Ұлттық академиялық кітапханада «Қаһарман», «Қазақтың қара майоры», «Король Панджшера», «Оқ пен Отан» атты төрт кітабының беташарын өткізген ол ел мен жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батыр бабаларымыздың ісін ХХ ғасырда жалғастырған тұлғаларымыздың ерлігін паш етті.

Аты аңызға айналған тұлға, халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы туралы осы күндері аз жазылып жүрген жоқ. Бақытбек Смағұлдың «Қаһарман» атты кітабы да батырдың 100 жылдық мерейтойы тұсында, 2010 жылы алғаш рет жарық көрген еді. Жұртшылықтың сұрауымен бұл туынды Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында өңделіп, қайта басылып отыр. Бауыржан Момышұлына Кеңестер Одағының батыры атағын беру туралы КСРО Президенті Михаил Горбачевке сол кездегі Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жазған хатымен және Горбачевтың сәйкес Жарлығымен ашылатын кітап әрі қарай да қызықты деректермен жалғасады.

Кейіпкерінің батырлық қырын ғана емес, қайраткерлік тұлғасын ашуға талпынған автор Баукеңнің қазақ тілінің тағдырына араша түсіп, 1944 жылдың 25 ақпанында Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы Мұхаметжан Әбдіхалықовтың атына жазған хаты жайында айтады. Одан өзге де ұрпақтың болашағына алаңдаған батырдың батыл істерінен хабар береді. Бауыржан Момышұлы есімінің дәріптелуі мен мұрасының насихатталуы хақында оқырмандармен ой бөліседі. Халқымыздың батыры мен кеңестердің атақты қолбасшылары Георгий Жуков пен Константин Рокоссовский арасында параллель жүргізеді. Ұлтымыздың тағы бір даңқты ұлы Рақымжан Қошқарбаев бейнесін жаңғыртып, Бауыржан Момышұлы екеуінің сыйластыққа құрылған қарым-қатынасы жөнінде баяндайды. Кітаптың соңғы беттері арқылы құнды суреттерді сөйлетеді.

ERA_1995Тұсаукесерде әскери ғылымдары­ның докторы, профессор, ҚР әскери ғылым академиясының мүшесі Ким Серікбаев Бақытбек Смағұлдың осы еңбегіне жоғары бағасын берді. Сондай-ақ, «Қазақтың қара майоры» кітабы жайлы: «Бұл туынды Бауыржан Момышұлының «Психология войны» кітабынан кейінгі әскери адамдардың үстелінде жатар екінші кітап» деген пікірін білдірді. Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы ардагерлерінің ұрпақ тәрбиесінде алатын рөлін әңгімеледі.

Қара майор – Ауғанстан жеріндегі қанды қасапта қарсы жақ әскерін тітіренткен Борис (Бақыт) Керімбаев екені көпшілікке аян шығар. Ол жайлы кітапта Бақытбек Смағұл алдымен Ауған соғысының тарихына үңіледі. Одан кейін қара майор мен кейіпкері командирі болған КСРО Бас штабы­ның Бас барлау басқармасының 177-ші арнайы мақсаттағы жеке отряды­ның немесе басқаша айтсақ, Капшағайда жасақталған мұсылман батальонының ерлік істерін баян етеді. Автордың өз сөзімен айтсақ:

«Мұсылман батальон»

Аралап Ауған даласын.

Көрсеткен ерлікпен

Кім екенін қазақ баласын…

Алайда, әр соғыс адам шығынысыз болмайтыны сияқты бұл отряд екі жылдың ішінде өзінің 160 барлаушысынан айырылды. «Қазақтың қара майоры» кітабында автор олардың рухына тағзым етіп, әрқайсының есімі мен бейнесін жаңғыртты. Ал, «Король Панджшера» – «Қазақтың қара майоры» кітабының орыс тіліндегі нұсқасы.

«Оқ пен Отан» – Бақытбек Смағұлдың жеке шығармашылығына арналған туынды. Онда автордың ақындық қыры көрінеді. Атауы айтып тұрғандай, рухты жырлармен көмкерілген  кітаптың алғы сөзін белгілі қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері мен халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы жазып, авторға осы жолында сәт сапар тіледі.

Жалпы, жарық көрген кітаптарға қаламгер қауымның көзқарасы жаман емес сияқты. Оны тұсаукесерде сөз сөйлеген белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Таразидің пікірінен де байқауға болады. Жас шағында «Қаһарман» кітабының кейіпкері Бауыржан Момышұлына еліктегенін айтқан жазушы: «Бұл кітаптар ең алдымен жас ұрпақ тәрбиесіне таптырмайтын дүниелер» деді. Оның сөзін «Қазақстан Рес­публикасы ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев пен Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев бекіте түсті. Бақытбек Смағұлдың Парламенттегі әріптестері Қуаныш Сұлтанов пен Бектас Бекназаров та авторға өз тілектерін жеткізді.

Ауғанстан соғысы ардагерлерінің атынан қара майор басқарған отряд­тың жауынгерлерінің бірі Амангелді Жантасов, Кеңес Одағының батыры Николай Кременьиш жарық көрген туындылар жайлы ойларын сабақтады. Салтанат Әли «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының атынан отаншылдыққа шақыратын туындылар үшін авторға алғысын білдірді.

Олардан соң сөз алған Борис Керімбаев кәнігі маман ретінде әскерімізге баға берді. Оның пікірінше, қазіргі кезеңде қарулы күштеріміздің деңгейі Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындай емес, көп өсті. Ақса­қалдық жасқа жеткен қара майор жастарға бата беруді де ұмытпады. Бас штаб бастығының орынбасары Мұхамеджан Таласов Борис Керімбаев пен Бақытбек Смағұлға Қорғаныс министрінің марапатын жеткізді. Тұсаукесерді түйіндеген Бақытбек Смағұлдың өзі қара майордың кеудесіне Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнайы шығарылған ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Сағадат сардар» төсбелгісін тақты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button