Басты ақпарат

Қазақ жазуының ұлы реформаторы

Ахмет Байтұрсынұлы қоғам, ғылым және мәдениеттің өркендеуі жазу арқылы іске асатынын жақсы түсінді. Ғалым сауатсыздықты жою үшін әріп, оқулық мәселесі кезек күттірмейтін мәселе екенін біліп, 1910 жылдан бастап, араб жазуының қазақ тілі үшін қолайлы емес жақтарын түзеп, оны тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне сай етіп, сингармониялық ұлттық әліпби түзеді. 

[smartslider3 slider=3452]

Тарихымыз түгенделіп, тіліміз жаңғырып жатқан қазіргі таңдағы ұлттық құндылықтарымызды жаңа уақыт тұрғысынан бағалау талабы ұлттық тіл білімінің қалыптасу және даму тарихына, сол тарихты жасаған ұлы тұлғалар еңбектеріне жаңаша қарауды алға тартады. Осы ретте ұлттық ғылымның негізін қалаушылардың бірі, ұлт руханияты мен мәдение­тінің жанашырының, Алаш партиясының көсемі, халқының азаттығы, елінің тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттілігі жолында жан аямаған күрескердің, жаңа заман жаршысы, ұлы реформатордың, «Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналған ұлттың үнін «Қазақ» газетін ұйымдас­тырушының, жұртының жан айқайын жеткізе жазған пәрменді публицистің, «Дарынды сөзімен» (А.Байтұрсынұлы) дабыл қаққан, өлең өрімі мен өресін ұққан ұлы ақынның, бала тәрбиесінен бастап, ұлттық санаға дейінгі педагогикалық мәселелерді түгел зерделеген ұлт ұстазының, гуманист ағартушының, ұлттың дыбыстық жүйесін дұрыстап, әліпбиін жаңғыртқан, жазуын жүйелеп, жөнге салған ұлы тілшінің, қазақ әдеби теориясының тәмсілін түзген, көркемдік кестесінің қисындарын көрсеткен әдебиеттанушының, оқу мен оқытудың озық үлгілерін, оңай тәсілдерін үйретуші шебер әдіскердің, өзге жұрт жауһарларын өз тілінде сөйлеткен, өзгенің игілігі өз еліне пайдасын тигізерді ойлаған тапқыр тәржімешінің, ұлттық ұғымға сыйымды, тіліне жатық, ойына жақын атаулар қорын түзген терминтанушының концептуалды тұжырымдарын жан-жақты саралау, зерттеу – бүгінгі күннің негізгі міндеттерінің бірі.  

Қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесін арнайы зерттеп, әліпби құрастырған қазақтың алғашқы фонологы – Ахмет Байтұрсынұлы. А.Байтұрсынұлы – өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдерден синтаксистік ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тілі ғылымын дамытқан ірі ғұлама. 

А.Байтұрсынұлы қоғамдық сауаттануға кедергі болып жүрген араб әліпбиін түбегейлі реформалау жөнінде пікір айтып, қоғамдық ойға қозғау салып,  жазуды  халық тілі негізінде реформалап, ХХ ғасырдың басында төте жазуды дүниеге келтіреді. Ескі жазба тіл жаппай сауаттандыруды, ағартуды жедел атқаруға жарамды болмады, жазудың бұл түрін игеруге бірнеше жылдар (кем дегенде үш-төрт жыл) қажет болды. Ал А.Байтұрсынұлының төте жазуы қалың жұртшылық қысқа мерзімде (үш-төрт айда) игеріп алатындай тиімділік деңгейі жоғары болды. Байтұрсынұлы әліпбиінде қазақ тіліне тән, төл дыбыстарға ғана орын беріліп, кірме дыбыстар алынбайды. Ғалым гетерогенді сипат алған емлені, әліпбиді жалпыхалықтық, ұлттық негізде қарастырады. Сондықтан А.Байтұрсынұлының бұл жазу жүйесін ұлттық қазақ жазуы деп атаймыз. 

А.Байтұрсынұлы араб әліпбиіндегі бірнеше мазмұнда қолданылатын таңбалардың бір ғана тұрпатын алады. Мысалы, араб әліпбиінде  ﺲ /с/ әрпінің үш түрі бар. Олардың айтылуы, жазылуы, қолданылуы әртүрлі болып келеді. Олар ص (сад) – эмфатикалық дыбыс, жуан айтылады,  ﺙ – тіс аралық дыбыс және син (س) әрпі. Осылардың ішінен ғалым қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне сәйкес келетін син (س) таңбасын, осы тәріздес мазмұндық және тұрпат межесі үш түрде болып келетін т әрпінің та (ت), дәл (د), жуан та ( ) ط үлгілерінен араб тіліндегі та (ت) формасын алады. Осылайша араб графикасындағы басы артық таңбаларды сығымдай, жүйелей отырып, қазақша дыбыстары жоқ таңбаларды әліпбиден шығарады, арабша таңбасы жоқ қазақ дыбысына таңба қосады. Сондай-ақ қазақ тілінің жуанды-жіңішкелі үндестік заңына сай жазу үшін дәйекше белгісін ұтымды пайдаланады. Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы полиграфиялық жағынан қолайлы-қолайсыз жерлерін, оқыту процесіндегі тиімді-тиімсіз жақтарын таразылай отырып, 24 әріптен тұратын әліпби құрастырады. 

Бұл әліпбиде ерекше көзге түсіп, қызығушылық тудыртатын бір таңба бар. Ол – дәйекше (жіңішкелік белгісі). Дәйекше – тек буындардың жіңішкелігін білдіретін белгі ғана, десек те, А.Байтұрсынұлы оны әріптер санағына кіргізген. Оның себебі, қазақтың сөздері бірыңғай жуан буынды, не бірыңғай жіңішке буынды болып келетіндігін ескерсек, онда дәйекшенің ең алдымен осы тәртіпті қатаң қадағалайтындығын байқаймыз. Яғни, дәйекше – үндестік заңының орындалуының қатал бақылаушысы. Ешбір кірме сөз оны айналып өте алмайды. 

А.Байтұрсынұлының әліпби жүйесі 1924 жылы маусымның 12-18 күндері аралығында Қазақ АССР-інің сол кездегі астанасы Орынбор қаласында тұңғыш құрылтайда талқыланады. Съезге А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханұлы, Е.Омарұлы, М.Дулатұлы, ­Х.Досмұхамедұлы, Н.Төреқұлұлы, Т.Шонанұлы сынды қазақ зиялылары, сондай-ақ Мәскеуден, Қазақстан оқу комиссариатынан, Қостанай, Семей, Орал, Бөкей оқу губерниясынан, Қырғызстаннан, Башқұртстаннан делегаттар қатысады. Съезде жазу ережелерін нақтылау, әліпби мәселесі, қазақша пән сөздерін жүйелеу, әдеби тілді қалыптастыру, бастауыш мектептің бағдарламаларын даярлау, қазақ тілінде оқулықтардың санын көбейту, у және и дыбыстарының дауысты немесе дауыссыз екенін анықтау, х, ш, ф, һ әріптерін қазақ әліпбиінен шығару, қысаңдардың жазылуы және т.б мәселелер қарастырылды.

Осы жиында өзі «Қазақ жазуы» «тәртіпті жазуы», өзгелер «Байтұрсынов жазуы», «Ұлттық жазу», «төте жазу» деп аталған әліпби үлгісі, емлесі ресми түрде бекітіледі.

Латын жазуына көшуге, әсіресе, Қазақстанда қарсылық қатты болады. Бір топ ғалымдар қазақ тілі үшін Байтұрсынов әліпбиінің жарамдылығын жақтап сөйлесе, екіншілері кереғар пікір айтып, қарсылықтарын сездірді. Байтұрсынұлының әліпбиін жақтаушыларға «байшыл», «буржуазияшыл, ұлтшыл», «алашордашыл», «діншіл» деген айыптау көп болды. Баспасөз беттерінде халықтың көзқарасын адастыру мақсатында бірнеше мақалалар жарыққа шығады. Осыған байланысты Ғ.Тоғжанұлы былай дейді: «Қазір жаңа әліпке көшпеу – байға, молдаға, арабшыл-ұлтшылдарға, отаршылдарға болысы болды. Өйткені солардың бәрі де бірауызды болып жаңа әліпке қарсы». Бірақ А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялылары мұның түпкі астарының қандай саяси-идеологиялық мақсат көзделгенін жақсы білетін. Олар латын графикасына негізделген жазуды алу, уақытша көзбояушылық шара екендігін, жазуды түптің түбінде орыстандырудың кілті болған орыс әліпбиіне түсіретінін түсінді.

Әліпби реформасы туралы мәселе алғаш 1924 жылдың 12-18 маусым аралығында Орынборда өткен қазақ білімпаздарының бірінші съезінде көтеріледі. Бұл съезде әліпби жөніндегі  баяндаманы А.Байтұрсынұлы жасап, өзі құрастырған қазақ әліпбиінің тиімділігін жан-жақты дәлелдеген: «Тексеріп қарасақ, латын әліпбиінің түрік әліпбиінен кемдігі болмаса, артығы көрінбейді. Жаманнан жақсыға, залалдан пайдаға бой ұру – жөні бар дұрыс іс, оны әркім-ақ қостауы тиіс, жақсыдан жаманға, пайдадан зиянға бой ұрғанда, оны дұрыс деп қостауға болмайды» дейді. 

Ал А.Байтұрсынұлынан кейін латын әрпін қолдап, баяндама жасаған Н.Төреқұлұлы латынға көшу керектігін айтып, оның артықшылықтарын алға тартады. Н.Төреқұлұлы латын әрпі баспахана ісіне де, жазу мәшинесіне де қолайлы деп көрсетеді.  

А.Байтұрсынұлы латын әліпбиін ұстанушыларға өзінің баяндамасында былай дейді: «Араб әрпін латын әрпіне алмастыру мәселесі қозғалғаннан бері, көп адам екеуін салыстырып, терең қарап, артық-кемін тексеру, зерттеуге түсті. Екі әріп те жеткілікті дәрежеде терең тексеріп, терең зерттелді. Сол терең тексеру арқасында екі әріптің де бұрын назар салынбай, еске алынбай жүрген көп сындары, сипаттары көзге түсті. Менің мұнан былайғы сөздерім жалған өз пікірім иа тапқандарым емес, көптің көздеп, үңіліп зерттегенінен табылған нәрселер. Екі әріпті теңестіріп, артық-кемін тексеріп өлшеуге салғанда, таразыңның табан тірейтін нәрселері мыналар болуға тиіс:                                                      

1) тіл дыбысына жеткілікті – жеткіліксіздігі қанша?  

2) қайсысымен басылған иа жазылған сөз оңай оқылады?

3) қайсысымен жазу жеңіл, жазылғанын тану жеңіл? 

4) қайсысы баспаға қолайлы (баспаға сыйымды болуы, жұмыстың өнімді болуы ол да сонда). 

5) үйренуге қайсысы оңтайлы?

6) көркемдік пен көзге жайлылық жағынан қайсысы артық?».

Осы сұрақтарға А.Байтұрсынұлы баяндамасында латын әліпбиіне қарағанда араб әліпбиінің оқуға, баспаға, сауат ашуға ең жеңіл әліпби екенін былайша дәлелдейді:                                                                                                                                         

 1) араб әрпі латын әрпінен жазуға, оқуға оңай. Онысын сауатты адамдардың күндегі ісінің жүзінде көп пайдалы болып шығады.

2) сауат ашу жүзінде араб әрпінің қолайлығы латын әрпінен артық.

3) баспа ісі жағынан араб әрпінің ескісі латын әрпінен төмен, жаңасы артық.

4) машиналарға орнатуға араб әрпінің жаңасы латындікінен анағұрлым артық, ескісі де орнатуға келетінін іс көрсетіп отыр.

5) араб әліпбиінің әрпі қазақ тілінің дыбыстарына толық жеткілікті, қандай емле жасауына да келеді. Қазақ емлесі – нағыз оңай, бұқараға қолайлы емле.

Төте жазудың тиімділігін, қазақ тілі ережесіне сай келетіндігін, емлесінің басқа жұрт емлесінен артықшылығын, тіліміздің дыбыстарын дәл беретінін ашып көрсете алғандардың қатарында – Е.Омарұлы болды. Ғалым «…Жаңалық деген барды жоғалтып, орынсыз өзгеріс беруде емес, барды өмірге, тұрмысқа үйлестіріп, қолайсызы болса қолайлы етіп өзгертумен қолдануда. Бұлай болса, әрпі жоқ басқа елдер алды екен деп, әрпіміз жақсы, таңбамыз дұрыс біздің латынға көшуіміз – орыс әйелдерінің бетін бояғандарына қызыққандық сияқты еліктеу мен еріккендік. Бос шығын, орынсыз жаңалық» дейді.

1926 жылы 10 желтоқсанда ГорКИНО-да қазақ әліпбиін латындастыру пікірсайысы болып өтеді. Мәжілісте О.Жандосов, А.Байділдин, А.Байтұрсынов т.б. қазақ зиялылары баяндама жасайды. О.Жандосов латын әліпбиінің тарихына шолу жасай отырып, аталмыш әліпбидің ұтымды жақтарын, ал араб әліпбиінің қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық бере алмайтындығын айтады. Ғалым араб әліпбиінің физика, алгебра, геометрия, химия, медицина, фармацевтика, музыка салаларында кездесетін кемшілігін санамалап көрсетеді.

Отырыста сөз алған А.Байтұрсынұлы латын әліпбиінен де ыңғайлы, қолайлы әліпби бар екенін айта келіп, латын әліпбиі мен араб әліпбиін ғылыми түрде салыстырып, араб әліпбиі сауат ашуға, техникаға, тез оқуға, жазуға өте ыңғайлы екенін өз дәлелдерімен нақтылап береді. 

1926 жылы 26 ақпаннан 6 наурызға дейін Баку қаласында Бүкілодақтық Бірінші Түркологиялық съезде түркі халықтарының жазуы, орфографияның негізгі принциптері, сонымен қатар түркі халықтарының этнография­сы, тарихы, терминологиясы туралы көптеген мәселелер қозғалады. Солардың ішінде ең үлкен де, талас-тартысы көбірек болған мәселе түркі халықтарының барлығының тегіс латын әліпбиіне көшуі жөнінде. Съезге қатысушылар екіге бөлініп, бірі – бұрыннан пайдаланып келген әрі нақтылы ұлт тіліне лайықталып, реформаланған, ресми қабылданған араб графикасын латыншаға ауыстырудың саяси-идеология­лық, экономикалық, методикалық артықшылығы бар және сан ғасырлық жазба дәстүрден қол үзу қаупін тудырады дегенді айтса, екінші тобы – араб жазуы түркі тілдерінің фонетикалық жүйесіне сай келмейді, латын әліпбиі түркі тілдерін еуропа мәдениетіне жақындастыра түседі дегендей дәлелдер айтылады.  Латын әліпби жүйесіне қарсы шығып баяндама жасағандарға «ұлтшыл», «діншіл» деген тәрізді айыптаулар тағылып, бірнеше психологиялық сөздермен шабуыл жасалады. 

Айта кетер жайт, түрік-татар халықтарын латын әліпбиіне көшіру ісінде ерекше қарсылық танытқан – Татарстан Республикасы болды. Араб әрпімен сауаттылар қатарының көптігін, арабша басылған еңбектердің молдығын алға тартқан Алимджан Шарафов әліпби ауыстыру ісінде біразға дейін қарсылық көрсетіп, уәжі бар пікірлер айтады. Ол Әзербайжанның тәжірибесі көз жетерліктей емес, түркі халықтарының арасында таратуға келмейді, ал барлық жігерді араб әліпбиін реформалауға жұмсау керектігін айтады. Отырыста араб графикасына негізделген әліпбиді реформалау керек деген пікірді татарлардың барша делегациясы қолдаса, қазақ делегациясының бір бөлігі ғана бұл пікірге қосылады.

Латын графикасына негізделген әліпбиді жақтаушы Н.Төреқұлов араб графикасына негізделген қазақ әліпбиін латын графикасы негізіндегі әліпбиге ауыстырудың бірнеше себептерін және кемшіліктерін былайша көрсетеді: 

1. Бала оқылуға байланысты қиындық тудыратыны, әріптердің үш немесе төрт түрлі жазылуы;                                                                                                                                            

2. Нүктелердің, иректердің көптігі;

3. Медицина терминдеріне келгенде қиындық тудыратыны;

4. Санды жазғанда ыңғайсыздығы;

5. Нақты немесе жаратылыстану (математика, геометрия т.б.) ғылымдар терминдерінің жазылуы;

6. Музыка ноталарды жазғанда;

7. Баспа ісіне байланысты қиындықтары;

8. Жазу машиналары мәселесі деп бөліп, олардың әрқайсысына тоқталып, латын жазуының қазақ әліпбиін алу керектігін айтады.

Латыншылардың белсенді мүшесі Байділдаұлы Әбдірахман латын әрпін алуды жақтаған баяндамасында, араб графикасы қазақ тілінің дыбыстарын толық бере алмайтынын, араб графикасына негізделген әліпбидегі әріптердің бірнеше нұсқалығын, олардың бір түстілігін, ноқаттардың көптігін сөз етеді. Сонымен бірге Ә.Байділдаұлы латын әліпбиі тарихына тоқталып, латын әліпбиі «интернационалдық» деп баға береді.

Сонымен, бұл съезде жаңа әліпбиді қолдаушылар саны басым болып, дауыс беру нәтижесінде 101 дауыс латын графикасына, 7 дауыс араб графикасына, 9 дауыс қалыс қала отырып, латын жазуы қабылданады. Съезде бірнеше қаулы қабылданады, оның бірі әліпбидің түзілу принциптері жөнінде болды. Онда: 

– жаңа әліпбидің үндестік заңына бағындырылуы;

 – бір дыбысқа бір әріп алу; 

– үтір, ноқат тәрізді белгілерді шектеу; 

– түрік елдерінде бірдей айтылатын дыбыстардың таңбаларын бірлестіру;

– бас әріп таңбасын алмау; 

– орыс графикасының әріптерін алмау;

– кірме сөздерді үндесім заңына бағындыру; 

– бірдей дыбыстарға әріп алмау; 

– қосар әріп алмау; 

– жіңішке дауыстыға таңба алмау тәрізді міндеттер көрсетіледі. 

А.Байтұрсыновтың реформалауынан кейін араб жазуын бүкіл түркі жұрты ұлттық жазу жүйесі деп таныса да, күштеу саясаты өз дегеніне жетіп тынады. Латын жазуына қарсыларға саяси айып тағылып, тіпті заң қорғау орындары да араласа бастайды. Жаңа әліпби қабылданғаннан соң, араб әліпбиін қолданатындарға шектеу қатты болып, өкіметтің уәкілдері тарапынан бақылауда болады. 

Қорыта келгенде, А.Байтұрсынұлының және тағы басқа алаш зиялыларының қазақ әліпбиін қалыптастырудағы еңбектері мен пікірлерін салыстыра келгенде, барлығының ортақ мүддесі, біріншіден, қазақтың дыбыстық жүйесін сол қалпында қазақи күйінде таңбалап бере алатын әліпбиді енгізу болса, екіншіден, сол әліпби қоғам дамуына сай одан әрі жетілдірілуге ілесіп, дами алу деңгейінде ескерілетін заңдылықтарды енгізу және қазақтың ұлттық жазуын, әліпбиін тұрақтандыруға, қазақ тілдік қорды сол қалпында сақтап қалатын негізгі графиканы енгізуге бағытталды.

Нәзира ӘМІРЖАНОВА, филология ғылымдарының кандидаты,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button