Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ЖҮЗ КІТАП АУДАРЫЛМАҚ

Қазанның 14-інде басталған «100 кітап» жобасы мәресіне жетті. 19 қарашада қазақ тіліне аударылатын осы заманғы жүз кітаптың ақырғы тізімі бекітілді. Рейтинг бойынша «Властелин колец», «Зеленая миля», «Над пропастью во ржи» көш бастады.

Бір айға созылған онлайн дауыс беру нәтижесінде анықталған бұл кітаптардың әуелгі саны 492 болған. Дауыс беру кезінде қатысушылар тізімге үш жүзге жуық кітап қосқан. Кітаптарды саралаудың шарты бойынша барлық кітаптар осы заманғы, яғни 1950 жылдардан бергі жарыққа шыққан туындылар болуы көзделді. Сонымен қатар кітаптардың түрлі беделді әдеби сыйлықтарды алуы ескерілді.

Тізімде әлемдік әдебиетте аты мәлім, қазақ оқырмандарына етене таныс Габриэль Гарсия Маркес, Харуки Мураками, Александр Солженицин, Пауло Коэло, Роберт Кийосаки және Нобель сыйлығын иеленген алғашқы түрік жазушысы Орхан Памуктың «Менің атым Қызыл» секілді қазақ тіліне әлі аударылмаған туындылары кездеседі.

Жобаға Елбасының өткен жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына жолдауында атап өткен қазіргі за­манғы әдебиеттен кем дегенде 100 кітаптың тізімін жасауды, оларды қазіргі заманға сай қазақ тіліне аудару идеясы түрткі болған. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге деген ынтадан туған байқауды халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының ақпараттық қолдауымен және Білім және Ғылым министрлігі жастар ісі комитетінің қолдауымен «С.А.Р.» талдау және болжау орталығы ұйымдастырып отыр. Енді кітаптар тізімі Білім және ғылым министрлігінің талқылауынан өтеді. Жоба аудару, авторлық құқықты пайдалануға рұқсат алу секілді шаруаларды есепке алғанда, екі-үш жыл көлемінде жүзеге аспақ.

Есбол Нұрахмет

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button