Мәдениет

Қазақи әлеммен қауышты

«Қазақстан америкалықтар көзiмен: даламен сырласу» деректi фильмi АҚШ-тың Тампа (Флорида) қаласында өткен «Гаспиралла» халықаралық кинофестивалiнде үздiк деп танылды.

Бүгiнге дейiн Наполеон, Одиссей сынды тарихи образдарды сомдап, әлемге танылған Арманд Ассанте 2010 жылғы қазанда дүниежүзiлiк рухани келiсiм күнiне орай елордамызға келген. Қазақ елi мен жерiне сүйсiнген актер осы ел туралы тың дүние жасауды ұйғарған едi. «Рухани келiсiм конгресi» халықаралық қорының президентi, Сенат депутаты Төлеген Мұхамеджанов бұл идеяны жүзеге асыруға талпыныс танытқан. Сөйтiп, елiмiздегi әртүрлi дәрежедегi лауазымды қызметкерлер мен жекелеген топтардың қолдауымен жиналған 150 мың долларға фильм дайындалды.
Елiмiзде түсiрiлiп, Америкада монтаждалған деректi фильмнiң ұзақтығы – 27 минөт. Алайда, осы аз уақыттық бейнематериалға Арманд Ассанте көп мағлұмат сыйдырады. Мұнда елiмiздiң Тәуелсiздiк алғаннан кейiн ядролық қарудан бас тартып, әлемдi бейбiтшiлiкке шақырғаны, әйгiлi «АЛЖИР» лагерiнде жатқандарға тас атқандай болып, құрт лақтырып, жанашырлық танытқаны, қызыл империяның тұтқындарын да аштықтан құтқармақ болғаны сүйсiне баяндалады. Қазақтың 40 пайызын жойған 1932 жылдардағы аштықта сезiмталдықпен көрiнiс табады.
«Қазақстанның соңғы 300 жылда, әсiресе, соңғы 80 жылда бастан өткергенi бұл елдiң әу бастан жер шарына, бүкiл адамзат қауымына ықпал ететiн бейбiтқұмарлығы мен кеңпейiлдiлiгiне байланысты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 20 жылда ғажап дүние жасады деуге болады. Құлдырау шегiндегi елдiң еңсесiн көтердi. Әлем мойындап, көптеген елдер санасатындай деңгейге жеткiздi», – деп мәлiмдептi кино авторы Арманд Ассанте АҚШ-тағы «CineBistrо» театрында фильмнiң таныстырылымы өт-кеннен кейiн.
P.S.
Соңғы мәлiмет бойынша «Өркениеттер альянсы» халықаралық қоры жүлделi фильмдi дүниежүзiндегi 80 телеарнаға таратып үлгерген. «Рухани келiсiм конгресi» халықаралық қорының президентi Төлеген Мұхамеджановтың айтуынша, бұл тiзiм тағы 120 телеарнамен толықпақ.
Бұл – Қазақстанды әлем халықтары терең тани бастады деген сөз.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button