Қазақ қызына құрмет
«Нұрикамал» әнінің тарихын білмейтін адам жоқтың қасы. Бұл ән желісімен Алматы және Көкшетау театрлары жан тебірентерлік қойылым қойғанынан хабардармыз.
Астанада режиссер Ернат Байұзақтың «Нұрикамал» романтикалық драмаға құрылған фильмнің жабық көрсетілімі айрықша леппен, керемет аншлагпен өтті. Киноны көруге келгендердің қарасы қалың болды. Фильмге демеушілік жасаған – кәсіпкер, бас продюсері Жандос Божаев.
Жан тебірентер әуезді әннің күллі халықтың көкейіне ұялауында не құдірет бар?! Сыр-сымбатымен композитордың жүрегін дір еткізіп, есімі әнге айналған Нұрикамал Сейітжанова мәдениет саласында қажырлы еңбек еткен тұлға екенін көрерменнің бірі білсе, бірі білмес. Осынау сазы мен сөзі үндескен табиғаты бөлек әннің шығу тарихын театр сахнасынан басқа стильде, өзгеше сценариймен таныстырған фильм актерлеріне айрықша респект деуге әбден болады. Біріншіден, аурасы жақсы фильм болды. Еркіндік, шынайылық сезіледі. Екіншіден, актерлер рөлге жақсы таңдалған, әркім өз рөлінде жақсы ойнап шықты, еркін өнер. Үшіншіден, әзіл-қалжыңы да қарапайым, жарасымды. Әр актер өз орнында көрінді. Әрбір сөз, әрбір деталь, мұңды әрі толқытатын сәттер орынды қойылған.
Нұрикамалдың өмірдегі құрбысы, досы, қайраткер Светлана Жалмағамбетова апайдың естеліктері, шығармашылық топқа алғыс айтуы фильмнен алған әсерді еселей түсті. Нұрикамал Сейітжанованың туыс-бауырлары, жақындары да фильмнің тұсаукесеріне қатысуы, алғысын жаудыруы, шығармашылық топқа сый-сыяпатын жасауы да жарасымды болды.
«Әннің де естісі бар, есері бар…» дегендей, фильмнің де естісі бар, есері бар деп айтар едік, соңғы кездері неше түрлі сатира бағытындағы ойсыз, ыржақай фильмдерді көріп отырмыз. Ал «Нұрикамал» фильмі, Нұрикамал әні қазақ қызына, қазақ өнеріне қойылған ескерткіш, ғажап туынды дер едік.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ