Басты ақпарат

Қазақ тілінің көсегесі қайтсе көгереді?

Жасыратыны жоқ, қазір қоғамда тіл туралы әңгіме айту саңырауға сәлем бергенмен бірдей болып кетті. Халқының қамын ойлап, ұлтының жыртысын жыртып жүрген аузы дуалы ағаларымыз бұл тақырыпты айтудайын айтып, қаузаудайын қаузап келеді. Бірақ есіктен төрге озып, тұғырына қонып жатқан қазақ тілін шыққыр көзіміз көре алмай жүр. 

[smartslider3 slider=1025]

Сен тимесең, мен тимен

«Тіл – ұлттың жаны». Оны Алаш арыстарының бірі – Ахмет Байтұрсынов: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп өткен ғасырдың басында айтып кеткен.

Осыны білсе, әр қазақ өзінің анасының сүтімен бойына дарыған ана тілін дамытуға, өркендетуге міндетті емес пе?!. Міндетті болғасын атсалысуы да әбден қажет қой. Алайда атсалыспақ түгілі, игі жақсылар бас қосатын алқалы жиындарды айтпағанда, мемлекеттік органдарда екі қазақ бір-бірімен қазақша сөйлесуге құлықты емес. Жоғары жақта, үлкен үйлерде отырған қандастарымыз әлеуметтік желілерде, чаттарда тек қана орысша сөйлеседі. Ата-аналар да балаларымен көрші елдің тілінде сөйлескенді мәртебе көреді. Бір қазақ екінші қазаққа «мемлекеттік тілде сөйле» десе, үшінші қазақ оған барып ұрсатынын көзіміз көріп жүр.

Тілге жанашырлық азайып барады. Отбасында, күнделікті өмірде тек қазақша сөйлеп, тілдің мәселесін әркім өзінен бастаудың орнына, көпшілік адамдар мемлекеттік тілдің мәселесін басқа біреу шешіп берсін деген ұстанымға ие. Кез келген қазақ мектебіне барыңыз, үзіліс уақытында бір-бірімен қазақша сөйлесіп жүрген оқушыны көрсеңіз, әкеңіз базардан келгендей қуанар едіңіз. Бүгінгі жеткіншектердің мемлекеттік тілге құрметі осындай болса, ертеңгі күнімізден не күтуге болады?!

«2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар саны 80 пайызға дейін жетеді. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайыз болуы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» депті Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіндегі шенеуніктер осыдан жеті жыл бұрынғы бір сөзінде. Өткен жылдардағы үкімет қабылдаған бір құжатта: «мектептерде мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттырып, халықаралық тәжiрибелерге сүйене отырып, оқытудың қазiргi заманғы озық бағдарламалары мен әдiстерiн дендеп енгізу керек» деген нақты тапсырма да өз дәрежесінде орындалып жатқан жоқ.

«2020 жылға қарай еліміз бойынша барлық облыстар іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізетін болады» деген уәде де сиырқұйымшақтанып кетті. Күні бүгін ресми құжаттарын толық  қазақша жүргізіп жатқан мекемені немесе кәсіпорынды күндіз шам алып іздесеңіз де таба алмасыңыз анық. Тек аудармамен ғана айналысып, өзін де, өзгені де алдап отырған көзбояушылар жетіп артылады. Қаладағы кез келген мекемеге телефон шалсаңыз, мемлекеттік тілде ақпарат беретін адамды табу – қиынның қиыны. Бергендерінің өзі шатып-бұтып, жартысын қазақша, жартысын орысша, әйтеуір бір нәрсені айтқан болады. Мемлекеттік тіл заңының қолданылуын қадағалайтын қалалық прокуратураның өзінде қазақ тілі кереметтей сайрап тұрған жоқ. Сондықтан мұндағы қызметкерлер де «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деген кейіпте жұмған ауыздарын ашпайды.

Теңізге тамған тамшыдай…

 Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Істеліп жатқан істер, тындырылып жатқан шаруалар да бар. Бірақ ол теңізге тамған тамшыдай ғана. Мәселен, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының осы тұрғыдағы жұмыстары атап айтуға тұрарлық. Бас қалада 1997 жылдан бері 1113 көшенің атауы өзгеріпті. Тек биылдың өзінде ғана Ұзақбай Құлымбетов, Әнуарбек Байжанбаев, Залық Зиманов, Хиуа Доспанова, Аманжол Бөлекбаев, Байкен Әшімов, Кеңшілік Мырзабеков сияқты белгілі тұлғаларға көше атауының берілуі – бүгінгі замандастары үшін де, кейінгі ұрпақ үшін де үлкен өнеге.

Ал қала көшелеріндегі сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттардың талапқа сай сауатты да дұрыс жазылуы үшін қаншама күш жұмсалады. Осы бағытта  аймақтар бас қалаға қарап бой түзейтінін жасыруға болмайды. Қазақ тілі Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы екені белгілі.  Бұл бағытта да заңдағы міндеті мен парызын түсінетіндерге тіл үйретуде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бірақ үлкен мінберлерде қазақ тілі әлі көсіліп сөйлей алмай тұр. Неге? Өйткені бизнес, банк, қаржы, медицина, ғылым мен техника сияқты басымдықты салаларда мемлекеттік тіл жетім қыздың күйін кешуде.

«Тіл туралы» заңымыз қазір ана тіліміздің дамуына тұсау бола бастады» дейді қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір. – Неге десеңіз, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттемейді, «тілді білу қажет, парыз, меңгеруге тиіс» деген ұсыныстармен шектелген. Ал осы заңның ІІ,ІІІ,ІV тарауындағы 15-бабында «мемлекеттік тіл және орыс тілінде» деген сөз тіркестерімен қатар «қажет болған жағдайда басқа тілдерде жүргізіледі» деген тұжырым басқа этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді білу қажеттілігін жойды. Қазақша үйреніп басыңды қатырма өз тіліңде дайын тұр» дегеннен кейін кім қазақ тілін білуге ұмтылады. Бұл тіпті орысша білім алған өзіміздің ұл-қыздарымызға ірімшікке май қондырғандай болды».

Айтса айтқандай, қазақша сөйлемек түгілі, «орыс тілі де мемлекеттік тіл, қай тілде сөйлесем де өз еркім деп» буынсыз жерге пышақ ұрғандай есіретіндер де көрініп қалып жүр. Қалада  Бейбітшілік көшесі бойындағы «Мир открыток» дүкеніне кіре қалғанбыз. Сатушы қыз «орыс тілінде сөйлеңіз, мен қазақша түсінбеймін» деп дүрсе қоя берді. Өзінің ана тілін білмейтініне қысылмайтыны былай тұрсын, әкесіндей адамға дөрекілік танытуынан-ақ оның деңгейі аңғарылып тұр еді. Бұл енді жоғарыдағы ғалым ағамыздың пікірін нақталай түсетін бір мысал ғана.

Жаңа заң қажет

Қазір қоғамдық ортада «мекемеде бірінші басшының өзі мемлекеттік тілде сөйлеп, басқалардан да соны талап етпей іс оңғарылмайды» деген пікір көп айтылады. Бұл да дұрыс шығар? Ал тіл жанашыры, қоғам белсендісі Өмірсерік Ердәулеттің айтуынша, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін, оның қолданыс аясын бұдан әрі де кеңейте түсетін тіл туралы жаңа заң қажет.

Бір кезде Тұңғыш Президент Елбасының өзі «Тілдер туралы заңды қайта қарап, қажет болса, оған заман талабына сай өзгерістер енгізу керек деген екен» дейді.  Жаңа ғана сөз еткен, Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы – миллионнан аса тұрғыны бар ірі мегаполис­тегі мұхиттың ортасындағы аралдай ғана мекеме. Көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнамалардың қазақ, орыс және басқа тілдерде сауатты, қатесіз талапқа сай жазылуына мүмкіндік жасайды. Бірақ бұлардың да тексеріп, талап қоюға, кемшілікті түзетпегендерді жазалауға өкілеттіліктері жоқ. Бар-жоғы, үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс берумен ғана шектеледі.

Қоғам белсендісінің ойынша, тап қазір тілдік мәселелерді жан-жақты зерттеп, оның Ата заңға сәйкестігін қатаң қадағалап отыратын әрі тікелей Президентке бағынатын мемлекеттік агенттік құру мәселесі пісіп-жетілген көрінеді. «Сонда ана тілінің қордаланып қалған келеңсіз жағдайлары бірте-бірте шешілер еді. Тіл басқармасы болсын немесе тіл агенттігі болсын айырықша құқықтық мүмкіндік пен құзыретті мәртебе бермей, құр үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарымен қазақ тілінің көсегесі көгермейтінін өмір дәлелдеп отыр» дейді ол.

Бұл пікірмен толық келісуге болады. Мемлекеттің іргесінің беки түсіп, тәуелсіздігіміздің баянды бола түсуі үшін ұлттық рух әбден қажет. Ал ұрпақ бойында ұлттық рухты оятатын – ұлттық тіл ғана. Сондықтан тілдің мәртебесі – елдің мәртебесі деп түсіну керек.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button