Мәдениет

Қазақ жолы – Ханафи жолы

Былтыр Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры елордада гастрольдік сапармен болғанда, өнер ұжымының репертуарындағы қойылымдардың бірі – жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» драмасын тамашалаған едік. Драмада бүтін бір отбасының мысалында Ислам дінін жамылған жат ағымдардың қоғамға тигізетін теріс ықпалы туралы баяндалады. Шығарма авторының көрерменге негізгі айтар идеясы да – қазақ халқы ежелден ұстанып келе жатқан, ұлтымыздың дәстүр-салтымен қабысатын Ханафи жолынан айнымау, өзге жолдардың адасушылыққа жетелейтінін, оның арты үлкен қасіретке апаратынын ұғындыру.         

ERM_0310

Драмада көтерілген мә­се­­ле бүгінгі күннің ең өзекті та­қырыптардың біріне айналып отыр. Күні кеше Ақ­төбеде болған оқиға дінге, жалпы алғанда, діни тәрбиеге селқос қарауға болмай­тынына тағы анық көз жеткізді.
Осыдан жарты жылдай бұрын Қ.Қуанышбаев атын­дағы Мемлекеттік акаде­миялық қазақ музы­калық драма театры Ж.Ерға­лиев­тің жоғарыда аталған туындысының негізінде «Есігімді қаққан кім?» психологиялық драмасына дайындықты бастады. Драманың қоюшы ре­жиссері, ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері Нұрлан Жұ­ма­ниязовтың айтуын­ша, қойылымға әзірлік был­тырғы қараша айының со­ңында, желтоқсанның бас кездерінде бастау алды. Яғни, қаллекиліктер осынау нәзік тақырыпты көтергенде асығыстыққа бармай, әбден пісіріп, жетілдіріп барып көрерменге ұсынды.
Өткен жұма күні «Есі­гімді қаққан кім?» психо­ло­гиялық драмасының Астана төрін­дегі премьерасы болды. Біз аталмыш туындының негізінде жатқан, Ш.Құса­йынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры актерлерінің сомдауындағы «Жан шы­рылы» мен кейінгі қойы­лым­­ның арасындағы ерек­ше­ліктерді бағамдап көр­дік. «Бұл драманы қой­ғанда Нұрлан Жұ­мания­зовтың қолтаңбасы несімен ерек­ше­ленді?» деп, режис­сер­дің өзінен сұраға­ны­мызда ол «Жан шырылын» көр­мегендігін айтып, ре­жис­серлік шешімдерін аша қоймады.
Біздіңше, бірінші ерек­шелік қойылымға тартылған актерлердің құрамында болып отыр. Ақмола театры­ның бір ғана туындысын көргендігімізден, сол ұжым­дағы әртістердің есімдері бізге бейтаныс әрі олардың актерлік шеберліктеріне де қаныға қоймадық. Ал, Қаллеки театрының қойы­лымдарын күнде тама­ша­ламасақ та, әрбір премьерасын барып көруге тырысамыз және актерлерінің қарымынан да хабардармыз.
Мәселен, «Есігімді қақ­қан кім?» драмасында бас­ты рөлдерді кәнігі әртіс дәрежесіне жеткен, аттары да, ҚР еңбек сіңірген қайраткері деген атақтары да бар Күлия Қожахметова, Жанқалдыбек Төленбаев, Алтынай Нөгербек сынды актерлер сомдайды. Қосалқы рөлдеріне Олжас Жақыпбек, Бауыржан Сұрапбаев және басқа болашақтары бар жас әртістер таңдалған. Қаллекиліктердің қойы­лым­дарында балдырған актерлер де ауық-ауық көрініп қалады. Біз сөз етіп отырған драмада бір отбасының еркелері боп отырған, ата мен әженің қуанышы Қанағат Манас, Қайсар мен Бекнұр Ыбырайлар сынды балғындардың өнері көрермендерді тәнті қылмай қоймады. Қаллекиліктер ақмолалықтардан осы актерлік құраммен ұтқан сияқты. Әрине, драманың бас қалада қойылуы да басты фактор саналады.
Екіншіден, Жабал Ерғалиев осыдан бірнеше жыл бұрын жазылған шы­ғармасының үстінен қайта қарап, композициясын да, кейіпкерлердің сөйлер сөздерін де ширатқан. Сю­жеттік желісіне де өзгеріс енгізген. Мәселен, Ақмола театрының нұсқасында терроршылардың жансызы Жұманның арбауына түсіп, жұбайы Асқар мен қызы Жанармен лаңкестердің лагерінен табылып, никаб киген Гүлнұр күйеуі мен бауыр еті – баласынан көз жазып қалған соң ақыл-есінен айырылады. Ал, қаллекиліктер ең соңында Гүлнұрдың (актриса А.Нөгербек) басына орамал таққызып, оны хақ жолына оралтады. Автор сонысымен дәстүр-салттан ажырамай, қазақтың ұстанар нағыз жолы осы деп, көрерменнің санасына шегелеуді мұрат тұтқан сияқты.
Жұманның рөлін сомдаған Қаллеки театрының актері Бауыржан Сұрапбаевтың ойыны да көңілімізден шықты. Оның сөйлеген сөзінен, жасаған қимыл-әрекетінен рөл ішіне әбден кіріп кеткенін байқадық. Жанардың рөліндегі балғын актриса Қанағат Манастың өнерін тамашалап отырып, «Көксерек» көркем фильмінде Құрмашты ой­наған Қамбар Уәлиев есі­мізге түсті. Актердің өзі бір сұхбатында осы рөлі­нен кейін күле алмай қал­ғанын айтқан еді. Біз пси­хологиялық тұрғыдан ауыр рөл еншісіне тиген Қанағат соның кебін құшпаса екен деп ойладық.
Сөзімізді түйіндей келгенде, Жабал Ерғалиев бүгінгі ең өтімді тақырыптардың бірін тапқан. Өзінің сө­зінше, көтерер мәселеге үстірт қарамай, Қазақстан мұсылмандары Діни бас­қармасының мамандарымен ақылдасып барып, шығармасын жазуға кіріс­кен. Осыдан өзінің де діни білімін, шығармасын тама­шалаған көрерменнің де діни сауатының артуына мүмкіндік жасаған. Ал, қал­лекиліктер драматург пен көрермен арасында алтын көпір болды.
P.S. Бала кезімізде Самуил Маршактың «Есігімді қаққан кім?» деп басталатын «Пошта» атты өлеңін жаттаушы едік. Өлеңде пошта тасушы туралы баяндалатын. Хат-хабар күткен халық оның келуін асыға күтетін. Ал бүгіндері есік қағылған сайын үрейленетін болдық. Оның себебі қазіргі қо­ғамда төрімізге баса- көктеп кіріп келе жатқан небір жағымсыз кө­ріністерден болып отыр. Қаллекиліктер қойған қойылым содан сақтануға шақырады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button