Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ТАРИХЫН ҚАТТАҒАН

IMG_9942

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаевтың қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген қос еңбегінің тұсаукесері өтті. Оның бірі – ғылыми-танымдық әсем безендірілген «Қазақстан тарихы» кітабы болса, екіншісі – жоғары оқу орындарына арналған осы аттас оқулық.

Биыл ЕҰУ-дің тарих факультеті дербес шаңырақ болып бөлін­ге­ні­нен ел хабардар. «Жамбыл Омар­ұлы – этнографиялық қанық бояуы бар іргелі еңбектердің авторы. Оның кітаптарының тұсаукесеріне кім көрінген келе бермейді». Осылай деп іс-шараны ашқан аталмыш факультеттің археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиев тұсаукесерге арнайы келген үлкен антрополог ғалым, ҚР ҰҒА академигі, Болония ғылым ака­де­мия­сының корреспондент­ мүшесі Оразақ Смағұлға сөз берді.

IMG_9953Иә, біле білгенге Оразақ ағамыз – қазақ тарихын 4 мың жылға терең­дет­кен адам. Ғылыми еңбектері кеңес заманы саясатына қайшы келгендіктен талай теперіш көріп, тіпті бір кітабы отқа тасталған. Сөйткен ғалым еш мойымай, соңынан шәкірттерді де ерте білді. Солардың бірі, әрі бірегейі Жамбыл Артықбаев.

«Балықшы балықшыны алыстан таниды» демекші, біраз жыл бұрын Оразақ Смағұл университеттің екінші курсында оқып жүрген студент Жамбылдың бойындағы ғылыми потенциалды байқап, оны антропологиялық экспедицияларға алып жүрген екен. Осыны айтқан академик Жамбыл Омарұлы секілді жаңашыл ғалымдар тоталитарлық кезеңде бұрмаланып кеткен тарихымызды орнына келтіретініне үміт артатынын жеткізді. Көргені-білгені көп ғалым ретінде тарихымыздағы қасіретті жылдарға сапар шекті. Өткен ғасырдың 20-30-шы жыл­дар­ғы ашаршылықты еске алып, сәби күнінде өзі де содан әрең аман қалғанын айтты. Қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы халыққа әкелген ауырт­па­шылықтарды сөз етті. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына тоқталды. Тектілік мәселесін қозғады.

Астанадан 20 шақырым қашық­тық­та Нұра өзенінің бойында Тай­төбе деген жер бар. Ақмола атауы сол жермен тікелей байланысты екен. Себебі, сол аумақта ежелде­ Ақмола кесенесі орналасқан. Кеден қызметін атқарған және ай­на­­ланы шолуға мүмкіндік берген «Қар­ауыл мұнараның» орны жатыр. 1932 жылы Ақмола дуаны құрыл­ған­да осы жерде үлкен той да өтіпті. Тұсаукесерде «Мәдениет» телеарнасының Жамбыл Артықбаев қатысқан «Тайтөбе» фильмін тамашалап, осындай мәліметке қанықтық.

Жалпы, тарихымыз, тәуел­сіз­дігіміз жөнінде, ұлттық құн­ды­лық­та­рымызды қастерлеу жөнінде пікір алысуға айналған тұсаукесер рәсімі рухымызды көтерген шараға айналды. Кітаптар авторының әріп­тес­тері мен шәкірттері, Астана қала­сын­дағы ЖОО тарихшылары, елорда мектептерінің тарихшы ұстаздары сөз сөйлеп, оған алда да мол табыс­тарды тіледі.

Аманғали Қалжанов

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button