Басты ақпаратРуханият

Қазақ ұлттық ренессансы: Абай және Алаш

Алаш қайраткерлеріне Абайдың асыл сөзі мен терең ойы жетті. Абайдың өмірі оларға Шыңғыстауды жайлаған әйгілі Құнанбай бидің баласы ретінде танылып, Алаш оқығандары ойшыл ақынның ортасын таныды. Өлең мен өмірін қоса алсақ, Алаш зиялылары кемеңгердің өмірінен гөрі, өлеңінен, қара сөздерінен оның тұлғалық қасиетін ұғынды. Қазақ өмірін, тұрмысын, тағдырын осыншама терең, осыншама білгір сыншылдықпен бейнелеген ақын қазақта бұрын-соңды, жалпы ұлт тарихында болмағанын олар бірден мойындады, бірден түсінді. Сөйтіп Әлихан, Ахмет һәм Міржақып біз білетін мақалаларын жазды. Содан абайтанудың парағы ашылды.

Бұл соқпақ еді, даңғылға айнал­ды. Даңғылдың басында Алаштың үш көсемінің рухани ізбасары Мұхтар Әуезов тұрды. Оның еңбектеріне арқау болып ғылым мен әдебиетке айналған өмірлік деректердің қайнары Кәкітайдан, Көкбайдан, Тұрағұлдан, Ділдә мен ­Әйгерімнен, Әрхамнан… ­тарайтын.

Қазақ қамымен күреске көтерілген зиялылар үшін Абай сөзі, қазақты түзетемін деген қайраткерлерге Абай мұраты халықты тану оқулығындай, елді білу бағдарламасындай болды. Халыққа дәл Абайдай жаны ашу, дәл Абайдай күйзелу, дәл Абайдай ел тағдыры мен талайын терең сезіну және ойлау мен бейнелеу Алаш ұранды азаматтарға зор мектеп болды. Алаш қайраткерлері ойшылды оқып қиюы кеткен, кешегі сәні көшкен қазақ санасының рухани дауасын, имани шипасын таныды. Олардың жүрегі мен санасында енді өздерінің елшіл ниетімен, ұлтшыл рухымен бірге абайлық мұраттан желі тартқан ой мен жауапкершілік тұрды. Ойы мен сөзі арқылы сомдалған Абай тұлғасы олардың рухани көсеміне айналды. Сондықтан да Алаш ақыны Мағжан Жұмабаев «Атақты ақын – сөзі алтын хакім Абайға» атты белгілі өлеңінде оны ерекше ардақтап:

Шын хакім, сөзің асыл –

баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе,

дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған

сендей жанды

Дүние қолын жайып енді күтпес, – деп жазды.

Алаш қайраткерлері ұлт-­азаттық күресінде саяси жа­ғынан дәуірлік жағдаяттар мен мүмкіндіктерден өрістей қимыл көрсетіп, әрекет жасаса, халықтың мәдени деңгейін көтеруде олар Абайдың философиялық, ағартушылық, жалпы гуманистік ойларынан өріс алды. Олардың мінез, білім мен мәдениет туралы пікірлерінен абайлық идеяларды аңғарамыз, жақсы байқаймыз.

Алаш қайраткерлерінің Абайдан тапқандары, ықыласпен қабылдағандары, біздің ойы­мызша, ойшылдың сыншылдығы. Абай сыны – уақыт сыны, яғни ұлы суреткердің сыншыл реализмі – дәуір контекстіндегі заман таразысындағы дәуірдің өз сыны. Осы сыннан қазақ қалай өтпек, замана тосқауылдарына қазақ қалай төтеп бермек, дәуірдің тағдырлы сауалдарына қазақ қалай жауап бермек, міне, Алаш қайраткерлері өздерінің күресі арқылы да, қаламы арқылы да осы тосқауылды еңсеру үшін тарих сахнасына шықты. Абай өз ішінен аласұрып іздеген, тыным таппаған, күйзелген кү­йін бұлар сыртқы әрекетшіл кү­реске айналдырды. Абай ойы Алаштың мұратына, Абай идея­сы Алаштың бағдарына, Абай уайымы ісшіл әрекетке ұласты. Бұл саяси күрес, бұл рухани майдан өз халқына деген ұлы перзенттік махаббаттан бастау алып, ерлік пен тәуекелге толы риясыз, тоқтаусыз күрес еді. Күрестің ұлы мәні қазақ баласының жарық дүниенің сәулесін өзгелермен тең көру үшін күресі, ар мен абырой күресі, азат ел болу күресі болатын. Бұл күрес қазақ тарихында Ұлттық жаңғыру дәуірін жасады. Оның рухани сәулетшісі Абай болса, уығын қадап, керегесін керіп, Алаш отауының отын лаулатқан, халқының жүрегін жылытқан, санасына сәуле берген саяси көсемі Әлихан, рухани көсемі Ахмет бастаған кү­рескерлер еді.

Еліміздің егемендік алуы халқымызға қымбат, ұлтымызға ұлық ұғымдардың жиі және құрметпен айтылуына да жол ашқаны баршамызға белгілі. Сондай ұғымдардың бірі – «Алаш». Бұл «Алаш» сөзінің астары, мағынасы жөнінде көптеген пікір бар. Осы тұста мәселе олардың барлығын түгендеп шығу емес. Ең бастысы «Алаш» сөзі бар қазақтың баласына аяулы, қымбат, құрметті болуында. Сонау тарихи дәуірлерден жеткен осы ұғымның бойында барша қазақты тұ­тастыратын қуат, біріктіретін күш, бауырластыратын құдірет жатқаны ақиқат. «Алаш» сөзі тіліміздегі өзге сөздермен тіркесе келіп, кеше де, бүгін де сан ұғымдарға ұйытқы болғаны да шындық. Осындай ұғымның бірі – «Алаш ұранды» деген тіркес. Қазақтың рухани тарихында осы «Алаш ұранды» деген тіркесті ең алдымен данышпан Абай қолданған екен. «Алаш» сөзінің шығу тарихына үңілген дана Абай бабаларымыздың жауынгерлігін айта келіп: «Сондықтан «алаш-­алаш» болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмап едік деп, алаш ұранды қазақ атанған себебі сол екен» дейді. Сол алаштың ұрпағы Алла жар болып, өзінің егемендігін алды, азаттықтың арайлы таңын көрді. Абай Алаш ұранды қазақ атаған елдің ұрпағы Абайдан кейінгі дәуірде ел мен жердің бостандығы үшін күрес­ті. Сол күрестің ұранына ұлы Абай айтқан Алаш сөзін алды. Алаш қайраткерлері 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынборда І жалпықазақ съезін ашып, партия құру туралы қаулы қабылдады. Сол күндері Алаш қозғалысының үні «Қазақ» газеті: «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауыз­ға түсіп тұр» деп шабыттана жар салды.

Абай арқылы, ең алдымен, Алаш қозғалысының қазақ баласына, адамға, тұлғаға, содан шығып, әлеуметке деген көзқарасын дәйектеуіміз керек. Алаш қайраткерлерінің, қаламгерлерінің еңбектерімен танысқанда, олардың ой-пікірлеріндегі гуманистік аңсарды аңғармау мүмкін емес. Әрбірден соң, қозғалыстың өзі – адамға, ұлтқа деген жанашырлықтан туған гуманистік әрекет. Осы гуманизмнің негізінде қазақ халқының ғасыр­лар бойы қалыптасқан этникалық гуманизмі және Абай гуманизмі жатқанын ерекше бөліп айтуға тиіспіз. Абай гуманизмінің негізі – ислам және қазақтың ұлттық құндылық­тары.

Абайдың гуманизмі алғаш Шәкәрім шығармашылығында дамып, одан кейін Алаш қаламгерлерінің поэзиялық және прозалық туындыларында жалғасын тапты. Алаш зиялыларының гуманизмі олардың қайраткерлік әрекеттерінің де өзегі еді. Мұндай гуманизм болмаса, олар ұлт тағдыры жолындағы жанкештілік әрекеттерге де бармас еді. Алаш қайраткерлерінің осы тұстағы ұлт мүддесі жолындағы әрекеті мен мақсатына беріктігін шынайы әрі терең көрсеткен «Қалам қайраткерлері жа­йынан» мақаласында А.Байтұрсынұлы дәуір куәгерінің көзімен былай деп жазады: «…қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауыр­мал болмасқа тағы мүмкін емес». Ахаңның айтып отырғаны – адам баласының өз ұлтының тағдырына деген табиғи жанашырлығы, адамгершілігі. Осыны советтің оспадар саясаты бейнебір адамға тән емес теріс әрекет ретінде бағалады. Ар білімін насихаттаған Шәкәрім қажының, «Адамдық диқаншысы» болған Ахаңдар тобының ұлы гуманизмін көруге әлгі саяз советтік саясаттың өресі де жетпеді, бағыты да келіспеді.

Алаш қозғалысының қазақтың Жаңғыру дәуірі болғанын, оның «елім» деген, «жұртым» деген азаматтардың басын қосқанымен де дәлелдеуге болады. Ол Жаңғыру құбылысының жалпы елдік, бүтін ұлттық, тұтас халықтық ірі құбылыс екенін айғақтайды. Абылай заманында сыртқы жаудың қауіп-қатерінен басы қосылған қазақ, Кенесары, Махамбет, Абай дәуірінде «Бас-басына би болған» қазақ Алаш тұсында бас біріктірді, ой біріктірді, қимыл біріктірді. Оның негізінде Отанына, сол Отанының ұрпағына деген ұлы жанашырлық жатты. Бұл нағыз Ренессанстың тамыры боларлық гуманизм еді. Алаш қозғалысының қазақ Ренессансы болғанына бұл құбылыстың мәнінен бейхабар адам ғана келіспейді. Алаш қозғалысын Ренессанс ету біздің қалауымыз бен еркіміз емес. Ақиқаты солай.

Алаш қозғалысы қалып­тастырған ұлттық ірі Ренессанстың ең басты сәулетшілері де, құрылысшылары да ұлтын шексіз сүйген, еркін ойлы қаламгерлер болды. Қазақтың сөз өнері ұлттың мұңын айтуда қай заманда да алдыңғы қатардан көрінетін. Өйткені саяси билігі отаршыл империя­ның қолында кеткен, адамы кемсітуге, жері талауға түскен қазақ даласында елдікті аңсау, азаттыққа ұмтылу сарындары – ұлттың сол тұстағы ең дамыған қоғамдық ойы, өнері сөз өнерінен көрінбек. Дулат, Махамбет замандарынан келіп, Нарманбет, Ғұмар Қараш тұсына дейінгі әдебиеттің басты пафосына айналған азат күнді аңсау, бодандықтан туған торығу көңіл күйін Алаш қозғалысының қарқынды серпіні сейілтті. Серпіннен сенім туды, содан халықты ояту, еркіндікке үндеу идеялары жарыққа шыға бастады. Сондықтан да қозғалыстың өрістеуіне ақын-жазушылардың қаламгерлік те, қайраткерлік те үлесі айрықша болды. Біздің ойымызша, Алаш қозғалысы дәуірі – ұлттық жазба әдебиетінің тарихындағы ерекше жылдар. Қазақтың жазба әдебиетінің өмірге келуінің ­бас­тапқы кезеңі Абай заманымен байла­нысты болғанымен, оның буыны бекіп, бұғанасы қатуы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарына келеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жазба әдебиетке Ыбырай Алтынсарин, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Нарманбет Орманбетұлы, т. б. кейбір жекеленген әдебиет өкілдерінің шығармашылығы мысал бола алса, келесі ғасырдың басында жазба әдебиет өкілдерінің саны еселеп артты. Жазба әдебиеттің жарық көретін қалыптары – баспасөз, кітап басу ісінің дамуы жазба әдебиетті өркендете түсті. Ендігі жерде әдебиет оқыр­манға арнала бастады. «Айқап» журналы, «Қазақ», т. б. газеттер көркем ойды мыңдаған оқырманға жеткізушіге айналды. Үшіншіден, көркем проза, драма, әдеби сын үлгілері туып қалыптасты. Әдеби сынның қалыптасуы, оның шығармаға, әдеби мұраға, әдеби процеске баға беруі жазба әдебиеттің есейе бастағанының айғағы болды. Абай шығармаларының тұңғыш жинағының жарық көруі жазба әдебиеттің қалыптасуына игі ықпал етсе, Міржақыптың «Оян, қазағы!», Ахаңның «Масасы» әдебиеттегі ұлтшылдық, елшілдік ұрандарды күшейтті. Сөйтіп, бұл жаңашыл дәстүрді Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар, Бейімбет секілді жас дарындар соны көркемдік сапада, тың қырынан жал­ғастырып әкетті. Соның нәтижесінде Алаштың қалам қайраткерлері қазақтың тұңғыш романдары мен драмалық шығармаларын, алғашқы әдеби-сын мақалаларын дүниеге келтірді. Қазақтың сөз өнерін жанрлық жағынан да, идея­лық-көркемдік жағынан да байытып, жазба әдебиетін қалыптастырды. Шамасы он-он бес жылдың ішінде Алаш қаламгерлерінің ерен қабілеті, ұлтына деген ерекше махабба­ты, туған жұртының бүгінгісіне көңілі толмаған күдігі мен азат болашағына сенген үміті кейінгілерге үлгі боларлық әдеби туындыларды өмірге әкелді. Алаш ұранды әдебиет­тің беті мен екпіні, бағыты мен мазмұны Ахаң бастаған қазақ ақын-жазушыларының ұсталып кеткен кезеңіне дейін, яғни 1920 жылдардың соңына дейін жалғасты. Сол екпін, сол бет, сол бағыт қашан да ұлтына перзенттік сүйіспеншілігі мен адалдығын сақтаған қаламгерлердің шығармашылығында баяу болса да қан тамырындай бүлк-бүлк соғып жатты. Алаштық саралы жолдан ауытқыған советтік әдебиет әсіре қызылдың тез оңатынын сезбестен, адамға емес, саясатқа қолбалалық, құлдық сапарын айғай-шумен, беттен алумен бастап, бір кісінің ғұмырындай ғана өмір кешті. Әуелден таза, әуелден көркем, әуелден адамға, ұлтқа деген жанашырлық пен ізгілікке, шуақ пен мейірімге толы «Алаш әдебиеті» аталатын алып бәйтерек қайта жаңғырып, ізгілік тұқымдарын шаша бастады. Ендігі жерде қазақ баласы жасағанынша жасайтын оның байтақ та баянды мәңгілік өнегелі сапары басталды.

Қазақ Ренессансы жазба әдебиетін қалыптастыра отырып, жазу мәдениетін де, көркем тіл мәдениетін де өсірді. Олардың өсуі мен өрлеуі бас­тапқыда жазба әдебиеттен байқалатыны белгілі. Абай заманында өмірге келіп, өркен жая бастаған жазба әдебиеттің нағыз бағбаншылары Алаш ұранды әдебиет өкілдері болды дегенде, ең алдымен, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ғ.Қараш, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, ­М.Әуезов есімдерін атай отырып, Алаш қозғалысының осы белді, белсенді мүшелері қазақтың жазба әдебиетін тақырыптық-­идеялық, жанрлық, көркемдік тұрғыдан байытқанын әдебиет тарихы жүзінде байыптауымыз қажет. Яғни негізінен, ауызша айтылып, тыңдалып жүрген көркем сөз үлгілері хатқа түсіп, жазу түрінде газет, кітап беттеріне көше бастады. Бұл әдебиеттің өмір сүру, таралу типін ғана өзгертіп қоймай, ең бастысы, жазудың мәде­ниетін арттырды. Көркем ойды жеткізудің тілдегі стилистикалық мүмкіндіктерін еселеді. Соған орай жаңа көркем түрлер пайда болды, тың сөз тіркестері мен сөйлемдер жасалды. Туған тілінің осы мүмкіншіліктерін тумысынан талантты, ұлтына ұлы махабба­ты табиғи Алаш ұландары ұтымды пайдалана алды. Сөйтіп, қандай да бір қасаңдықтан ада, адами құндылықтарды ту еткен, халқының халіне, ұлтының ұйысуына зерек ой, адал ниетпен көмкерілген көркем туындылар дүниеге келді. Бұл «Алаш әде­биеті» деп аталатын жаңа әдеби дәуірдің бастапқы кезеңдерінде ұраншылдық, насихатшылдық басым болғанымен, шамамен жас дарындар Ж.Аймауытов, М.Жұма­баев, М.Әуезовтің шығармалары жазыла, жарық көре бастаған тұстан бері қарай көркемдігі кемел дүниелер бой көрсете бастады. Осы эволюциялық жол – Алаш әдебиетінің тез өсіп, жедел ілгерілегенін көрсетеді. Оның мысалы – «Оян, қазақ!», «Маса», «Бала тұлпар» мен «Батыр Баян», «Қорғансыздың күні», «Ақбілек» аралығы.

Алаш қозғалысы қазақ Ренессансын тудырса, осы Жаңғыру дәуіріндегі көркем әдебиет ұлттың жазба ­әдебиетін қалыптастырды. Ол ұлт санасының өсуіне, халқын азаттық пен ізгілікке үндер ұрпақтың өсіп-толысуына бастады. Алаш ұранды әдебиеттің бәйтерегі ұлтжанды сөз өнерінің дақылын сеуіп үлгерді. Кеңестік саясат Алаш қаламгерлерін қудалап, есімдері мен шығармаларын халық көзінен қаншалықты аластағанымен, ол бәйтерек өз жемісін берді. Қазақ тәуелсіз ел, терезесі тең жұрт болып болашаққа тартып бара жатқан шақта Алаш қайраткерлері, қаламгерлері тұрғызған Ренессанс мұнарасы бүгінгі ұрпаққа да, келесі ұрпаққа да баянды бағдар бола бермек.

 Ербол ТІЛЕШОВ,

ҚР Ғылым және ­жоғары білім министрлігі

Тіл ­саясаты комитетінің төрағасы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button