Руханият

Қазақ тілін оқытуда не кілтипан бар?

Жаһандану адам өмірінің барлық саласын қамтып жатыр. «Батыстандыру» метафорасымен елестейтін бұл кезең білім беру саласын, оның ішінде тіл реформалауды жүзеге асырды. Бүгінгі таңда қазақ тілінің қоғамға қажеттілігін арттыру мен лексикалық қорын дамыту үшін оны оқытудың тұжырымдамасы мен әдістерін дамыту қажет.

[smartslider3 slider=2869]

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа әліпбиді енгізудің барлық қырларын талдау қажет. Ұсынылған үш нұсқа шикі болды. Бұл мәселеге ғылыми көзқарас керек. Бұл жай кирилл алфавитін латын әліпбиіне көшіре салу деген емес. Бізге қазақ тілін реформалау, егер қаласаңыз, тілімізді жаңғырту қажет. Біз белді ғалымдардан пікір күтеміз» деп айтқан сөзіндегі жаңғырту тілді оқытумен тікелей байланысты екені даусыз.

Қазақстанның ЖОО-да филологиялық емес мамандықтарда қазақ тілін оқыту бірнеше жыл бойы студенттерге мектептегі деңгейге байланыс­ты жүргізіліп келді. Яғни орыс немесе басқа тілді мектептерді бітіргендер үшін практикалық қазақ тілі, қазақ мектептерін бітіріп келгендер үшін кәсіби бағыттағы қазақ тілі оқытылып жүрді. Бірақ практикалық қазақ тілін оқитындардың тілдік деңгейі анықталмады, арнайы топтық деңгейлерге бөлінбеді. Нәтижесінде білім алушыларға қазақ тілі «екінші тіл» болып қалып қойды. Білім алушылардың қазақ тілі пәніне байланысты пікір, көзқарасы «міндетті пәнді жабу» мен «баға алу» деңгейінен аспады. Осы мәселе Назарбаев университетінде де бірнеше рет талқыланып, сараланып, өзгертулер енгізілді. «Қазақ тіліне жетіктігін анықтайтын тест» құрастырылды. Осы жұмыстар оң нәтиже беріп, қазіргі қазақ тілінің жағдайы жақсарып, білім алушылардың тілге деген көзқарасы мен құрметі, қызығушылығы артып отыр.

Нәтижесінде білім алушыларға қазақ тілі «екінші тіл» болып қалып қойды. Білім алушылардың қазақ тілі пәніне байланысты пікір, көзқарасы «міндетті пәнді жабу» мен «баға алу» деңгейінен аспады

Біз айтып отырған «Қазақ тілі және түркітану департаменті оқу бағдарламасының тұжырымдамасы» жобасын 2017 жылы департаменттің ассистент-профессоры Фунда Гувен дайындап, ұсынды. Бұл жобаны жүзеге асырмас бұрын бірнеше рет талқылау­дан өтті. Әрбір сабақ топтарда талқыланып, кері байланыс жүргізілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – студенттерге академия­лық қазақ тілін жетік меңгерту және қарым-қатынас дағдыларын дамыту, қажетті стратегия­лар мен түсіндіру әдістерін, сондай-ақ тұлға­аралық, ұсынымдық және ­мәдениетаралық қарым-­қатынас үлгілерін қолдану. Яғни бағдарлама арқылы студенттерге сыни тұрғыдан ойлау, креативтілік, азаматтық ұстаным, цифрлық сауат­тылық, қарым-қатынас, инклюзивтілік, жұмысқа қабі­леттілік бағыттарын дамыту.

Назарбаев университетіндегі студенттер, негізінен, жалпы білім беретін мектептерді бітіреді. Бірақ қазақ тілінің жетіктігін анықтайтын тест бойынша студенттердің көбі жақсы нәтиже көрсете алмады. Осы орайда қазақ тіліне талапты күшейту бағдарламасын іске қостық. Қазіргі уақытта университетте қазақ тілі барлық мамандық үшін міндетті. Студент қай курсты алатынын өзі шешеді. Бірақ қазақ тілі курсын деңгейлеп алудың арнайы схемасы бар. Барлық қазақ тілді сыныптарды бітіріп қабылданған студент ешқандай тесттен өтпей-ақ 300 кодты жоғары деңгейлі қазақ тілін оқи алады. Онда қазақ тілінде еркін сөйлеуге, әдеби көркем жазуға дағдыланады. Ал басқа мектептерді бітіріп келгендер арнайы қазақ тілі деңге­йін анықтайтын онлайн-тест­терден өтіп, «Академиялық қазақ тілі 1» немесе «Академия­лық қазақ тілі 2», т. б. сияқты 200 кодты курс алады. Қазақ тілінің А1, A2, В1 деңгейін оқытудың қажеттілігі болған жағдайда студенттер оны кредит санына есептелмейтін курс ретінде алып, өздері оқиды.

Жазира АҒАБЕКОВА,

Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану департаментінің

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button