Қала мен СалаМәдениет

ҚАЗАҚ САХНАСЫНЫҢ ҚЫЗЖІБЕГІ

q1

Ақша бұлттар мамырлаған ашық аспан бейнесі көңіл елітіп, ғажайып тұңғиыққа жетелей, айдын көлде таранған аққуларды көз алдымызға әкелді. «Астана опера» симфониялық оркестрі орындаған «Жібектің түсі» әуені жанды баурап, залда отырғанның бәрін де өзге әлемге шақырып тұрғандай сезілді. Махаббат әлеміне енудің алғашқы есігі сол болғандай. Бір мезетте «жарық сәуле» жарқ етіп, айналаны шуағына бөлеп, «Гәкку» әнін әуелете шырқады. Иә, қазақ сахнасының Қызжібегі – Нұржамал Үсенбаева мерейлі шығармашылық кешін дәл осы әнмен ашты.

-Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының соңғы курсында оқитын кезімде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының 50 жылдығына орай қойылған «Қыз Жібек» операсында Жібектің партиясын орындау бақыты бұйырған еді. Бұл опера  үлкен сахнаға басқан алғашқы қадамым болатын. Сол қадамым оң болды. «Қыз Жібек» өнердегі бағымды ашты,- деп, Нұржамал отыз жылдан кейінгі жеке концертінің шымылдығын осы әнмен түрілу себебін айтты.

ERA_2614

ERA_2755

Жезтаңдай әншінің мерекесіне халық көп жиналды. Тіпті, ине шаншыр орын қалмады. Нұржамал Үсенбаева бір кештің ішінде бірде Жібек, бірде Біржанмен айтысқан саңлақ ақын Сара болып, енді бірде «Абай» операсындағы Ажардың мұңын жеткізді.

Опера әншісінің мерекелік қуанышына сахнадағы әріптестері, өнердегі дос­тары – Украинаның халық әртісі, Украина ұлттық операсының жетекші солисі Игорь Борко, Чехияның баритоны Филип Банджак ортақтасып, халыққа арнап әлемдік опера жауһарларынан үзінді ұсынды. Мұнымен қатар аталған кеште «Астана Опера» театрының солистері де өнер көрсетті. Дирижерлық тізгінде Татарстанның Халық әртісі Ренат Салаватов болды. Сондай-ақ, концерт «Астана Опера» симфониялық оркестрі, хоры және балетінің сүйемелдеуімен  өтті.

ЕГІЗ ЛЕБІЗ

Игорь БОРКО, Украина халық әртісі, Т.Шевченко атындағы Ұлттық опера және балет театрының солисі:

–Нұржамалмен осыдан 14-15 жыл бұрын Шаляпин фестивалінде таныстым. Ол Дж.Пуччинидің «Богема» операсындағы Мимидің партиясын орындаған еді. Шығармашылық байланысымыз үзілген емес. Голландия, Германия, Ресей сахналарында талай рет бірге өнер көрсеттік. Оның ерекше тембріне тәнтімін. Дауысын тыңдай бергің келеді. Елімізде «украинский соловей» деген тіркес бар. Нұржамалдың әні бұлбұлдың үніндей.

 

Филип БАНДЖАК, Париж Ұлттық театрының солисі:

–Нұржамалдың тыңдармандарды өзіне бірден баурап алатын сахнадағы энергиясына тамсанушылардың қатарынанмын. Мәселен, оның былтыр Прага қаласында өткен бір концертте орындаған ариясы әлі күнге дейін құлағымыздан кетер емес. Енді бүгін «Астана Опера» сахнасында Нұржамалдың өзімен бірге ән шырқағаныма өте қуаныштымын.

 Мадина ЖАҚЫП

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button