Басты ақпарат

Қазақ қалай босқынға айналды?

Халықтан алынатын салықтың мынадай түрлері болған: ет салығы, жүн салығы, май салығы, тері салығы, сүйек-мүйіз салығы, тіпті ит терісінің салығы да болған. Осылардың бәрін мемлекетке өткізуді ғана ойлаған билік өкілдері халықты қысымға алып, есінен тандырады. Халық ауылдарынан безіп, жан-жаққа босып кетті, үй іші түгелдей аштан қырылды, азынаған аязда қатып қалды, ауруға шалдықты.

[smartslider3 slider=3053]

1930 жылы 25 наурызда ОГПУ басшысы Волленберг пен шекара әскерінің бас­тығы Ивановскийдің Қазақ өлкелік комитетінің басшысы Голощекинге жолдаған өте құпия №25777 мәліметтерінде: «1928 жылы Қытайға шекаралық аудандардан 510 шаруашылық, 19927 бас малды өздерімен бірге айдап кетсе, 1929 жылы 123 бай шаруашылық, 11607 бас мал, орташалар 128 шаруашылық, 474 бас мал, кедейлер 165 шаруашылық, 632 бас мал, барлығы 416 шаруашылық, 19708 бас мал айдап кетті» деп көрсетеді.

1929-1930 жылдары ­Алматы округінен Қытайға көшкендер жөнінде ОГПУ мәліметтерінде:

Көшкен уақыты Көшкендердің шаруашылығы Көшкендер Ұсталғандар
  шаруашылық байлар орталар кедейлер барлығы байлар орталар кедейлер барлығы
1929 жыл шаруашылық адамдар

мал басы

5

22

1035

8

36

251

14

51

54

27

109

1340

 

8

 

9

 

2

 

17

1930 жылғы қаңтар-сәуір шаруашылық

мал басы

78 170 153 401

6536

24 3 7 37

3215

Сонымен қатар ОГПУ орындарының 1930 жылдың 1 желтоқсандағы арнайы мәліметтерінде Алматы округінің шекаралық аймақтарынан байлар мен контрреволюцияшылдар, кеңес өкіметіне қарсы топтар туралы мынадай ақпарат береді: Малай-Сары ауданынан 85 бай-кулак, 5 молда, 4 орташа, барлығы 94 адам ұсталған; Бүйен-Ақсу ауданынан 316 бай-кулак, 3 молда, 5 орташа, барлығы 324 адам; Еңбекшіқазақ ауданынан 270 бай-кулак, 7 молда, 5 орташа, 3 кедей, барлығы 285 адам; Бәрібаев ауданынан 143 бай-кулак, 3 молда, 4 орташа, барлығы 150 адам; Сарқанд ауданынан 271 бай-кулак, 19 орташа, барлығы 290 адам; Андреев ауданынан 79 бай-кулак, 6 орташа, барлығы 85 адам; Октябрь ауданынан 61 бай-кулак, 4 орташа, барлығы 65 адам; Қарқара ауданынан 142 бай-кулак, 2 орташа, барлығы 144 адам; Алакөл ауданынан 49 бай-кулак, 4 орташа, барлығы 53 адам ұсталды. Ұсталған бай-кулактар – 1416 адам (95,3 пайыз), молдалар – 18 адам (1,2 пайыз), орташалар – 53 (3,5 пайыз), кедейлер – 3. Шелек пен Жаркент аудандарынан мәлімет болмаған. Мысалы, Қарқара ауданынан ұсталған 144 адамның 50-і бандылық әрекеттермен, 13 шаруашылық ру ақсақалдары мен байлардың ұрпағы ұсталған.

Халықтан алынатын салықтың мынадай түрлері болған: ет салығы, жүн салығы, май салығы, тері салығы, сүйек-мүйіз салығы, тіпті ит терісінің салығы да болған. Осылардың бәрін мемлекетке өткізуді ғана ойлаған билік өкілдері халықты қысымға алып, есінен тандырады. Халық ауылдарынан безіп, жан-жаққа босып кетті, үй іші түгелдей аштан қырылды, азынаған аязда қатып қалды, ауруға шалдықты

1932 жылы Алматы облысынан көршілес республикалар мен Қытай жеріне босқан шаруашылықтар жөніндегі ОГПУ-дің жинаған мәліметтерінде былайша көрсетілген:

Аудандар Көшкен шаруашылықтар Барлығы
    қырғыз қытай облыс ішінде басқа облыстарға шаруа­шылық жан саны
1 Ақсу 800 2192 2992
2 Кеген 404 5460 5864 26369
3 Аягөз 600 400 100 1100
4 Шұбартау 2622 2622
5 Балқаш 290 2721 3011 12044
6 Еңбекшіқазақ 266 1494 2760
7 Қордай 2000 2000
8 Қастек 548 1719 2267 10147
9 Калинин 2195 2195
10 Шелек 200 1770 1400 3370
11 Іле 434 1731 163 2328 10029
12 Қаратал 730 730
13 Жаркент 150 2900 2900 120 3170
14 Шу 3020 540 3560
Бар-лы­­ғы 7312 11530 20104 923 37970 58589  

1933 жылы Қытай мен көршілес мемлекеттерге ауа көшкендердің қатарында кеңестік билікке қызмет етіп жүрген белсенді партия мүшелері де болды. Осы жылғы мәлімет бойынша Алматы облысына қарасты 12 ауданнан 120 коммунистік партияға мүше мен үміткерлер өзге елдерге көшіп кетсе, тек қана 47 адам Кеген ауданынан Қытайға көшіп кетті. 24 қарашада Есекартқан ауылынан партия ұйымының басшысы Өмір­әлиев, колхоз төрағасы, партияға үміткер Қотырбеков, колхоз хатшысы, комсомол мүшесі Дақсанов, партияға үміткер, бригадир Қали мен ауылдық кеңес хатшысы Өмірәлиевтің ұйымдастыруымен 24 шаруашылық Қытайға көшкен.

Сай-саланың баура­йында, жол біткеннің бәрінде ісіп-кеуіп өліп жатқан адамдарға қарап жатқан ешкім болмады. Жаяу-жалпылап, кішкентай сәбилерін арқалап, жүруге жарайтын балаларын қолдарынан жетектеп босып бара жатқан жандарды милиция немесе қызыл әскер қуып жетіп «кеңес өкіметіне қарсы шықтыңдар, колхоздан қашып бара жатырсыңдар!» деп кері қайтарған, көп жағдайда бораған оқтың астына алып қырып салған.

Аштық жылдары амалсыз Қытай еліне босқандар естелік-жазбаларында былай дейді:

«Бүкіл ауыл болып өте қажетті деген бұйымдарды, жылы киімдерді, көрпе-жас­тықты, тағы басқаларды, ең бастысы, азық-түліктен бар болғаны аз ғана қаптың түбінде қалған талқанды жолға алып шықты. Күмістен жасалған сақина, сырға, білезік сияқты шешемнің әшекейлі бұ­йымдарын және түлкінің терісінен тігілген бірнеше ішіктерді де алуды ұмытқан жоқпыз. Өзімізбен бірге алып шыққан бұл дүниені азық-түлікке, тіптен ыңғайы келсе, малға да айырбастау­ға жоспарлап қойған едік. 15-20 адамнан топ-топқа бөлініп, яғни 3-4 отбасы болып шекарадан Алатау тауларының арасындағы қиын соқпақтармен Қытайға өтуге шешім қабылданды. Бұл бағыттағы ел қатынайтын ескі жолмен жүру өте қауіпті еді. Себебі кеңестік шекарашылар босқындарды осы жолда тосып алып, өткізбей, кері қайтаратын немесе бірін қалдырмай қырып салатын. Қытайға баратын қиын асуды бірен-саран адамдар болмаса, көпшілік жұрт біле бермейді екен, тіпті шекарашылар да бұдан бейхабар болыпты. Тау шатқалдарының арасымен өтетін белгісіз тар жолды көрсетіп отыруға бір адам табылды. Оның ешқандай жейтін тамағы жоқ екен, жанындағы ауру баласымен жолды көрсетіп отыруға келісті, сол үшін жол-жөнекей оларға тамақ беріп отыруды біздің ағайындар өз мойнына алды».

1933 жылы Өзбекстанға аштық салдарынан босып барған қазақтардың тағдыры туралы Ермұхамедовтің орталыққа жолдаған хаттарында мынадай мәлімет бар: «Аштықтан босқан 500 отбасы Өзбекстанның Камир қаласына көшіп келді… Қазақтарға базардан азық-түлік сатып алуға тыйым салынды… Мұндай әрекетке шыдамаған қазақтар ауылдан-ауылға көшіп жүреді. Ауылда да қазақтарға жұмыс табылмайды… Сондықтан біз, Қазақстанның жұмысшылары, Өзбекстандағы қазақстандықтарды ажалдан құтқару үшін қонысқа жер беруді және ашыққандарға тиісті көмек көрсетуді, жұмыссыз­дарды жұмысқа орналастыруды сұраймыз». Мұндай мазмұндағы хаттар Қазақ Орталық Атқару Комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің төрағасына да жолданған.

Ашыққан қазақтар аман қалуды ойлап, іліп алар дүние-мүлкін сатты. Қазақстанды тастап, Катты-Корезян, Кітап, Журебулак, Қызылтөбе, Кариш, Сталинобад, тіпті Шығыс Ауғанстан шекарасына дейін босты. Олар 4-5 ірі қарасын қорғайтын жер таппай, бір жерден екінші жерге көшіп жүрді. Көпшілігі тонауға ұшырап, ұрыларға жем болды. Өзбекстанда орналасқан мыңдаған қазақ отбасының біразы сонда қайтыс болды. Ал қалғаны жұмыс таба алмай, қыстақтан-қыс­таққа көшіп жүрді. Жол бойы қазақты тонамаған басмашы қалмады. Осындай қылмыстық істердің көрінісін толық бейнелеу мүмкін емес.

Ал қырғыз жеріне босып барған қазақтардың тағдыры мына мәліметте көрсетілген: Қырғыз АКСР прокурорының айтуынша, негізінен, балалар құрбан болған. Көшпелі қазақтар арасында адам етін жеу оқиғалары жиілеген. 7 маусым күні Тоқмақ қаласының Фрунзе ауданындағы көшпелі қазақтарды тамақтандыратын жердің жанында 6 жасар қазақ қыздың мәйіті табылды. Оның ішек-қарны мен басы жерде жатыр, ал қалған денесі қазанға пісірілген. Тергеу кезінде ол қызды 3 ер адам мен 1 әйел пышақтап өлтіргені анықталды. Сол жерде тағы бір қыздың мә­йіті табылды. Оны да сойып, пісіріп жеуге әзірлеп қойған. Жалпы тамақтану пункті­нің айналасынан адам сүйектері – төс, қабыр­ға, жамбас жіліктер табылды. РКФСР Халық комиссар­лары кеңесі 1933 жылғы 21 наурызда №246 шешім шығарып, қазақтарға көмек ретінде Қырғыз АССР-інен 1225000 сом ақша бөлдірткен. Өкінішке қарай, бұл қаржы түспеген.

Сол кезде алапат аштыққа ұшыраған қазақтардың көбі Алматы мен Әулие-Ата аймағынан Қырғызстанға жаппай тоз-тоз болып, босып кеткені белгілі. Көп жағдайда қыр­ғыз жеріне өткен Алматы өңірінің босқындары қыр­ғызға, дүнгенге жалданып, аштықтың құрсауынан аман қалған. Алматы маңындағы Шелектен кеңестік биліктен қысым көріп, Қытайға қашып келген Әлсәрі Сыдық деген ұйғырдың бір әңгімесін бүгінге дейін ұмыта қойған жоқпын. Сол оқиға былай болған екен. Талғардан шыққан бір топ қазақтың ішінде небір азапты күндерді бастан кешкен жас ерлі-зайыптылар Қытайға жетеді де, әлгі Әлсәрі Сыдықпен көршілес болады. Көп ұзамай аштықтан әбден қалжыраған жас жұбайлар бірінен соң бірі ауруға шалдығып, қайтыс болады. Олардың артында қалған бір жасар ұлдың аты – Құрбан, үш жасар қыздың аты Айымхан екен. Жетім қалған балаларды Имен Сыдық деген басқа бір ұйғыр асырап алыпты. Сонымен бұл жасөспірімдер бірте-бірте қазақ тілін ұмытып, ұйғыр болып кеткен. «Жетім бала ерте есейеді» демекші, жетімдер етек-жеңін жинап, өсе келе өздерінің қазақ екенін, әке-шешесі аштықтың құрбаны болғанын біліп, қатты қиналады.

Босқынға айналып, көршілес елдерге ауған қазақтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, сол жердегі басқару орындарына хаттар түсірген Тұрар Рысқұловтың еңбегін ерекше атап өткен орынды. Қорыта айтқанда, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінен басталған аласапыран 1933 жылдарға дейін жалғасып, шекаралық аймақта қоныстанған халықтың жаппай көршілес қырғыз, өзбек, Ресей мен Батыс Қытай жеріне қоныс аударуға мәжбүр еткенін архив құжаттары айғақтай түседі.

Рашид ОРАЗОВ,

Ш.Уәлиханов ­атындағы Тарих және этнология ­институтының аға ғылыми қызметкері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button