Қоғам

Қазақ құрылтайы қашан шақырылады?

Парағын қаңтар оқиғасындағы тұтас Республиканы дүр сілкіндірген оқиғамен ашып, оның соңы «Жаңа Қазақстан» идеясына ұласқан 2022 жыл – еліміздің тарихындағы дәуір бөлгіштік сипат алатын айтулы жыл болатыны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне бұл жылы әлемге тарыдай шашылған қазақтың басын қосып, дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізіп, Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығын құрғанымызға тұп-тура 30 жыл толған. 

[smartslider3 slider=3821]

1992 жылы қыркүйекте Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы ашылды. Осы құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын 5 жылда бір өткізіп тұру белгіленді. Алайда содан бері түрлі себептерге байланысты кейінгі құрылтайлар уағында өткізілген жоқ. Мәселен, әлем қазақтарының басын қосқан 2-кезекті құрылтай 2002 жылы өткізілсе, 3-ші құрылтай 2005 жылы шақырылды. Ал 4-ші, 5-ші құрылтайлар 2011, 2017 жылдары астанамызда өтті. Егер «әуелгі сөз рахым» десек, онда биыл Дүниежүзі қазақтарының 6 құрылтайы өтуі тиіс еді. Алайда тамылжыған жаз өтіп, қоңыр күз келсе де, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да үнсіз жатыр.

Біздіңше, биыл бұл құрылтай ескерусіз қалмауы тиіс еді. Өйткені бұл жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылғанына тұп-тура 30 жыл толған. Оның үстіне, біз «Жаңа Қазақстан» құрып, Ұлытауда ұлы жиын өткізген дәл биылғы жылы Дүниежүзі қазақтарының 6 құрылтайын өткізудің мәні айрықша. Өйткені әлемдегі бар қазақтың жалғыз отаны бар. Ол – Қазақстан. Сосын да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру идеясы аясындағы реформасына төңіректің төрт бұрышындағы қандастарымыз көз тігіп отыр. Ендеше дәл осындай тарихи сәтті пайдаланып, әлем қазақтарының кезекті құрылтайын өткізсек, салтқа да, санаға да сыйып тұр.

Екінші тұрғыдан алғанда, еліміз тәуелсіздік алғалы 1,5 миллион қандасымыз атажұртқа оралды. Олармен бірге шетелден қазақтың тілі келді, салт-дәстүрі келді, ұмтылып бара жатқан, көз жазып қалуға айналған талай құндылығымыз келді. Ең бастысы «елге ел қосылса құт» дегендей, санымыз өсті, қазақы санамыз нығайды. Сонау 91-жылы басталған сол ұлы көш күні бүгінге дейін бұйдасын іріккен жоқ, әлі келіп жатыр, болашақта да келе бермек. Өйткені әлемнің 40-тан астам елінде әлі де 5 миллионнан артық қандасымыз өмір сүріп жатыр. Бұл аз сан емес, көршіміз Қырғыз елінің халық санымен қарайлас көрсеткіш. Егер сол қандастарымыз түгел атажұртқа оралса, біздің елдің халық саны 25 миллионнан асып, елдегі демография мәселесі оң шешімін тауып, «бос жатқан жерімізге» әркім сұғын қадамас еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Шетелдегі қандастарымызды Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» деп қадап тұрып айтқанын ескерсек, қандастар мәселесі қашанда өзекті тақырып. Бірақ бізше болғанда бұл мәселе соңғы кезде ауызда айтылғанмен, нақты істер атқарылмай жатқандай сезіледі. Ұлттың ұлы істерін талқылаған Ұлытаудағы құрылтайда қандастар мәселесінің ескерілмеуі, шетелден келген бір жарым миллион адамынан бір адамның мінбеге шақырылмауы  әне соның дәлелі.

Республикадан тысқары, шетелдерде жүрген қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыс орнату, мәдени және білім беру мәселелері жөнінен жәрдемдесу, сондай-ақ, тарихи отанына көшіп келген ағайындарға әлеуметтік қамқорлық жасап, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру мақсатында құрылған, Республикалық мәртебесі бар халықаралық үкіметтік емес ұйым – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының құрылғанына биыл 30 жыл толғанын жоғарыда айттық. Дәлірек айтсақ, 1992 жылы Алматы қаласында ашылған тұңғыш құрылтайда  Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, оның төрағасы болып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, төрағаның 1-орынбасарлығына — жазушы Қалдарбек Найманбаев сайланды. Содан бергі 30 жылда марқұм Қалдарбек Найманбаевтан кейін бұл ұйымды Т.Мамашев басқарса, 2017 жылы ашылған 5 құрылтайда ұйым тізгіні Зауытбек Тұрысбековтің қолына өтті. Осы құрылтайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отандастар» қорын құруды тапсырып, осы қор арқылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына шетелдегі ағайынмен байланыс жасауды міндеттеген болатын. Сонымен шетелдегі этникалық қазақтар мен қандастарға көмек көрсету үшін құрылған «Отандастар қоры» КЕАҚ (коммерциялық емес акционерлік қоғамы) 2018 жылы өз жұмысын бастады. Бұл қордың да бір міндеті Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен тығыз байланыс жасай отырып, қатысты жұмыстарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету еді. Алайда өткен 5 жылда бұл қор мен қауымдастық қоян-қолтық жұмыс істей алған жоқ. Керек десеңіз, қауымдастықтың бар-жоғы білінбей кетті. Тіпті құрылғанына 30 жыл толған биылғы айтулы сәтте де қауымдастық жағынан үлкен дайындық байқалмайды. Өздері түшкіріп, өздері «бер тәңір» деп, жұртқа жария қылмай жатса кім білсін, жұрт іскер, мықты азамат деп үлкен үміт күткен Зауытбек Тұрысбеков те тым-тырыс. Тіпті осындай бір ұйым бар екенін мемлекет те ұмытып кеткен секілді. Әйтпесе бұрынғы президенттің қолынан барлық билікті бір-бірлеп алып жатқанда, әлемдегі күллі қазақтың басын қосатын қауымдастық қаперден қалыс қалмас еді. «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төрағалығын да қазіргі президент Тоқаевқа тапсырдым» деп не Елбасы айтқан жоқ, не қазіргі Президент те тіс жармаған қалпы, ескерусіз қалды.

Қысқасы, Жаңа Қазақстан құру ісінде қандастар мәселесі қаперден қағыс қалмауы тиіс. Өйткені, Жаңа Қазақстанды құруға шетелдегі қандастар да өз үлесін қосады десек, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қоры сол ағайындардың елге оралуына, түрлі жолдармен Қазақстанға қаржы салуына мүмкіндік жасайтын маңызды ұйымдар саналады. Осы тұрғыдан алғанда билік «аты бар, заты жоқ» ұйымға айналып кетпес үшін, қауымдастыққа да қарайласып, көз қырын сала жүргені дұрыс. Басшыларына қандастар мәселесіне қатысты нақты тапсырмалар беріп, атқарған жұмыстарын қадағалап отырса, атажұртқа ат басын бұрған көш те қайта жанданып, қандастарға қатысты күні бүгінге дейін қордаланып қалған мәселелер де үйлесімді шешімін табар еді. Әсіресе, әлем қазақтарының 6 құрылтайын биыл шақырып, оны Ұлытаудағы ұлттық құрылтаймен үндестіріп, Жаңа Қазақстан ұғымымен ұштастырып жіберсе, нұр ұстіне нұр болғалы тұр. Өйткені қаралы қаңтар оқиғасынан кейін шетелдегі қазақтың да жүрегі шайлығып, үмітінен күдігі күшейді. Сеніміне селкеу түсті. «Шетелдегі қандастарымызды Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» деп айтқанымыз рас болса, бұл да ескеретін мәселе!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button