Мәдениет

Қазақ тілі мен домбыра жетістіктерге жеткізді

Елордада алғаш рет «Менің тілім – менің болашағым» атты қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің жастармен мотивациялық кездесуі өтті. Кездесуді Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom school мектеп-лицейі ұйымдастырды.

Кеш қонағы – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, «Шапағат» медалінің иегері, әнші Алексей Лодочников. Бір жарым сағатқа созылған кездесу сыр-сұхбат түрінде өтті. Мұнда тіл жанашыры қазақ тілін қалай үйренгені жайында өз тәжірибесімен бөлісті.

– Бүгінде біраз дәрежеге жетуім қазақ тілі мен домбыраның арқасы деп есептеймін. Мені көбінесе қазақ халқы қолдайды. Мінеки, осы тіл жайында жастарға өз тарапымнан пайдалы ақпараттарды айтып, мотивация бердім. Бүгінгі оқушылармен кездесу маған ұнады. Қазіргі кезде жастар үшін барлығы жасалған. Еліміздің өркендеуіне үлес қосу үшін жастар өз саласында белгілі бір жетістікке жеткен дарынды әрі белсенді азаматтармен жиі кездесіп тұруы қажет, – деді Алексей Лодочников.

– Өзге ұлт өкілінің қазақ тіліне деген жанашырлығы, тілді оқып-үйренуге деген талпынысы жайлы жастардың арасында үгіт-насихат жүргізу мақсатында осындай кеш ұйымдастырдық. Кездесу барысында танымал блогер Алексей Лодочников арман-тілегі, алға қойған мақсаты жа­йында сыр бөлісті. Біздің басты мақсатымыз – елге танымал, республикалық деңгейде біраз дәрежеге жеткен көрнекті тұлғаларды шақыру, – деді Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» КММ басшысы Сәуле Досжанова.

Кездесу барысында авторлық әндер айтылып, өлеңдер оқылды.

– Біздің мектепте өзге ұлт өкілдері де білім алады. Сол оқушыларды бүгінгі кездесуге шақырдық. Оларға бүгінгі кездесу жақсы әсер әрі тілді үйренуге мотивация берді. Кездесу барысында орыс, түрік және т. б. ұлт өкілдерінің оқушылары сұрақтарын қазақ тілінде қойды. Олардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылығы артты. Өйткені бүгінгі спикер қазақ тілі арқылы елімізде біраз жетістікке жетуге болатынын ұқтырды, – деді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom School мектеп-лицей директоры Марс Аблезов.

Алдағы уақытта осындай кездесулерді қаладағы өзге мектептерде өткізу жоспарланып отыр.

Сабина КӘКІМЖАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button